Атқарылған іс ауқымды

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1448
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ 2017 жылы атқарған жұмыстары мен 2018 жылға жоспарланған істер турасында халық алдында есеп берді. Балпық би ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде болған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қатысты.

Көксу ауданында ауылшаруашылығы қарқынды дамып, өңір тұрғындарын қуантып келеді. Былтыр ауданда 21 млрд. 679 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,0% құрады. Ауылшаруашылығы дақылдары егілген 31 710 гектарға шыққан өнім толығымен жиналды. Нақтыласақ, 27,4 мың тонна дәнді дақылдар, 26,3 мың тонна майлы дақылдар, 19,2 мың тонна картоп, 2,7 мың тонна бау-бақша өнімдері және 25,9 мың тонна көкөніс қамбаға құйылды. Ал 1775 гектарға қант қызылшасы себіліп, одан 62 мың тонна өнім алынды. Биыл ауылшаруашылығында 25 млрд. теңгенің өнімін өндіру жоспарланды. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануды зерделеу барысында ауданда пайдаланылмай жатқан жалпы 2205 гектар жер анықталып, ол мемлекет меншігіне қайтарылып, ауылшаруашылығы айналымына қайта енгізілді. 
Төрт түлікті асылдандырып, оларды көбейтіп, санын арттыру жұмысы ауданда бір жүйеге қойылған. Аудан 2016 жылмен салыстырғанда етті 8%-ға, сүтті 4,6%-ға, жұмыртқаны 3,6%-ға және жүнді 0,4%-ға артық өндірді. Мүйізді ірі қара етін экспортқа шығаруды арттыру мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы 128,3% орындалды. Жоспарланған 300 ірі қара бастан 385 алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1101 бас қой алынды, яғни жоспар 110%-ға жүзеге асты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін сүт, ет және жүн өнімдерін жинап, қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу үшін 4 кооператив құрылды, биыл 5 кооператив құру жоспарланып отыр. 
Көктем келсе арнасынан асып кететін өзен, каналдарды жөндеу, қалыпқа келтіру, тоғандарды тазарту, бөгеттерді бекіту жұмыстары қолға алынып, негізгі істер аяқталды. Атап айтсақ Мұқаншы, Еңбекші, Мұсабек ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 30,2 шақырымды құрайтын      8 канал қайыр, құмды шөгінділерден тазартылды. Одан бөлек 8 гидротехникалық қондырғылар және 11 су өлшеу бөгеттері орнатылды. Ал Быжы өзеніндегі дюкер, Көксу бас су бөгетіндегі тасқынды жіберу гидротехникалық қондырғысы және Лабасы округіндегі Мәмбет тоғанының бас қондырғысы күрделі жөндеуден өтті. 
Әлеуметтік сала және жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту жайын баяндаған аудан әкімі Алмас Қабдулұлы: «Жұмысқа орналасуға ниет білдірген 1689 жұмыссыздың 1448-і жұмысқа орналасты. Халықты жұмыспен қамту шаралары аясында 567 жұмыс орны ашылды. Ал әлеуметтік көмек 7 отбасына көрсетілді,          18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы 583 отбасындағы 1910 балаға және табысы аз 272 жанұяға берілді, жалпы барлығы 44,3 млн. теңге төленді. Ұлы Отан, Ауған соғыстарына қатысқандарға, Чернобыль апатынан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетіліп тұрады. 2017 жылы 1569 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 1917 адам қамтылды, 305,4 млн. теңге игерілді» – деді. Бұдан бөлек аудандағы игілікті істерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті.
Ауданда 42 білім және тәрбие беру мекемелері, оның ішінде 25 мектеп, 15 балабақша және 1 музыкалық мектеп пен 1 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. 2016/17 оқу жылдарын 740 класс-комплектіде 4627 оқушы аяқтаса, 2017/18 жылдардағы оқу маусымында 755 класс-комплектіде 7987 оқушы тіркелді. 13 елді мекеннен 211 баланы тасымалдап оқыту ұйымдастырылған. Аудандағы барлық мектептер компьютерлік техникамен жабдықталып, түгелдей интернетке қосылған. 11 мектепте лингофонды-мультимедиялық кабинет, барлық 25 мектепте      51 интербелсенді тақта орнатылған. Осы орайда аудан әкімі Алмас  Әділ: «Білім беру мекемелерінің стандартына сай келмейтін мектептердің санын азайту мақсатында Қызылтоған ауылында 120 орынды мектеп құрылысын, сонымен қатар Ақшатоған ауылындағы №5 орта мектептердің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз», – деді.
