ДАМУ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙЕДІ

Уақыты: 10.02.2018
Оқылды: 1059
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

     Талдықорған қаласының әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ халық алдында қорытынды есеп берді. Қала тұрғындары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, округ әкімдері, қалалық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған алқалы жиынға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, облыс орталығында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне орай нақты тапсырмалар берді. Есептік кездесуді қалалық мәслихаттың хатшысы Қайрат БОДАУБАЕВ ашып, жүргізіп отырды.


Мінберге көтерілген қала әкімі Бағдат Қарасаев өз сөзін:
– Қалалық жергілікті атқарушы органдар 2017 жылы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бағытында нәтижелі жұмыс істеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 800-ден аса іс-шара өткізіліп, оларға 63 мыңнан аса тұрғын қатысты. Биылғы жыл басынан бері қала тұрғындарымен 11 есепті кездесу өткізілді. Кездесулерге 3 жарым мыңнан аса тұрғын қатынасып, 90-ға жуық адам өз пікірлерін, ұсыныстарын білдірді. Қазір олар бойынша арнайы жұмыс жоспарын қабылдап, шаралар атқарудамыз, – деп бастап, межеленген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Былтырғы есепті кездесулер қорытындысында қабылданған іс-шаралар жоспары толық орындалды. Атап айтқанда, жол құрылысы, оларды жөндеу, саяжайлардың электр желілерін жаңғырту, абаттандыру, санитарлық жағдай,  денсаулық сақтау нысандарының құрылысы, ауызсумен қамтамасыз ету, одан басқа арық желілерін жөндеу және олардың құрылысы, қоғамдық көлік жұмысы, ауылдық дәрігерлік амбулаторияларды кадрлармен қамту сынды  мәселелер толығымен орындалды.
Баяндамашының айтуынша, жоспардың орындалу барысы мерзімді баспасөз бен телеарналарда хабарланып, тұрғындарға баяндалды. Соған орай былтыр тұрғындардан түскен 7595 өтініш пен  40 телеграммаға нақты жауап беріліп, мыңнан астам тұрғын қала әкімінің қабылдауына кірген. Сонымен қатар, облыс орталығындағы халық саны жыл өткен сайын өсіп, былтыр 172,1 мың адамға жеткен. Сондай-ақ, 4258 нәресте дүниеге келген. Халқының саны өскен қаланың өнеркәсібі 67,0 миллиард теңгеден асқан. Қаладағы өндіріс орындары соңғы үлгідегі технологиямен жаңартылып, өндіріс көлемін арттыруда. Атап айтқанда, «Қайнар-АКБ» ЖШС мен «JLC Сүт» ЖШС-ін жаңарту мен өндіріс көлемін ұлғайтуға 1,5 миллиард теңге инвестиция құйылды. Одан бөлек, жаңадан 7 кәсіпорын ашылып, 237 жаңа жұмыс орнының құрылуына септігін тигізген. Олар – дайын металл құрылғылар шығаратын «Баян» жеке кәсіпкерлігі, жартылай дайын тамақ өнімдерін шығаратын «Тоқтағұлова» жеке кәсіпкерлігі, гидропонды жем шығаратын «Жасыл өнім» жеке кәсіпкерлігі, құрама жем шығаратын «Овощеград» ЖШС, соя өңдейтін «Талдықорған май өңдеу зауыты» ЖШС, синтепон материал өндіретін «Сәтжан» ЖШС, пластик терезелер мен есіктер жасайтын «Ли Ю.А.» жеке кәсіпкерлігі. Қаланың ең басты жетістігінің бірі –  «Талдықорған» индустриалды аймағының іске қосылуы. Онда қазір өсімдік майын шығаратын «Сарқан Май» ЖШС мен синтетикалық жуғыш ұнтақтар өндіретін «Аманат-Қазына» ЖШС жұмыс істейді. Қос өнеркәсіп 45 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығының өндірістік әлеуеті артып келеді. Соған орай жақын жылдарда қой жүнін өңдейтін зауыт, заманауи үлгідегі жылыжай, май шығаратын дақылдарды өңдеу зауыты салынады. Осы жобалардың бәрі де жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
    Қала аумағында жұмыс істейтін 98 шаруа қожалығына 1,3 миллиард теңге көлемінде субсидия беріліп, мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соған орай былтыр 16,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, егістік алқабы 6566 гектарға жетті. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 71 шаруа қожалығы бірігіп, 5 кооператив  құрылды. «Көгер-ЛТД» және «Сардар-ЛТД» серіктестіктері өндіріс көлемін арттыруда.
    Қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік саласы өркендеп, 85,8 мың адам кәсіпкерлікпен айналысуда. Соның арқасында жергілікті бюджетке түскен салық 88,0%-дан асып, 14,8 миллиард теңгені құрады. Қалада тіркелген 9861 кәсіпкерлік субъектісінде 26 мыңнан астам жұмыс істейді. Осы субъектілер былтыр 58,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Соған орай «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен оларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. Одан бөлек, кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы 227,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
    Жыл өткен сайын ауқымы ұлғайып, көркейіп келе жатқан Талдықорғандағы құрылыс қарқынды жүргізілуде. Соның арқасында былтыр Салтанат сарайы, Көрме кешені, Рухани жаңғыру орталығы сынды ерекше ғимараттар пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 34,0 миллиард теңгені құрап, аумағы 100,0 мың текшеметрге тең тұрғын үй халықтың игілігіне берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасымен бөлінген 4,5 миллиард теңгеге 562 пәтерлік 4 несиелік үй және 120 пәтерлік 2 арендалық үй салынды. Одан бөлек, 2,0 километрлік жылыту желісі, 14 километрлік телефон желісі, 18 километрден астам электр желісі тартылды. Сондай-ақ, биыл 106 мың текшеметрге тең коттедж қалашығы, 520 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қаланың оңтүстік-батысында орналасқан 8-9-ықшамаудандардың құрылысын жүргізу де жоспарлануда. Одан бөлек, биыл жүзу бассейнінің, «Азаматтарға арналған үкімет» ғимаратының, музыка мектебінің, драма театрдың құрылысы аяқталуы тиіс. 
