91 жылдан кейін келген аяз

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1276
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сақылдаған сары аяз. Денені шымырлатып, алдыңнан соққан салқын жел көзіңнен жас шығарып, халықты мезі қылды. «Дәл мұндай аяз 91 жыл бойы болмапты», – дейді BNews порталы. Соңғы қытымыр аяз 1927 жылы ғана орын алыпты. Бұған дейін оңтүстікте ең салқын ауа 26 градусқа дейін ғана көтеріліпті. Ал қазір ол жақта 30-35 сынап бағанасын көрсетіп тұр. Таңқаларлық 48 градусты көрсеткен Астанамыз Қарлы өлке Антрактидадан да салқын боп шықты.
Синоптиктердің айтуынша аталмыш ауа райы Кар - Солтүстік Мұзды мұхиттың шеткі теңізінен келген. Ол - Ресей аумағындағы ең суық теңіз, ондағы температура 0 градустан жоғарыламайды. Жылдың көп бөлігінде мұз басып жататын теңізде дауылдар жиі болып тұрады. Осының әсерінен еліміздің әр бөлігінде біраз салқындық байқалды. Шығыс бөлігі 40-48 градустағы температураны көрсетсе, көктем келмей ағаштары бүршік ататын Оңтүстік 25-35 мөлшеріндегі салқындықты айқындады. Ал Астана салқыны да аса ешкімді аяй қоймады. Бір апта далада жүрген ер адамның мұрны үсіп қалса, суыққа төзімді деген жануарлар шыдамай тұрған жерінде мұз боп қатып қалып жатты. Айталық алды- артына қарамай қашқан қоян астананың желінен құтылам деген болу керек, есік алдындағы шарбаққа ілініп өліп қалды. Дәл осындай ит пен мысық та дауылға төтеп беріп, сәл басын тұқыртқан күйі мұз боп қалған. Тіпті, Қазақстандағы аяз салдарынын болған оқиғаларды шетелдік басылымдар жаза бастапты.  
Ауа райы салдарынан қаламызда 0-4 сынып аралығында оқитын балаларға сабақ уақытша тоқтатылды. Қала ішіндегі маршруттар салқынға төтеп бере алмай істеп шықты. Тұрғындар түнімен суып қалған көліктерін таңға жақын от алдыра алмай аязға қарамастан жаяу жұмысқа келгендері де болды. 
Иә, мұндай салқынға да біздің халық шыдайды. Әлгі, ел арасында салқынға байланыста әзілдер толып жүр ғой. Соның бірі далада тұрып тоңып қалған термометр үй иесінен үйге кіріп тұруға рұқсат сұраған көрінеді.  Дәл осындай елге көмек ретінде және мейірімділікті насихаттау мақсатында да шаралар жүргізіліп жатыр. Студенттер мен еріктілер сауда орындарындарындағы сатып алушылар мен аялдама да тұрған халықты ыстық шаймен қамтамасыз еткен. Бұл деректер халықтың қиын- қыстау кезеңде бір-біріне қол ұшын соза алатынын көрсетті.
Солтүстік мұзды мұхитта пайда болған антициклон әлі бір апта бойы жалғасады,–дейді мамандар. Бұл дегеніміз өңірімізде 30 градустық бет қаратпас аяз әлі де тоңдырады деген сөз.
                                                                                                                                                                                     Думан КЕҢШІЛІК