Жаңа дәуірге жол ашқан келісім

Уақыты: 18.01.2018
Оқылды: 1196
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы өз ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырды. Америка Құрама Штаттары Қазақстанды Орта Азиядағы егемен ел әрі стратегиялық әріптес ретінде таниды. Ал осындай күннен-күнге экономикасы қарыштап дамып отырған тәуелсіз мемлекеттің Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ қабылдау – Ақ үй басшысы үшін үлкен абырой. Мұндай жүректен шыққан шынайы да сыйласымды сөзді өзге емес, АҚШ Президенті Дональд ТРАМПТЫҢ өзі келтірді.

Сейсенбіде екі ел басшылары кездесіп, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді, атап айтқанда, сауда-саттық, инвестиция, терроризмге қарсы күрес тақырыптарын талқылады. Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапармен бару туралы бастамасын Ақ үй әкімшілігі қуана қабылдаған. «Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Сізге барлығы зор құрметпен қарайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас керемет жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Мен үшін сізді қабылдау – үлкен абырой. Сіздің еліңіз үшін жасаған ісіңіз, шынында, тамаша», – деді АҚШ Президенті Қазақстан делегациясын қарсы алу рәсімінде. Өз тарапынан Қазақстан басшысы да ыстық ықыласын білдіріп, Дональд Трампты президенттік қызметінің бір жылдық атаулы күнімен құттықтады.
– АҚШ алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс жаңа белеске көтерілді. Менің бүгінгі сапарым – соның айғағы. Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық  әріптестіктің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан – өңірлік қауіпсіздік пен бейбітшіліктің шешуші факторы. Ақ үй басшысы екеуара әңгіме барысында біздің елге осындай анықтама берді. Вашингтон әуежайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдегі Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Екеуара кездесуден кейін Президенттер журналистермен брифинг өткізді. Брифингте Қазақстан Президенті Ақ үй басшысына қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдіріп, келіссөздердің маңыздылығына тоқталды. Тарқатып айтсақ, АҚШ пен Қазақстан басшыларының кездесуі бұл ғана емес. Былтыр Сауд Арабиясында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тағы да бір пысықталып, келісімдер жасалған болатын. Осы жолғы сапар сенім, достық, өзара түсіністік аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл жайында Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін Астана мен Вашингтон қарым-қатынасының жаңа дәуіріне бастама болатын бірлескен саяси мәлімдеме қабылдаймыз», – деді.
Қазақстан басшысы брифингте Орта Азиядағы бес мемлекеттің атынан келіп отырғанын жеткізді. Бүгінде алпауыт елдердің көзі Орта Азияға түсіп отыр. Оның ішінде Қазақстан Еуразияның алтын көпірі іспеттес. Терістігінде Ресейге, шығысында Қытайға, оңтүстігінде Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан секілді ислам дінін ұстанатын мемлекеттерге емін-еркін шыға алады. Елбасы АҚШ Президентіне «С5+1» форматына қатысуды ұсыныс ретінде айтты. Бұл формат мемлекеттер арасындағы сенімді, достықты, саяси әрі сауда-саттық саласынан әріптестікті нығайтпақ. Сондай-ақ, Қазақстан терроризмге қарсы. Біздің ел АҚШ-тың террорлық әрекетке қарсы жоспарын қай жағынан да қолдайды. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем терроризмнің ошақтарына қарсы тұрғаны жөн. Бүкіл әлем Ауғанстанның бейбітшілікте өмір сүргенін қалайды. Қазақстан, мәселен, осы уақытқа дейін Ауғанстанға 75 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жөнелткен. Мыңдаған ауғанстандық жастар Қазақстанда жоғары білім алуда. Өз ойын осылай жеткізген Қазақстан Президенті ядролық қарудан бас тартудың маңыздылығына қайыра бір тоқталды.
– Ядролық қаруы бар елдерге бізден үлгі алуға шақырамыз. Бұл жағынан біздің моральдық құқығымыз бар. Мұндай әңгімені біз Иранмен жүргіздік. Қазір Солтүстік Кореямен келіссөзді бастадық. Солтүстік Корея мәселесін Қытай, АҚШ және Ресей тарапы бірлескенде ғана шешеді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ақ үйдегі кездесуде.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға америкалық компаниялар 50 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Бес мыңдай жұмыс орнын ашқан. Ең бастысы, АҚШ-тан келетін азаматтар Қазақстанда визасыз жүреді. Алдағы уақытта Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері ашылмақ. Елбасы мұхиттың арғы бетіндегі мемлекет төрінде екі ел арасындағы игі істерді көрсете келе, Дональд Трампты экономикада жасаған реформасының сәтті жүзеге асуымен құттықтады. АҚШ Президенті жуырда ғана салық саласына үлкен өзгеріс енгізіп, қаржы көлемін қысқартқан еді. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай реформа Қазақстанда бес жыл бұрын енгізілгенін айтты. Кездесу соңында ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік аясында Президенттер бірлескен мәлімдеме жасады. Онда халықаралық көшбасшылық, өңірлік қауіпсіздік, қорғаныс, экономикалық ынтымақтастық, адами капитал бағытында болашақта жүзеге асатын міндеттемелер айқындалды.
Сапар шеңберінде коммерция-   лық келісімшарттарға қол қойылды. Сөйтіп, алдағы уақытта «Boeing», «GE Transportation», «Эйр Астана», «Қазақстан теміржолы» және «Скат» компаниялары 2,5 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде америкалық өнімдер мен қызметтерді сатып алатын болып шешілді. Сонымен бірге, ауылшаруашылығы, мұнай өнімдері, инфрақұрылым, Ауғанстанның дамуы, ғарышты зерттеу, денсаулық, дәрі-дәрмек өндіру, атом энергетикасы салаларында да жаңа келісімшарттар жасалды.

 

Қуаныш ТҰНҒАТАР