    Сондай-ақ, қала аумағындағы саяжайлық аймақтар мен округтерді ауызсумен, жылумен, электр қуатымен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Былтыр қаланы көркейтуге 2,0 миллиард теңге бөлініп, ұзындығы 14,0 километрге тең шаруашылықішілік арналар мен 13,0 километрге тең арықтар жасалды. Тұрғындардың тиімді демалуы үшін Орталық саябақ жаңартылып, қалалық бассейннің аумағы көріктендірілді. 9 спорттық алаң жаңартылып, 13 аула жасалды.
    Биылғы жылдың басты міндеттерінің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің жаңа үлгісін енгізу. Осыған орай «Қаратал» ықшамауданында сыйымдылығы 5 шаршыметрге тең жаңа үлгідегі қоқыс контейнерлері орнатылып жатыр. Бұл қала көшелерінің тазалығын ойлаудан туындап отыр. 
    Қала тұрғындары үшін өткен жылдың ең айтулы жаңалығы – табиғи газдың келуі болды. Осыған орай Талдықорғанды газдандырудың 4 кезеңдік жұмысы бойынша 55 мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Алғашқы кезеңде қаланың жеке үйлеріне табиғи газ тартылып, енді екінші және үшінші кезеңнің жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның арқасында бүгінгі күні 393 абонент табиғи газға қосылып, 233 абонентті қосу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған жылыту қазандықтарын табиғи газға қосуға қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалу үстінде. Бұл қала ауасының тазаруына септігін тигізері анық. Қала көшелерін жөндеу жұмыстары газдандыру шараларына орай жүргізілуде. Осыған байланысты жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, жоспарлы жөндеу секілді жұмыстарды тоқтатпауды тапсырған облыс әкімі Амандық Баталов жолаушылар тасымалдайтын компанияларға талап қою керектігін ескертті. Өйткені, облыс орталығының көшелері соңғы үлгідегі жаңа автобустардың жүруіне мүмкіндік береді. Баяндамашы білім, денсаулық, мектеп оқушыларының жазғы демалысы, қоғамдық тәртіп секілді маңызды салалар бойынша да қол жеткен жетістікті таныстырып, көрсеткіштерді көпшіліктің назарына ұсынды.
    Одан соң Кристина Титова, Дәметкен Кендірбаева, Абдурасул Муллахунов, Айдар Тұрсынғазы, Илгас Ахметова, Азамат Мұратбаев, Мадина Ерболған, Павел Блочко есімді тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген қала әкімінен соң мінберге көтерілген облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу жерінің орталығы саналатын Талдықорғанның көркеюі, жаңадан үйлер салынып, көшелерінің жаңартылуы, соңғы үлгідегі технологияның көшелерде қолданылуы заман талабынан туындап отырғанын атап өтті.
– Қала басшылығы 2017 жылдың қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Және облыс деңгейіндегі көрсеткіштер де жаман емес. Оны айтуға тиіспіз, – деген Амандық Ғаббасұлы бірқатар мәліметтерге тоқталды. – Мүлікті заңдастыру шарасы кезінде заңдастырылған мүліктің 49 пайызы Алматы облысына тиесілі болды. Осыған байланысты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші күрт өсті. Нәтижесінде облыс бойынша    1 миллион 287 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның ішінде Талдықорған қаласының орны бөлек. Қазір қалада қандай игілікті істер жасалып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Шағын және орта кәсіпкерлік өркендеп, жолдар салынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар толастамайды. Биылдың өзінде 10 көше күрделі жөндеуден өткізіледі.
    Осы мәселелер жайында айтып өткен облыс әкімі Талдықорған қаласы бойынша атқарылатын жұмыстарға қатаң бақылау жасалатындығын ескертті. Әсіресе, жолдардың бүтіндігі, тұрмыстық қалдықтардың шашылмауы, ғимараттардың көріктендірілуі, жолаушы тасымалының сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Сонымен қатар, жас отбасыларды, жетім балаларды, көпбалалы аналарды баспанамен қамтамасыз ету ісінің қатаң қадағалануы тиістігін ескерткен өңір жетекшісі қаладағы үйлерді табиғи газбен қамтамасыз етудің маңыздылығы жайында айтып өтті. Осындай өзекті мәселелерге тоқталған Амандық Баталов бұл жайттың тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. 
    Елбасы айтқан қаланы цифрландыру жұмыстарын да жүйелі жүргізу керек. Бұл өз кезегінде көшелердегі бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істеуіне, қоғамдық тәртіптің сақталу деңгейін анықтауға, мектеп оқушыларының сабақ үлгерімін үйде отырып білуге септігін тигізеді. Одан бөлек, қант қызылшасы егістігінің ауқымы өсе беретінін әңгімелеген өңір жетекшісі енді Райымбек ауданында картоп өсіру көлемін арттыруды қолға алатынын жеткізді. Сондай-ақ, республикалық автокөлік жолдарын салу жұмыстары жалғасып, Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық, Молалы – Балқаш, Жалаңаш – Көлсай бағыттарындағы жолдар жасалмақ.
    Осылайша жақсы жаңалықтар мен игілікті істерді таныстырумен аяқталған есептік кездесуде қала әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді.

Мәди АЛЖАНБАЙ.