Кемел Тоқаевқа - 95 жыл, бірақ...

Уақыты: 07.02.2018
Оқылды: 1430
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков аудан халқының ортасында болып, кезекті есебін өткізді. Ауданға жаңа келген басшы барлық округті аралап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, ауылдың негізгі ахуалын өз көзімен көріп қайтты. «Жас келсе – іске» демекші, Рауан Тұрданғазыұлының күрмеуі қиын мәселені көкейіне түйіп, түйінін шешу жолдарын қарастыруды назарға алғаны айқын білініп тұр. Бұл жайтты аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен қорытынды есеп беру жиынында жасаған баяндамасынан байқадық. Сонымен, ақпан айының басында Қаратал өңіріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов арнайы барып, аудан әкімі Рауан Рақымбековтың тұрғындар алдындағы есебіне қатысты.

Алдымен өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнестің өндіріп жатқан өнімдері қойылған көрмені аралап шықты. Есеп беру шарасына барлық округ әкімдері мен аудандық мекеменің басшылары, жастар мен аудан тұрғындары жиылды. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смайлов жүргізіп, бұған дейінгі аудан әкімінің өткізген  есептік жиындарына қысқаша тоқталып, тұрғындардың берген бағасын тілге тиек етті. Жиын регламентін баяндағаннан кейін бірінші сөзді аудан әкімі  Рауан Рақымбековке берді.
Өзінің есебін Елбасы Н. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан бастап, негізгі он міндетті нақтылап жеткізген Рауан Тұрданғазыұлы атқарылған істер мен алдағы міндеттер жайында жан-жақты айтып өтті. 
Ауданда ілкімді істер көп. Бұған дейінгі жиындарда халықтың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап қайтарылды. Мәселен, Үштөбе қаласындағы Т. Рысқұлов көшесіне төселген асфальттің тозығы жеткен болатын. Міне, сол көше өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, толықтай пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудан орталығында балалар мен жасөспірімдерге арналған су жаңа спорттық база бой көтеріп, бүгінде ел игілігіне ұсынылды. Бұл қала ішіндегі жағымды жаңалық болса, Ақжар ауылында ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Сондай-ақ, Үшкөмей, Көкдала ауылында да ауызсу мәселесі оң шешімін тауып, халық таза суды пайдаланып келеді. Алдыңғы бес мәселенің шешімі табылып, халық игілігіне жараса, алтыншы сауал да өз шешімін таппақ. Ол ең негізгі мәселе – білім ордасы жайында. 1938 жылы салынған Панфилов орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу экономикалық жағынан негізсіз  деп танылды. Осыған орай бүгінде жаңа мектептің сметалық-жобалық құжаттары дайындалып жатыр. 
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы да көңіл көншітерлік. Өткен жылы бюджетке болжамдағы 1 млрд. 31 млн. теңгенің орнына 1 млрд. 69 млн. теңге құйылған. Жергілікті бюджет 103,3 пайызға, республикалық бюджет 105,6 пайызға орындалған. Өнеркәсіпте 2 млрд. 400 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, бұл  көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 115 пайызды құрап отыр. 
Шағын және орта кәсіпкерлікте де ілгерлеу бар. Ауданда орта кәсіпкерлікте 2373 бірлік жұмыс істейді. Аталған шағын кәсіпорындар 6116 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл сайын жұмыспен қамту деңгейі артып келеді. Мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда 62 адамға көбейіп, 4 млрд. 269 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 421, 3 млн. теңге салық құйылған. 
Қаратал ауданы өнеркәсіппен қатар ауылшаруашылығына да ыңғайлы аудан. Күріш пен дәнді дақылдар аудан халқының негізгі шаруашылығы. Теміржолдың бойына орналасқан елді мекендер егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да өркендетіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да бір ізге келтірілген. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында жоспардағы 300 бас малдың орны 438 баспен толықса, «Алтын асық» бағдарламасымен малдың басы 600 басқа артқан. «Құлан» бағдарламасы 106 пайызға орындалды. Мал санының өсуі қарқын алып келеді. Ірі қара  саны 1185, қой мен ешкі саны 1224 басқа өскен. 
