Алдағы мақсат айқындалды

Уақыты: 15.01.2018
Оқылды: 1502
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауын талқылауға арналған өңірлік актив жиналысы болып өтті. Облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының облыстық, Талдықорған қалалық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, қала тұрғындары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық, саяси ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы отырысты облыс әкімі Амандық Баталов ашып, жүргізіп отырды. 

Жиналысты жүргізу тәртібін реттеп алған соң облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов баяндама жасау үшін өңір жетекшісін мінбеге шақырды.
– Жаңа жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымен басталып отыр. Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымызға қойған міндеттер биылғы жұмысымыздың басты бағыты болмақ, – деген Амандық Ғаббасұлы өткен жылдың жетістіктеріне тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтыр жалпы аймақтық ішкі өнімнің өсімі 2,7%-ды құраған. Оның 2,9%-ы өндіріске, 3,3%-ы ауылшаруашылығына, 7,1%-ы саудаға тиесілі. Сонымен қатар, құрылыс саласы қарқынды жүріп, 646 мың шаршы метрге тең тұрғын үй пайдалануға берілген. Одан бөлек, облыс экономикасының өркендеуіне 527 миллиард теңге инвестиция тартылып, 25 мың жұмыс орны құрылған. Соның арқасында жұмыссыздық 4,7% деңгейінде қалған.
Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген бағыттарға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы айтылған міндеттер мен мақсаттарды орындауға байланысты сала мамандарына тапсырма берген облыс әкімі берілген тапсырмалардың тиянақты орындалуын қадағалауды орынбасарларына табыстады. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсеткен модернизациялау мен кәсіпорындарды цифрландыру өнім сапасын арттырып, «Қазақстанда жасалған» деген брендпен өнім экспорттауға жұмыс істеуі қажет. Сол үшін облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовқа, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларына, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, аудан және қала әкімдеріне 1 ақпанға дейін облыстағы ірі кәсіпорындарды модернизациялау мен цифрландырудың қазіргі жағдайын сараптауды, лайықты 1-2 кәсіпорынды іріктеп, Инвестициялау министрлігінің цифрландыру бойынша пилоттық жобасының қатарына кіргізуді, инновациялық жобаларды жүзеге асыруды ұсынатын инвесторларды тарту жұмыстарын белсендіруді, индустриялы-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығына қажетті жобалар тізімін дайындау бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Одан соң аймақтағы баламалы қуат көздерін өндіру бойынша облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановқа, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына, «Алатау» акционерлік қоғамына, мемлекеттік- жекеменшік әріптестік орталығына, аудан және қала әкімдеріне аймақта қолға алынып отырған қалдықтарды реттеу жүйесінің құжаттарын даярлауды аяқтауды және қажетті құрылысты кезең-кезеңмен жүргізуді, ЭКСПО – 2017 технологияларын жүзеге асыру бойынша Жол картасын бекітуді және оны іске қосуды, Талдықорған қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықты өңдеу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды жылдамдатуды тапсырды.
