Шартарапты бейбітшілікке шақырды

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1289
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұран топырағында тамыр жайған жасампаз елдің Елбасы төрткүл дүние көз тіккен биік мінберден төрелік айтып, алты құрлық алдында ядролық қарудан азат аймақ құру туралы ұсыныс тастады. Шартарапты бейбітшілікке шақырған шара Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өтті. Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы аясында өрбіді. ТАЛҚЫЛАНҒАН тақырып шеңберінде ізгі құқық үстемдігі мен әділетті әлем жайлы да сөз қозғалып, Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан арнайы мәлімдеме жасалды.

Елбасының кіріспе сөзімен ашылған маңызды жиын тікелей эфирде әлемнің түкпір-түкпіріне тарады. Қазақстан басшысы отырыс барысында күн тәртібін белгілеп, әр тараптан келген делегаттарға алғыс айтты. Оның ішінде, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке және Польша Республикасының Президенті Анджей Дудаға ризашылығын білдірді. Еске сала кетсек, Қазақстанмен бірге Польша, Кот-д-Ивуар, Кувейт, Перу және Гвинея мемлекеттері де Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері саналады. Елбасы аталған елдерді мүшелікке өтулерімен құттықтап, ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырды.
Басқосуда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз алып, Қазақстан Президентіне ыстық ықыласын жеткізді. «Қазақстан әрқашан ядролық қарудан азат әлем құруды және оны таратпау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік танытқан Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Біздің Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының зияны жөнінде арнайы қарар қабылдаған болатын», – деді ол. Бас хатшы бейбітшілікке сызат түсіріп, миллиондаған адамды қайғыға салатын жаппай қырып-жоятын қарудың зардаптарына тоқталды. Сөз соңын Қазақстанның бастамаларын қолдайтындығын айтып қорытындылады.
Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өткеніне бір жыл толды. Біздің мемлекет бүкіл әлемге бейбітшілікті барынша  қолдайтындығымен үлгі болып келеді. Орталық Азияда тек Қазақстан ғана осындай мәртебелі міндетті абыроймен атқарып отыр. Бір жыл ішінде Қазақстан күн тәртібінен түспеген ең өзекті мәселелерді тиімділікпен шешіп, әділеттілікті берік ұстанды. Қантөгісті болдырмайтын комитеттермен қоян-қолтық жұмыс істеп, үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Елбасы Қазақстанның осындай абыройлы асуларына тоқталып, қауіпсіз әрі әділетті әлемге бірлесе қол жеткізу жайлы сөз қозғады.
– БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні сөзсіз. Адамзат ХХІ ғасырда жаппай қырып-жоятын қарулардан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін. Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі жұмыс істейді. Бұл кеңес туралы идеяны Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында өзі айтқан болатын. Бүгінде бейбітшілікті қолдайтын Азияның 26 мемлекеті осы кеңеске мүше. Штаб-пәтердегі шарада Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы кеңес жайлы да кеңінен тарқатып өтті. Оның айтуынша, сенім бүгінгі таңдағы бейбітшіліктің ең маңызды факторы.
Сенім ХХІ ғасырда үлкен маңызға ие. Сенім арқылы мемлекеттер арасында бейбітшілік орнайды, сауда-саттық дамиды, қарумен сес көрсету әрекеттері тыйылады, ең бастысы, адамдар арасында ізгілік орнайды. Қазақстан сенім қалыптастыру мен қырып-жоятын қаруға тыйым салу бойынша әлем елдеріне үлгі. Мәселен, кеңестік кезеңнен кейін Қазақстан ядролық қару арсеналы бойынша әлемде төртінші орында тұрған. Соған қарамастан тәуелсіз Қазақстан жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, демократиялық даму жолына түсті. Қазақстан Президенті сенім шаралары туралы кеңінен айтып өтіп, БҰҰ Жарғысында: «Біздің басты міндетіміз – келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару», – деп жазылғанын алға тартты.
– Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесінен бас тарту – біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз әрі Қазақстанның барша халқы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген қадамымыз, – деді Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі сөзін ары қарай жалғап. Елбасы сөз арасында ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесі ретінде төмен байытылған уран банкінің ашылуын тілге тиек етті. Сонымен бірге, Солтүстік Кореядағы қарама-қайшылық туралы да сөз болды. Елбасы сөз соңында ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы ұсыныс тастап, Таяу Шығыстағы мәселелерді шешу үшін бүкіл әлем күш-жігерін жұмылдыру керектігін айтты.
Тарихи басқосудан кейін жан-жақтан жиналған делегаттар сөз алып, ядролық қауіпсіздік жайындағы өз пікірлерін білдірді. Польша Президенті А. Дуда Елбасына алғыс айтса, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранның ішкі ахуалының алаңдатарлық жағдайда екенін ескертті.
Отырыс қорытындысында арнайы мәлімдеме қабылданды. Мұндай мәлімдеме БҰҰ тарихында тұңғыш қолға алынып отыр әрі Қазақстан үшін Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету мәртебесі енді қырық жылдан кейін ғана айналып келуі мүмкін.
Қазақстан үшін әлем жұртшылығын татулыққа шақырған маңызды басқосудың  мәртебесі биік болып қала береді.
 
Қуаныш ТҰНҒАТАР