Еркіндік жолындағы ерлік

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1637
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «желтоқсаншыларды» қабылдады. Сол 1986 жылы  Желтоқсан оқиғасына куә болған қыз-жігіттер бүгінде елуді еңсерген ел азаматтары. Шаштарын қырау шалған  «желтоқсаншылар»  батырлық пен елжандылықтың  үлгісі.

Көз тоқтатып қарасаң бойларынан жігер, жанарынан от көресің. Тәуелсіздікке жол салушыларға облыс әкімі Амандық Баталов  құрмет көрсетті.  
– Біз сіздерді ерекше құрметтейміз. Желтоқсан оқиғасы кезінде ел намысын қолдан бермейтіндеріңізді көрсеттіңіздер. Егемен еліміздің ерлік жолында, тарихында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Ол кезде бастан кешкен қиындықтарыңыз ұмытылмақ емес. Ерліктеріңіз елге мұра. Президентіміз: «Дүниеде Тәуелсіз қазақ елі бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» – деген болатын. Ендеше,  бүгінгіден де бақуатты күндерді жақындату үшін бірге еңбек етейік» – деді облыс әкімі.
«Желтоқсаншылар» да өз кезегінде сөз алды. «Жетісулық желтоқсаншылар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісхан:  – Біз облыстың экономикалық, әлеуметтік жағынан алға жылжып келе жатқанына қуанамыз. Бұл орайда, облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы, сіздің сіңірген еңбегіңіз зор. Сіз шығармашылық адамдарын да барынша қолдап келесіз. Басқа облыстағы әріптестеріміз, өнерпаздар  бізде атқарылып жатқан шараларға қарап қызығады. Қандай бақыттысыздар, өнерлеріңіз бағаланып  жатыр. Қалаларыңыз гүлденіп, жаңа үйлер салынуда деп қызығады. Сондықтан, ел үшін атқарып жатқан жұмыстарыңызға табыс тілейміз, – деді ол. Желтоқсаншылармен болған емен-жарқын әңгімеден соң Амандық  Ғаббасұлы: «Бүгінгі кездесуге келген баршаңызға зор алғыс білдіремін. Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаев: «Мына заман – жанталастың заманы. Өмір –күрес дейтін уақыт енді келді. Біз осы мемлекет үшін негізгі жауапкершілік жүгін өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз», – деген еді. Кешегі  желтоқсанда ел үшін кеудесін от-жалынға тосқан сіздер енді бүгінгі жастардың жалынды, жарқын, талапшыл болып өсуі үшін бастамашыл болуларыңыз керек. Сіздер жас ұрпаққа үлгі бола алады деп сенемін. Тәуелсіз еліміз гүлденіп, аспанымыз ашық болсын!  Әрдайым қуанышта кездесе берейік!» – деді.

Гүлжан ТҰРСЫН​.