Бүлдіршіндер мектепке дайын ба?

Уақыты: 06.02.2018
Оқылды: 1600
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облыстық  білім басқармасының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында мектепке дейінгі білім беру мәселесін талқылаған семинар-кеңес өтті. Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс –қимыл Ұлттық бюросының «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» Алматы облысы бойынша департаментінің штаб басқармасының басшысы Асқар Оспанбеков, білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмагүл Оңғарбаева, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысының орынбасары Марат Исмайлов, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының Қазақстандық қауымдастығы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша филиалының директоры Күләнда Батырбекова қатысты.

Семинарда мектепке дейінгі ұйымдардағы санитарлық-гигиеналық жағдай және нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар турасындағы кемшіліктер туралы сөз болды.  Оқыту мазмұнын жаңарту жағдайындағы білім беру үрдісінің бір ізге келуі, сыбайлас жемқорлықтың алдына алу шаралары да кеңестен тыс қалмады.

Жиынның кіріспе сөзін Майгүл Тілеутайқызы ашты. Ол алдыңғы жылды қортындылай келіп, ағымдағы жылдың жоспарымен бөлісті. – Өткен жылдан бері облыста 1022 мектепке дейінгі мекеме жұмыс жасайды. Оның  610-ы балабақша болса, 412-сі шағын орталық, – дей келе осы жылы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтуды 98 пайызға көтеру көзделіп отырғанын айтты. Айталық, 6395 орынды 75 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарлануда. Онда 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке сақадай-сай дайындалатын болады. Сонымен қатар барлық баланың мектепке дейінгі білім алуына айрықша көңіл бөлінуде.

Ал кәсіпкерлер палатасы біршама ілкімді істермен айналысуда. Соның бірі – өз ісін ашқан азаматтардың құқығын қорғау. Бұл орайда білім бөлімімен келіссөз жүргізілу үстінде.

– Жалпы өткен жылы облыстық палатаға 233 шағым келіп түсті. Оның 80 пайызы оң нәтижемен  аяқталды. Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық кеңестің 8 отырысы болып өтті. Онда талқыланған 25 мәселенің 8-і шешімін тапты. Бұл мәселенің шешілуіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің үлесі зор, – деді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Алмагүл Оңғарбаева.

Бала – біздің айнамыз, біз қалай тәрбиелесек солай әрекет жасайды. Ал бүлдіршіндеріміздің сапалы білім мен тәлімді тәрбие алуы осындай мекемелердің арқасында жүзеге асады. Сондықтан білім мен тәрбиеге қатысты істе еш олқылық болмауы тиіс.

Думан КЕҢШІЛІК