Мемлекеттік МАРАПАТТАР тапсырылды

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1394
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекеттің дамуына үлес қосқан жетісулық 65 маман мемлекеттік наградалармен марапатталып, 9 азаматқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада наградаларды облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды.

Мерекеге орай облыс тұрғындарын құттықтаған өңір басшысы Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктерін саралады. Оның айтуынша, Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы Ұлы Далада асқақ рухты мемлекет құру арқылы ата-бабалардың аңсаған арманы орындалды. Осы орайда Көк байрағын желбіреткен Қазақ елі күллі әлемнің назарын өзіне аударып, айтулы шараларға ұйытқы болды. Атап айтқанда, алыс-жақын шетелдермен саяси-экономикалық байланысты нығайтқан Қазақстан Еуропадағы Ынтымақтастық пен бейбітшілік ұйымына төрағалық етіп, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізді. Одан бөлек, көптеген игілікті істерге қолдау көрсетіп, соғыс өрті тұтанған мемлекеттерге көмек қолын созды. Бір сөзбен айтқанда, еліміз Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір қызметін атқарып, әлемдік діндердің басын қоса білді. Осының бәрі Тәуелсіздік жолында тынбай еңбек еткен барша қазақстандықтардың береке-бірлігінің жемісі.
– Құрметті жерлестер! Қазақстанның гүлдене түсуіне Алматы облысының да қосқан үлесі мол. Жетісу өңірі – табиғи ресурстарға бай, географиялық орналасуы қолайлы, еңбекқор халқы бар, инвестициялық климаты оң аймақтардың бірі. Биыл облыс тұрғындарының саны 2 миллионнан асып отыр. Бұл – біз үшін өте үлкен қуаныш, – деген Амандық Ғаббасұлы өркенді істерді таныстырып өтті. – Өнеркәсіп пен аграрлық саладағы табыстарымыз да жетерлік. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бүгінгі күні 2 триллион теңгеден асты. Жалпы республикалық деңгейдегі үлесіміз 4,7 пайызға дейін өсті. Өнеркәсіп саласында 1800 кәсіпорын жұмыс істесе, оның 20-ның үлесі трансұлттық компанияға тиесілі. Олардың қатарында өнеркәсіптік өнімнің үштен бірін шығарып отырған «Кока-Кола», «Данон», «РДжиБрендс», «Эфес», «Джей Ти Ай», «Филип Моррис», «Кнауф», «Тикурилла» сынды компаниялар бар. Өңдеу секторының үлесі 85%-ға жетіп отыр. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. 17 пайыздық үлеспен ауылшаруашылығының жалпы өнімі бойынша біздің облыс елімізде алғашқы орында. Биыл агроөнеркәсіп кешеніне 36 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ауылшаруашылық дақылдарының аумағы 948 мың гектарға жетті. Оның 17 пайыздан астамы алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану арқылы өңделеді. Мұндай жұмыстың нәтижесінде астықтың өнімділігі орта есеппен 34 пайызға өсті.
Осылайша Жетісу жерінің жетістігі мен көрсеткіштерін таныстырған облыс әкімі көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, әрбір үйге, әрбір отбасыға бақ-береке, ырыс-құт тілейтінін жеткізді. Сондай-ақ, елімізге белгілі спортшы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Астана төрінде беріліп жатқанын жеткізген Амандық Ғаббасұлы өз ісінде үздік болған мамандардың кеудесіне «Парасат» орденін, «Құрмет» орденін, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Шапағат» медалін қадап, еңбектің көрігін қыздырған жандарға Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, ғарышкер Айдын Айымбетовті, облыстық кардиологиялық орталығының директоры Рахымберді Сұлтанбековті, облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденовті, еңбек ардагері Тұрсын Әбдірешовті, «KAINAR» АҚ президенті Қуаныш Әжмағамбетовті, «УКС» ЖШС директоры Аманжол Шормақовты, «Жетісу» телеарнасы директорының кеңесшісі Ахметбек Кендірбекұлын «Алматы облысының Құрметті азаматы» атануымен құттықтады.

Мәди АЛЖАНБАЙ.