Жамбыл еліндегі жарқын істер

Уақыты: 02.02.2018
Оқылды: 1534
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына келген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ алдымен Мыңбаев ауылындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешеніне ат басын тіреді. Есімі елге әйгілі Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров өңір жетекшісін спорт нысанымен таныстырды.

Жақсылық Үшкемпіровтің бүгінде осы ауылды өркендетуге үлкен үлес қосып отырғаны белгілі. «Жақсылық» шаруа қожалығының жұмысын жолға қойып, кәсіпкерлік қызметтен халыққа көптеген игіліктер жасап жатқанын жалпақ жұрт жақсы біледі. Даңқты спортшы облыс басшысына айтулы додаларда жеткен жетістіктері мен жеке өмірінен сыр шертетін көрнекі ақпараттарды, спортзалда шеберліктерін шыңдап жатқан балғын боксшылардың жаттығу сәтін көрсетті. Мәртебелі мейман кілем үстінде шеберлік ұштап жатқандардың да белдесулеріне куә болды. Кешенде сонымен қатар ауыр атлетика мен фитнес, волейбол залдары бар. Грек-рим күресі, еркін күрес, қазақ күресі, самбо, дзюдо, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, бокс секцияларында 90 жасөспірім шұғылданады.
Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығына шынайы қуанған Амандық Ғаббасұлы Мыңбаев орта мектебінің спорт залымен де танысып, білім шаңырағындағы роботтехникасы кабинетіне кірді. Сандық технология сырына ден қойған 8, 9, 10-сынып оқушылары Ажар Дәулет, Индира Мұсахан, Ұлбике Төребек, Сәния Әкім, Қуаныш Садық өздері құрастырған роботтардың жұмысын таныстырып, ит, танк, піл, бармен, даяшы қызметтерін атқаруға арналған құлтемірлерді іске қосып көрсетті. Үйірме жетекшісі Аида Қарымсақова осындағы заманауи принтердің мүмкіндігі туралы әңгімеледі.
Одан кейін өңір жетекшісі «Жақсылық» балабақшасына барып, мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің жұмысымен танысты. Бүлдіршіндердің тақпақ айтып, ән салғандарына куә болды. Бұл балабақша Елбасының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі тапсырмасына алғашқылардың бірі болып нақты ісімен атсалысқан Жақсылық Үшкемпіровтің демеушілігімен осыдан үш жыл бұрын ашылған болатын. Ғимаратты өз қаржысына жөндетіп, жабдықтатқан демеуші балабақшаны мемлекеттік «Балапан» бағдарламасына енгізген. Меңгеруші Жұлдыз Жангелдіқызының басшылығымен 27 адам жұмыс істейді, төрт топта жүз бала тәрбиеленеді.
Бұдан соң облыс әкімі ауылдағы жатақханаға келді. Бұл да Жақсылық Үшкемпіровтің тікелей жүзеге асыруымен бұдан екі жарым жыл бұрын іске қосылған нысанның бірі және ауылдық жерде кездесе бермейтін бірегейі. Заман талабына сай жабдықталған жатақхананы халықтың игілігіне ұсынуы Жақсылық Үшкемпіровтің көптің қамын ойлаған тағы бір игілікті ісі. Бұрынғы бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, аршыған жұмыртқадай әдемі етіп әрлеп, тұрғындардың игілігіне ұсынғанына мыңбаевтықтар дән риза. Сыртқы келбеті ауылға көрік беріп, іші адамның жайлы тұруы үшін барынша қолайлы етіп жабдықталып, ыстық, суық су тартылып, канализация орнатылған, табиғи газбен жылытылатын 38 пәтерлі баспананың маңдайшасына оның «Жақсылық» тұрғын үй кешені екені жазылған. Шаруа қожалығының иесі осылайша «Қолжетімді баспана» бағдарламасына да қомақты үлес қосты. Мұндағы екі бөлмелі 11, бір бөлмелі 27 пәтерге 105 тұрғын қоныстанған. Аумағында автокөлік тұрағы, балалардың ойын алаңы бар. Әкім Салтанат, Мейрам мен Балжан, Нұргүл мен Сәдіхан есімді тұрғындардың шаңырағына кіріп шықты. Баспана әкімшісі Баян Тұрлыбекованың айтуынша, осы үйдегі отбасыларда жылына 5-6 сәби өмірге келеді.
Келесі кезекте жыл аяғында ғана Тұңғыш Президент күніне орай ашылу лентасы қиылған ауылдық Мәдениет үйіне кірді. Бұл руханият ошағы облыс әкімінің қолдауымен іске қосылды. Оның күрделі жөндеуіне бюджеттен 237 миллион теңге, материалдық базасына 14 миллион теңге жұмсалды. Қазір алты қызметкер еңбек етеді. «Өнер» мектебінің домбыра, вокал, ұлттық би, актерлік шеберлік, фортепьяно, гитара сыныптары, қолөнер үйірмесі жұмыс істейді. Облыс әкімі осында орналасқан ауылдық кітапханамен, 400 орынды көрермен залымен танысты. Белгілі кәсіпкер, облысты мәслихат депутаты, Мыңбаев ауылының көркеюіне көп үлес қосқан асыл азамат Жақсылық Үшкемпіровтің сіңірген еңбегі расында ерен.