Денсаулық саласына қатысты Алмас Қабдулұлы: «Аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық және диагностикалық жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Қайтыс болған адамдардың санынан (264) дүниеге келген сәбилердің саны (831) басым. 2017 жылы Теректі ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, Айнабұлақ бекетінде медициналық пункттің, Көксу бекетіндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыстарына және орталық аурухана мен Алғабас дәрігерлік амбулаторияның ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге құжаттарды әзірлеу үстіндеміз», – деп өңірдегі жоспарда тұрған істерге тоқталды. 
Ауданда спортты жанына серік еткендердің қатары көп. Ал спортқа тарту бойынша пайыздық үлес 30,2%. Өткен жылы Балпық би ауылындағы орталық стадион жөндеуден өтті. Ал биыл жоспарда тұрған аталған ауылдағы сауықтыру кешенінің құрылыс жоспары дайын. Сондай-ақ, ауылдардағы Мәдениет үйіне де үлкен көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2017 жылы басталған Зылиха Тамшыбай ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары биыл аяқталып, 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 
«Туған жер» бағдарламасы арқылы 10 ауылдық округте жалпы құны 134,8 млн. теңге болатын 16 жобаны жүзеге асыру бойынша ұсыныс түскен. Ал бүгінгі күні 5 жоба бойынша жұмыстар толық аяқталды. Биыл 11 жобаны жүзеге асыру жоспарға енген. 
Көксу ауданында қылмыстық жағдайды 2016 жылмен салыстырғанда 8 жағдайға өскен. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 87,4 %. Ауыл округтерінің ішінде ең күрделі криминогендік жағдай Балпық би ауылдық округінде сақталып, 2017 жылы 232 қылмыс тіркелді. Ал ол аудан бойынша тіркелген жалпы қылмыстың 50,4% құрайды (31 қылмыс ашылмай тұр). Мұқыры ауылдық окургінде қылмыстық іс 2016 жылмен салыстырғанда 24 жағдайға өсті, яғни екі есе. Олардың бесеуі әлі күнге ашылған жоқ. Қылмыстың түрлері бойынша жекенің мүлкін ұрлау 12 жағдайға, мал ұрлығы 8 жағдайға өсті. Әкім осы тұрғыда ауданда әртүрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар істер атқарылып жатқандығын айтты.
Жарыссөзге шыққан ауданның Құрметі азаматы Наурыз Қылышбаев өңірдегі келелі істерге тоқталып, халықтың атынан басшылыққа ризашылығын білдірді. «Жетістігі мол, берекелі де мерекелі 2017 жыл әрқайсымыздың есімізде тек жақсылығымен сақталатындығы анық. Облысымызды өркендетуге атсалысқан көксулықтардың тапқан табысы, жеткен жетістігі, сөз жоқ, қомақты. Бұл құт қонып, бақ дарыған елдің жетістігі. Бірлігі бекем, іргесі берік елдің жасампаз тірлігі бұдан былай да жалғасты болсын», – деді Наурыз Қылышбайұлы. 
Жиналғандар аудан әкіміне сауалдарын қойып, бірқатар сұрақтарға жауап алды. Соның бірі Балпық би ауылын кесіп өтетін Алматы – Талдықорған жолы туралы. Аудан арқылы өтетін жол биылғы жылдың тамыз айында толық бітеді. Халық тарапынан түскен тағы бір сұрақ, аудандағы мектептер мәселесі болды. Бұл сұраққа облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы: «Бұл дәл қазір облыс әкімінің қарауында. Тікелей өзі қадағалап отыр. Былтыр облыс бойынша 33 жаңа мектеп салынды. Биыл 14 мектеп салу жоспарда тұр», – деп жауап берді. 
Аудандағы атқарылып жатқан істерге риза болған Лаззат Тұрлашов келесі жылы да бірқатар жұмыстардың істелетіндігін айтып өтті. 

Серік ҚАНТАЙ

Көксу ауданы