Елбасы Жолдауында айтылған «Ақылды технологияларды» агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды дамытудың мүмкіндігіне тоқталған Амандық Баталов алдағы 5 жылда еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауды кемінде 2,5 есеге ұлғайтуды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын ескертіп, аймақтың ауылшаруашылығы саласына цифрлық технологияларды пайдалану еңбек өнімділігін жоғарылатуға септігін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізу, өнімділігі жоғары сұрыптар мен гибридтерді пайдалану, ақылды химиялауды қолдану, машина-трактор паркін жаңарту бүгінгі күннің алға қойып отырған талабы екендігін түсіндірді. Осыған байланысты орынбасары Серікжан Бескемпіровке, ауылшаруашылығы басқармасының басшысына, «ҚазАгроның» қаржылық ұйымдарына, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына, аудан және қала әкімдеріне ауылшаруашылығы кооперативтерін құруды жалғастыруды және олардың тиімділігін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауды, басымдық берілген дақылдардың алқаптарын ұлғайтуды, оларға ылғал, су үнемдеу технологияларын енгізуді, өнімділігін арттыру мақсатындағы жұмысты жандандыруды, суғару жүйелерін қалпына келтіруді, су қоймаларын салу және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды, сапалы сүт өндірісін ұлғайту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі арқылы тауарлы-сүт фермалары желісін кеңейтуді тапсырды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда айтылған транспорттық-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру бойынша облыс арқылы өтіп жатқан Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансқұрылықтық дәлізінің, Қытай елімен шекарада құрылған «Қорғас – Шығыс қақпасы» экономикалық аймағының берер мүмкіндігіне тоқталған баяндамашы келешекте құрылуы тиіс ақылды транспорттық жүйенің транспорт жүрісін реттеудегі тиімділігін әңгімеледі. Соған орай жергілікті автожолдарды жөндеу үшін жыл сайын республикадан 150 миллиард теңге бөлінетінін, ол қаржыға Жетісу жерінің шалғай ауылдарына апаратын жолдар жасалатынын жеткізген өңір жетекшісі облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановқа, жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының басшылығына, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына, аудан және қала әкімдеріне  жолдарды жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді, әсіресе, туристік нысандарға апаратын жолдардың жөнделуін қатаң қадағалауда ұстауды, республика бойынша транспорттық жүйеге облыстық транспорттық логистиканы толығымен кіргізуді тапсырды.

Заманауи технологияларды құрылыс саласына және коммуналдық салаға енгізу биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау жүктеген міндеттердің қатарына жатады. Осыған орай жұмысы тұралаған құрылыстарды жеделдетуді, жыл сайын көлемі 1 миллион шаршы метрге тең тұрғын үйлерді пайдалануға беруді, құрылыс сапасын арттыруды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестігіне қажетті жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа, құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармаларының басшыларына, «Алатау» АҚ-на, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына, аудан және қала әкімдеріне тапсырды.
Одан соң биылғы Жолдаудың негізгі бағытының бірі – білім берудің жаңа сапасын қалыптастыру бойынша облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, білім басқармасының басшылығына, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына, аудан және қала әкімдеріне 2020 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100% қамтамасыз етуді, мектептерді жылдамдығы жоғары интернетке қосуды және цифрлық ресурстарды кеңінен қолдануды жалғастыруды, жаратылыстану-математикалық пәндерді оқыту сапасын күшейтуді, физика-математикалық бағыттағы мектептер желісін кеңейту бойынша ұсыныстар енгізуді, Оқушылар сарайы базасында балалар технопаркін ұйымдастыруды, кадр даярлау мақсатында әлеуметтік әріптестік және оқытудың дуальді жүйесін енгізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Өйткені, жетісулық оқушылардың білім сапасы республика бойынша 54,5%-ды құрап отыр. Әсіресе математика, жаратылыстану пәндері бойынша артта келеміз. Сол үшін білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттыру, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қаржыландыру тетігі енгізілетінін айтқан Амандық Баталов енді мұғалімдердің жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін өсетінін жеткізді.
Халықтың басты байлығы – денсаулық екендігін алға тартқан баяндамашы бұдан соң облыстың денсаулық сақтау саласына қатысты мәліметтерге тоқталып, кемшін соққан тұстарды түзету керектігін ескертті. Соған байланысты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығына, аудан және қала әкімдеріне профилактикалық жұмыстарды жандандыру, барлық ауруды, оның ішінде онкологиялық да аурулар бар, алдын ала анықтаудың сапасын арттыру, жастардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға баса назар аударуы, шығыны аз стационарлық технологияларды кеңінен қолдану, медициналық бағыттағы мобильді қосымшалар енгізу, 2018 жылдың соңына дейін медициналық мекемелерді компьютерлермен және ақпараттық жүйелермен қамтамасыз ету тапсырылды.
