Аға буыннан ақ тілек

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1529
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаратқанның асқан махаббатынан жаралған жұмырбасты пенденің арасында ең ұзақ тірлік жарығына кеудесін тосқан Лұқпан Хәкім де даналық ойларын толығымен мына ғаламға қалдырып үлгермеген деседі. Пай, дәурен-ай! Саф дүниенің сардарындай болған, Тәңірінің өзі төбеге көтерген төрт дананың бірі Лұқпанның қанша қазынасы өзімен кетті екен?! Ал, исі қазақтың маңдайы кереқарыс, кеудесі кенді даналары ше? Олардың да асыл армандарын қасиетті қаламға арқау ете алмай қалған сәті болды ма екен?!
...Иә! Ғасыр-ғұмыр кешкен басылым! Бұл қазақтың екі ғасыр тоғысындағы күйініші мен сүйінішіне, нәубеті мен нығметіне жаршы болған газет. «ЖЕТІСУ»! Бұл қасиетті қазақ жұртының мың Лұқпаны ойын өрнектеген, арыстары арманын айшықтаған, кіл классиктердің кеудесінде от болып жанған, шоқ болып маздаған маздақ дүниені арқалап тәуелсіз жұртқа жеткізген басылым-дүр!
Сонау 1918 жылдың маусымынан бастап дәл бүгінге дейін, аттай 100 жыл тыныс алып, айбарлы Алаш жұртының рухани айдынына айналған «Жетісу» газеті сан басылым жетпеген мерейлі тұғырға табан тіреді. Осыған орай ата басылымның ардагер журналистері ақжарма пейілдерін әлден-ақ жолдап, өмірлерін нұрландырған «Жетісуына» деген жүрекжарды ниеттерін білдіруде. Сол аталы сөздерді ғасырлық сауын айтқан ата басылымның зерделі оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық.

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, 
«Жетісу» газеті жариялаған Тұңғыш Президент байқауының лауреаты, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлығының иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері:

– Бұл – республикамыздағы бүкіл басылымдардың маңдайалды газеті болып саналатын «Жетісу»! Бұл – кезіндегі екі облыстың жарық жұлдызы болған «Жетісу». Салыстырмалы түрде қарасақ, еліміздегі облыстық газеттердің ішінде «Жетісудың» көші ілгері, тіпті, деңгейі «Егемен Қазақстан» газетімен пара-пар деуге негіз бар. 
«Жетісу» қашанда халық көкейіндегі сөзді безбендеп, даналық пен даралықтың ұшар басы мен тұңғиығынан тағылымды сыр суыртпақтап, қатпар-қатпар тарихтың ақтаңдақтарын айшықты көрсете білген және бұқара мен билікке «алтын көпір» болған басылым. Сондай-ақ заманының заңғарына айналған тұлғалар Алатаудың алқасындай ару қала Алматының төсінде қазақ әдебиетінің кемелденуі үшін, қазақ халқының рухани байлығының қазыналы қамбасын жақұт туындыларымен молайту үшін қалам сілтеп жүргенде, «Жетісуға» қолтаңбаларын қалдырды. Ел мүддесін ойлаған марғасқалар мұқым елдің мұңын жоқтау, жақсылығын тарих бетінде айшықтау үшін шыққан газеттің одан әрі жұрт үшін қызмет етуіне атсалысты. Алаштың алп-алп басқан атандай алыптары қолтаңба қалдырған газеттің нарқының қаншалықты биіктігін осымен-ақ бағамдай салуға болады. Ал, негізінен «Жетісу» – өзіндік бағыты айқын, арнасы кең, шалқып жатқан айдынды басылым. Руханияттың телегейіндей тереңіне ғасырлық сырды көмкеріп алған мұның да жарық көргеніне 100 жыл. Бұл бір ғана Жетісу жерінің елі үшін емес, жүрегі қазақ деп соққан әр азаматтың қуанышы. Әрбір зерделі оқырманның мақтанышы. Өйткені «облыстық» дегені болмаса, «Жетісу» жалпыхалықтық басылым деңгейінде жарық көріп келе жатқан беделді газет.

Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист:

– Адам өмірінің айтарлықтай нұрлануына, есімінің тарихта қалатындай қадірге ие болуына себеп жайттар өмірде көптеп кездеседі. Егер жеке басымды қозғар болсам, баспасөз саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс жасап, Ақсу мен Сарқан аудандарында журналистік қызмет істедім. 30 жыл бойы «Жетісу» газетінде тер төктім. Сондықтан да өмірімізді баспасөз саласына арнаған адамбыз деп айтуға толықтай қақымыз бар деп айтсақ, артық кеткендігіміз болмас.
Дәуірдің үніндей көрінетін, дарқан даланың әр жақсылығын сүйіншілеп, кемшілігін бүкпесіз айшықтап келе жатқан «Жетісу» газетінде сонау жылдары қазақтың қайталанбас дарынға ие ақыны Ілияс Жансүгіров қызмет еткен. Әлем әдебиетінің үлкен өкілдерінің бірі, қазақ мақтанышы Мұхтар Әуезов, классик жазушы Сәбит Мұқановтардың қолтаңбасы қалған-ды. Тіпті, санамалайтын болсақ алашордашылардың бірқатары, қазақ әдебиетінің жарқын тұлғаларының бірегейі осы газеттің шығуына жәрдемдескен. Замандасымыз Кеңшілік Мырзабеков, тіпті жетісулық Ордаш Кендірбаев, Елжас Бейсенбек, Қайрат Әлімбеков сынды бірқатар тұлғаларымыз табанды еңбек етіп, бұл басылымнан қарашаға танылған десек қателеспеспіз. Ал бүгінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айтулы ақын Әміре Әрін басқарып отырған қара шаңырақта кешегілердің сара жолын жалғаған бірқатар журналист табанды еңбек етуде. Мұны асылдардың ұрпақ сабақтастығы, даналардың халық болашағы үшін үздіксіз алмасып отырған, бір-біріне сенім артып толайым жүкті міндеттеген киелі де қастерлі шарасы деп білуге болады. Егер, кешегілердей табанды қызмет ете алмайтын жандар қасиетті газеттің арнасына ойыспаса, бірігіп қызмет етпесе дариядай басылым да ел сенімінен шықпас еді.  Бір ғасырлық ғұмырындағы 5 миллионнан асып-жығыла жарық көрген әр санының өзі айтылған ойларыма дәйекті дәлел бола алмақ. «Жетісуым» ендігі күні қазақ елінің тәуелсіздігімен бірге жасай берсе екен деймін!

