"Мемлекет басшысы ретінде кешірім сұраймын": Тоқаев орман өртінен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 820
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы орман өрті кезінде қаза тапқандардың отбасына, туыстары мен жақындарына көңіл айтты. 

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

"Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз", - деді Тоқаев.

Президент болған жағдай үшін жиналғандардың алдында кешірім сұрады.

“Мен сіздер үшін жауаптымын. Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Түсінемін, өте қиын. Асыраушыларыңыздан, әкелеріңізден, ең жақын туыстарыңыздан айырылдыңыздар. Бірақ, өкінішке орай, бұл өмірде мұндай жағдайлар болады. Болған оқиғаны ақтау мүмкін емес. Тағы да қайталап айтамын, сіздерге моральдық және материалдық көмек көрсетіледі", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлілер жауапқа тартылатынын атап өтті.

"Әрине, өкінішке қарай, өлгендерді қайтару мүмкін емес, бірақ өмір жалғасуда. Бірақ мен бір нәрсені нақты айтқым келеді: бұл қайғылы оқиғаға кінәлілер заң алдында жауап береді", – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін елімізде “Жалпыұлттық аза тұту күні” жарияланғанын хабарланды.