Жолдауда айтылған өзін-өзі жұмыспен қамту бағдарламасына байланысты облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығына, аудан, қала әкімдеріне осы бағыт бойынша құрылған Жол картасын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуді, жаңа үлгідегі әлеуметтік көмекті алғысы келетіндердің нақты санын анықтауды, жұмыспен қамтуды үйлестіру орталықтарының жұмыстарын ұйымдастыруды, облыстық еңбек биржасына кірген мәліметтерді бірыңғай республикалық биржаға енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда айтылған мемлекеттік қызмет көрсетудегі кедергілерді қысқартуға қажетті «Бір терезе» жүйесі арқылы бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетуді цифрландыру және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялап, «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген қызметтен кешенді қызмет көрсетуге көшу көзделген. Енді келешекте шағын және орта кәсіпкерліктен түсетін корпоративті табыстың өңірлік бюджетке берілетінін еске салған баяндамашы өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасауымыз керектігін алға тартты. Соған орай облыс әкімінің орынбасарларына, басқарма басшыларына, мемлекеттік кіріс департаментіне, аудан және қала әкімдеріне экономикалық әлеуетті пайдалана отырып, бизнес-климатты жақсарту арқылы жаңа табыс көздерін тауып, салық түсімдерінің өсуін қамтамасыз етуді тапсырған Амандық Ғаббасұлы облыс әкімінің аппарат басшысына, басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне жеке бюджеті бар ауылдық округ әкімдері жұмысын қатаң бақылауға алып, оларға жан-жақты көмек көрсетуді, азаматтардың ұсыныстары мен ескертулерін есепке алуда қазіргі цифрлық технологияларды енгізуді, барлық құрылымдарда ақпараттық жүйелерді және құрылғыларды қорғау шараларын қабылдауды міндеттейтінін жеткізді.
Бүгінгі күні басты мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның басымдыққа ие болуы екендігі белгілі. Осыған орай биылғы Жолдау жүктеген міндеттерге тоқталған баяндамашы былтыр облыста мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысуымен 203 қылмыстық құқықбұзушылық орын алғанын, оның 80% сыбайластыққа қатысты екендігін атап өтті. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа, облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөліміне, облыс әкімі аппаратының құжаттармен қамтамасыз ету және бақылау бөліміне, аудандар мен қалалардың әкімдеріне мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жұмысындағы сыбайластық әрекеттеріне қатысты ішкі сараптауды тұрақты жүргізуді, жекелеген және заңды тұлғалардың арыз-шағымын қарау кезінде селқостық танытпауды және бюрократтық кедергілер көрсетпеуді тапсырды.
Бүгінгідей технологиялар қарыштап дамыған кезеңде соңғы үлгідегі құрылғылар мен қосымшаларды пайдаланудың заман талабынан туындап отырғанын айтқан баяндамашы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы көптеген жұмыс атқаруға болатынын ескертті. Соған орай облыс орталығында мобильді телефондарға қажетті «Смарт Сити» қосымшасы пилоттық жобасы іске қосылатынын, бұл қала бойынша жүретін қоғамдық көліктің қозғалысын көруге, ақылды бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер жолын реттеуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовқа, облыстық әкімдіктің ақпараттық технологиялар, цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік бөліміне, Талдықорған қаласының әкіміне облыс орталығында «Смарт Сити» қосымшасын іске қосуды жеделдетуді, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, ішкі саясат басқармасының басшысына, аудан және қала әкімдеріне Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық топтардың жұмысын ұйымдастыруды және оны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Сөзін осылайша түйіндеген Амандық Баталов:
– Елбасымыз жаңа Жолдауында «Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік», – деп ерекше атап өтті. Мұның барлығы тату тірліктің, берекелі бірліктің жемісі. Баршаңызды елдігімізді еселеп, Отанымызды нығайтуға арналған Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын бірге жүзеге асыруға шақырамын! Өлкеміз өркендеп, мемлекетіміз гүлдене берсін! – деп баяндамасын аяқтады.
Одан соң жарыссөзге шыққан «Байсерке-Агро» ЖШС директорының орынбасары Кирилл Павлов, Талдықорған қалалық емханасы директорының орынбасары Ләйлә Темірханова, Ш. Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айжан Жұмаділова, «Талдықорған–Info» жобасының редакторы Талғат Абылаев, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Арнай Байжұрынов биылғы Жолдау жүктеген міндеттер мен мақсаттарға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Мәди АЛЖАНБАЙ