Ілияс ЖҮНІС,
«Жетісу» газетінің ардагер журналисі: 

– Адам баласын өмір бойы әлдилейтін «арман» атты тәтті қасиет бар. Бұл ес таныған адамның болашақта орындалса деп күтетін үмітінің үлкені болса керек. Мен де бозбала шағымда қат-қат болып үйліп жатқан кітаптарға сұғына еніп, сүңгіп кіріп, бар асылымен ауызданғандықтан да қаламгер болуды армандағанмын. Сол алқаусыз сезімнің арнасына ойысу үшін қауырсын қаламды қапсырып, санадағы сұлу сөздерді мөлдірете бедерлеуге құштар болдым. Сол арқылы газет-журналдарға жылт еткен дүниемді жолдауға асықтым. Сөйтіп жүріп «Жетісумен» табыстым. Тіпті, жұлдызым оңымнан туып, осы бір қасиетті басылымда еңбек ету бақытына да ие болғанмын. Меншікті тілші болып қызмет етіп жүріп, Шығыс Қазақстанға ауыстым. Сол жақта жүрген шақта да  жүректен орын алған «Жетісуыма» очерк, мақалаларымды жолдап тұрсам, қасиетті басылым күн құрғатпай сол туындыларымды еліммен қауыштырып отырды... 
Жалпы, «Жетісу» газеті халық сенімін ақтап келе жатқан, аманатын ғасыр бойы арқалаған айбынды, абыройлы басылым. Ол қазақтың маңдайалды азамттарына демеу болған, шығармашылығын шыңдауға сеп болған тектілердің таңбасы бар дария басылым. Бүгінде жас журналистерді қанатының астына алып, өрімдей талаптылардың есімін елге танытып жатқан бұл газет журналистиканың ғажайып ұстаханасына айналып отыр. Тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жалыны басым сол соңғы толқынның жазбаларын оқыған сайын жастығымыз елестеп, көңіліміз көкжиекпен астасқандай болады. Олар қазақтың ертеңгі тарихын тірілтер қарымды қаламгер ретінде тер төгетіндіктеріне сенімім кәміл. Ал, кемерінен асып тұрған ақпарат айдынының айтулы басылымы қашанда өз мақсатын асыра орындап, ел үшін табанды қызмет жасап келеді. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық салада ата басылымға лайық жүгін абыроймен арқалап келеді. Ғасырлық белесі құтты болғай! Әлі де Алаш жұртының көз қуанышы, ақылшысы, қасиетті тұмбасы қалпынан айнымай, Мәңгілік елмен бірге ғасырдан-ғасырға аман-есен жете берсін, жасай берсін!

 

Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы:

– «Өткен күнде белгі бар» дегендей, газет тіршілігіне араласа бастаған кезден бергіні қозғар болсақ, әуелі 1958 жыл есіме оралады. Ә дегенде басылым бетіне тырнақалды туындыларымыз шыққанымен, журналист ретінде еңбекті сол 1958 жылы бастаған едім. Содан бері аттай 60 жыл өтіпті. Әуелі «Октябр туы», одан кейін «Жерұйық» болып аталған Талдықорған облыстық газеті, екі облыс қосылып Алматы облысы атанғанда қос өңірдің айдынды басылымы бірігіп «Жетісуға» ұласқан-ды. Мен сол тарихи кезеңдерде журналист болып еңбек еттім. Ол мен үшін мәртебе!
Ақиқатқа жүгінсек, біз газет арқылы өмір жолымызды нұрландырып, өнер даңғылында адам болып қалыптастық. Сол арқылы есімімізді ел білді, білген халық құрметіне бөледі. Оған шүкір!
Ал енді жалпақ жұрттың сүйіп оқитын «Жетісуының» 100 жылдық ғұмырына үңілсек, бұл басылымның арқаламаған батпаны қалмағанын пайымдарсыз. Сонау өкімет орнаған кезеңде кер заманның кесірінен қазақ халқын сақтандыру мақсатында жарық көрген басылым ашаршылықты, репрессия, Ұлы Отан соғысы, Тың игеру, Желтоқсан, тәуелсіздіктің басындағы дағдарыс сынды түрлі тосқауылдарда тосылмай, еліне сүйеу болды. Жігері жасыған талайлардың бойына қайрат бітірді, санасында бабалар ерлігін жаңғыртты. Сол арқылы азаптан азаттыққа алып шықты. Ал бүгінде тәуелсіздіктің туын желбіретіп, азат елдің тарихын тасқа қашауда. Осының өзі «Жетісу» газетінің ел тарихындағы орнының қаншалықты екенін білдірсе керек! Ғасыр жасаған қасиетті басылым дәуірлік тойдың да думанын қыздырып, мерейлі жасын әр жүзжылдық сайын 
сүйіншілей беретініне иланамын!