Қант қызылшасын өсіру де оң шешімін тапты. Дақыл алқабы  2016 жылға қарағанда 160 гектарға ұлғайып, 1100 гектарға қант қызылшасы себілген. Өнім өнімділігі гектарына 372,7 центнерді құрады. Көлемі 1,65 гектарды құрайтын 13 жылыжайдан екі айналымда 188 тонна өнім алынды. Қысқы мал азығы да уақытында дайындалып, төрт түлік мал жемшөптен тарықпайды. 
Аудан экономикасының өркендеуіне, қаланың ажарлануына көрік беретін саланың бірі құрылыс. Ауданда бұл жұмыс та өз кезеңімен атқарылуда. Жалпы құрылыс сомасы 5 млрд. 564 млн. теңгені құрап отыр. Нақтырақ айтар болсақ, жергілікті полиция қызметінің екіқабатты ғимаратына 60 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сегіз ауылдық округте тұрғын үйлерімен біріктірілген учаскелік полиция пункттері салынып, қолданысқа берілді. 
Қалаға көрік берер құрылыс нысанының бірі – Үштөбе қаласындағы теміржол вокзалы. Дәл қазіргі уақытта 95 млн. теңге қаражаты игеріліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақжар, Көкдала, Үшкөмей, Қарақұм ауылдарының ауызсуы 2018 жылы аяқталады. Жол мәселесіне келсек, қала ішіндегі Т. Рысқұлов көшесімен қатар Жәлменде би, Қарасай батыр, Ә. Молдағұлова, І. Жансүгіров көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Кәлпе ауылындағы Тоқаев көшесі мен Қызылжар ауылындағы Шоссейная көшелеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. 
Аудан әкімі әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, бірқатар мәселенің тиегін ағытты. Рауан Тұрданғазыұлының баяндамасынан кейін ортаға аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы С. Беков шығып, аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашовқа өтініш, тілегін де айтты. Аудандық ақсақалдар алқасының атынан аудан орталығында орналасқан бұрынғы «Шығыс» кинотеатрын аудандық кітапханаға айналдыруды өтінді. Оның бір жағын кітапхана жасасақ, екінші бөлігін ауданның көне тарихынан сыр шертетін көрмеге айналдырсақ деген ниетін жеткізді. Осы мәселе облыс басшысынан қолдау тапса, жүзеге асуына қол ұшын берсеңіз деген өтінішін айтты. Мұнан кейін ортаға Алмалы ауылынан Қуандық Әбдікәрімов шығып, ауылдағы ілкімді істерді жіпке тізгендей етіп айтып берді. Мұндай жағымды жаңалықтардың барлығы басшылықта отырған іскер азаматтардың арқасында жүзеге асып жатқынын айтып, барлығына ақ батасын арнады. Ақ батадан кейін ортаға жеке кәсіпкер Жанәділ Бейсембаев көтеріліп, аудан әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сөз соңында ол  детектив жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл толғанын, осы дарынды жазушының кіндік қаны тамған ауылдағы Мәдениет үйінің тозығы жеткенін айта келіп, мерейтойын өткізу мәселесі жоғарыдан қолдау тапса деген тілегін айтты. 
Есеп беру жиынының соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып, ең алдымен Елбасының Жолдауы жайлы әңгіме қозғады. Одан кейін аудандағы атқарылған жұмыстарды, ондағы жетістік пен кемшін тұстарды саралап өтті. Сонымен қатар ауданға жаңа сайланған әкім Рауан Рақымбековке жаңа міндеттер жүктеп, бүгінгі айтылған ұсыныстарды хаттамаға енгізіп, алдағы уақытта шешу жолдарын қарастыруға күш салу керектігін қадап айтты. 
Жиын соңында аудан тұрғындарының жұмысына сәттілік тіледі.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