Мыңбаев ауылындағы жан жадыратар шаруаларға қаныққан облыс жетекшісі Ұзынағаш ауылына жол тартып, осындағы аудандық Мәдениет үйінің кіреберісіне аз-кем аялдады. Мұнда ақындар мен батырлар елінің әлеуметтік-экономикалық даму барысынан мағлұмат беретін көрмені аралап шықты. Одан кейін лық толы көрермен залында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрғындар алдында берген қорытынды есебіне қатысты. Халықпен кездесуге аудандық мекеме, ұйым, құқық қорғау органдары басшылары, ауыл әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және аудан орталығы мен алыс-жақын елді мекендерден тұрғындар жиналды.
Өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар аудан әкімінің баяндамасында жан-жақты тарқатып айтылды. Елбасы тапсырмасына орай қабылданған мақсатты бағдарламалардың орындалғаны, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің өркендеуі, кәсіпкерліктің кеңеюі, жаңадан бой көтерген сәулетті құрылыс нысандары мен халыққа көрсетілген әлеуметтік қамқорлық, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы тың ізденістер, өзге де аса маңызды шаруалардың барлығы дәйектелген сандар тілінде, нақты мысалдармен алға тартылды.
Былтырғы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, барлық саладағы даму көрсеткіштерін тілге тиек еткен баяндамадан қыруар істің тынысы сезіледі. Ауылшаруашылығы бойынша 42 миллиард 715 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Аудан дәнді дақылдар, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруден және мал басының саны бойынша облыста алдыңғы орында тұр. Қой-ешкі өсіруден бірінші, ірі қара, жылқы және түйе өсіруден екінші, құс санынан 5-орын алады. Салада 3950 тауар өндіруші еңбек етеді, оның 3497-і шаруа қожалықтары. Егін шаруашылығында 97662 гектар жер игеріліп, 108 193 тонна астық, 4 363 тонна майлы дақылдар, 27 132 тонна көкөніс, 31 175 тонна картоп,      9 143 тонна бақша өнімдері, 789 тонна жеміс-жидек жиналды. 
Өнеркәсіп саласында 14 миллиард 85 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бір жылдың ішінде үш жаңа кәсіпорын іске қосылды, екі кәсіпорын қызметін кеңейтті. Биыл тағы бір кәсіпорын ашылмақ. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуымен бірге қосымша жұмыс орындары көптеп ашылу үстінде. Үлгілі ауылында 300 бас сауын сиырға арналған ферма салынып жатқанын, «Империя-Фуд» ЖШС 8 мың тонна ет өңдейтін комбинаттың құрылысын қарқынды жүргізе бастағанын, «Ранай» шаруа қожалығы 44 гектар алма бағынан биыл алғашқы өнім алатынын, соған сай сыйымдылығы 1050 мың тонна жеміс сақтау қоймасы салынғанын, «Грин Фарм» ШҚ жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырмақшы екенін жұртшылыққа мәлім етті.
Жыл ішінде атқарылған жұмыстармен қатар алдағы жоспарланған істерге жан-жақты шолу жасалып, өндірісті өркендету тетіктері баяндалды. Жетістіктер әкім баяндамасында да, жарыссөзге шыққандардың сөздерінде де жан-жақты айтылды. Әкім сұрақ қойған әр тұрғынға тиянақты жауап қайтарып, көтерілген мәселелердің барлығын жүйе-жүйесімен түсіндірді. Бұл орайда Қасымбек ауылынан Сәуле Сағымбаева ауыл мектебі ғимараты тозғандықтан сын көтермейтіні, Қуаныш Жұмабекова Ұзынағаш ауылының ішкі жолдарын жөндеу, жаңақұрылыстық Гүлмира Сейполдаева ауылға ауызсу жүйесін жүргізу, ауданның Құрметті азаматы Төлегетай Ақбауов 30 мыңға жуық тұрғыны бар Қарғалы ауылында өнер мектебін ашу, Балжан Досалы жастарға қызмет көрсету орталығын құру, Лия Момбекова жастарды тұрғын үймен қамту, Мұхамади ақсақал көппәтерлі бесқабатты тұрғын үйге ортақ жылыту қазандығын салу, алыстағы Айдарлы ауылынан Саяхат Әдепқызы пошта қызметін жақсарту, Тарғап ауылынан Жансая Сәукенова үлкен күре жолдың бойында орналасқан елді мекенде дәрігерлік амбулатория ашу сияқты мәселелер көтерді. Ұсыныс-пікір білдіріп, ойларын ортаға салған тұрғындар аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Қорытынды сөз алған облыс басшысы Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстыра келе ақындар мен батырлар елінде көп жұмыстың жүзеге асырылып жатқанын, жарқын бастамаларға қолдау әрқашан табылатынын атап өтті. Аграрлы аймақта, әсіресе, ауылшаруашылығы саласында өрісті өркендеу бар. Алайда жіберілген кемшілікті де сынға алды. Ауданда білім сапасының төмендігі мен ана өліміне жол берілгендігі ешқандай ақтап алуға келмейтіндігін шегелей айтып, оны түзеуді тапсырды.
Облыс әкімінің ашық әңгімесіне зер салып, ынта-ықыласымен тыңдаған жамбылдықтар жиын соңында Амандық Ғаббасұлының халықтық әкім деген атқа лайық тындырымды жұмысына ризашылықтарын жеткізіп, ақсақалдар мен ақжаулықты аналар шын көңілден бата-тілектерін білдірді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы