Елордада шетелдегі қандастардың өзекті мәселелеріне арналған форум өтуде

Уақыты: 11.10.2023
Оқылды: 811
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астанада «Отандастар» форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Жиын шетелдегі қазақтардың басын біріктіріп, өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Сонымен қатар Қазақстанмен тарихи-мәдени байланыс мәселесі де қозғалды. 

Сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының форум қатысушыларына арнаған хатын оқыды.

«Ардақты ағайын, Сіздерді «Отандастар» форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта: «Келісіп пішкен тон келте болмас», деген сөз бар. Халқымыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана отаны бар – ол Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын қандастарымызды қолдауға қашан да мән береміз. Олардың тарихи отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуыға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді», - деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді Мәлік Отарбаев.

Форумда шетелдегі қандастармен байланысты нығайту, мәдени жобаларды бірлесіп іске асыру үшін этносаяси бірлестіктермен әріптестік орнату және инвестициялық климатты жақсарту бойынша ұсыныстар талқылануда.

Келелі басқосуда шеттегі қазақтар мәселесі кеңінен қозғалды. Әлемнің әр түкпірінен келген іскер қандастар спикер ретінде сөз алып түйткілді мәселелерді көтерді.

Соның бірі де бірегейі шетелдегі қазақ студенттерінің білім алу мәселесі. Олар үшін тарихи отаны Қазақстанда білім гранттары көптеп бөлінсе дейді. Сонымен қатар, шеттегі қазақтар үшін мәдени орталықтар көптеп қолға алынса деген ұсыныс та айтылды.

Редакциядан: материал толықтырылады.

Қозыбай Құрман
Фото: автордікі