Қажетті қаржы қарастырылады

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1146
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімдігінде биылғы жылдың жетістігі мен табыс-түсімін таныстырған Текелі қаласының әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ пен Қарасай ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВ келер жылы атқарылуы тиіс жобаларға қажетті қаржының мөлшерін ұсынды. Айтылған жобалардың тиімділігі мен маңыздылығына орай облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сұраған қаражатты беретіндігін жеткізіп, жауапты мамандарға айтылған мәселелерді жазып алуды тапсырды.

Алғашқы болып мінберге көтерілген Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтың айтуынша, тау етегіндегі моноқаланың болашағы көңіл сүйсінтіп, көз қуантады. Өйткені биылғы көрсеткіштер өз деңгейінде.
Баяндамашының айтуынша, 38 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейтін моноқалада көптеген істер атқарылып, халықтың игілігіне қажетті бірқатар жобалар жүзеге асырылған. Биылғы 10 айдың ішінде өндірістік өнімнің мөлшері 11,5 миллиард теңгеге жетіп, индекс көлемі 104,4%-ды құраған. Өндіріс саласында 7,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, биыл мәрмәр тастан зат-        тар шығаратын «AR-TEK STONE» ЖШС іске қосылып, кондитерлік өнім өндіретін «ТКФ АЛАКАЙ» ЖШС-нің көлемі ұлғайтылған. Осындай инвестициялық жобалар тұрақты 17 жұмыс орнының ашылуына септігін тигізген. Одан бөлек, «Bapy Mining» ЖШС-нің «Темір рудасын қазу және өңдеу арқылы қолданбалы шойынды инновациялық технологиямен алу» жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жыл соңында 985 адамды жұмыспен қамтитын кен байыту фабрикасы ашылады. Сондай-ақ, Қора өзеніне салынған қуаты 28,5 МВт.-тық СЭС-тің құрылысы аяқталды. Он адамға тұрақты жұмыс орнын берген стансы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпірде іске қосылды. Моноқалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп, инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділікті көтеруге көмектесетін өндірістік «Достық» алаңы құрылып жатыр. Соның негізінде «Қаженов» шаруа қожалығы жылына 3 мың тонна алма сақтайтын қойма мен өнім өңдейтін зауыт салмақшы. Одан бөлек, қалада сыра ашытқысын шығаратын, құралмалы кірпіш жасайтын, декорациялық тас өндіретін цехтар, құрғақ құрылыс заттарын шығаратын цех жұмыс істейді.
Келер жылы жұмысы жанданатын өндірістердің қатарында «Текелі әк зауыты» ЖШС мен «Орта Азиялық Жиһаз компаниясы» ЖШС өз көлемін арттырса, Шажа өзенінде қуаты 25,8 МВт.-тық СЭС-2 салынуы тиіс. Биылғы 10 айдың ішінде моноқаладағы 60 шаруа қожалық 3,2 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, Текелі экономикасының өсуіне үлес қосты. Одан бөлек, Текелідегі құрылыс, жолдарды жөндеу, білім деңгейі, медициналық көмек және халықтың әлеуметтік ахуалын әңгімелеген Бақтияр Өнербаев моноқаладағы туризмге кеңінен тоқталды. Қаланың қазіргі жай-күйін жан-жақты түсіндірген баяндамашы жасалып жатқан жұмыстардың бәрі де текеліліктердің өмірін жақсартуға арналғанын айтты.
Келесі кезекте есеп берген Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев биылғы 10 айдың ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді таныстырып, келешекке жоспарланған жобалардың мазмұнын таныстырды. Атап айтқанда, биыл Қарасай ауданындағы өндірістік түсімнің мөлшері жыл соңында 198,0 миллиард теңгеге жетіп, индекс көлемі 103,1%-ды құраған.
Алып шаһар Алматының іргесінде болғандықтан Қарасай ауданының өндірістік өркендеуі ерекше. Әсіресе, «Молл Апорт», «Хоум Март», «Агро Лэнд» сынды халықтың қажеттілігін қамтамасыз ететін көптеген нысандар жаңадан салынып, кеңейтіліп жатыр. Жетісу жеріндегі басым бағыттардың бірі – ауылшаруашылық саласы бойынша да Қарасай ауданы кенжелеп қалмапты. Жеке шаруа қожалықтары біріктіріліп, кооперативтер құрылып жатыр. Мал бордақылау алаңдары тұрғызылып, ет және сүт өнімдерін шығаратын зауыттар салынуда.
Баяндамашы келтірген мәліметтерге қарағанда Қарасай ауданындағы құрылыс, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім, құқық қорғау және әлеумет, мәдениет сынды салаларда өркендеу басым. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі салаларында ауыз толтырып айтар жетістіктер баршылық.
Өз баяндамасының соңында Махаббат Бигелдиев өзекті мәселелерге тоқталып, келер жылы атқарылуы тиіс жұмыстарға қажетті қаржы сұрады. Онда да «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын нысандар және заңсыз қоқыс алаңдарын жауып, қажетсіз заттарды тікелей өңдейтін зауыты бар қоқыс алаңы құрылысына қосымша жер телімдерін сатып алу үшін қомақты қаржы керек. Сондай-ақ, халық санының жылдам өсуіне байланысты Қарасай ауданында жаңа мектептер, ауруханалар, Мәдениет үйлері салынуы керектігін ескерткен аудан әкімі өңірдегі көптеген мектеп материалдық-техникалық базамен, соңғы үлгідегі технологиямен қамтылмағанын, ескілері жаңартылмағанын баса айтты.
Екі әкімді тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов жауапты мамандарға көтерілген мәселелерді бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ.