Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ: "Кейде қазақ болып туғаныма өкінемін!"

Уақыты: 19.02.2018
Оқылды: 2638
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Белгілі жазушы мұндай пікірді атаққа, даңққа, ақшаға, малға, мансапқа деген құмарлықтардың қазақ қанына шектен тыс сіңіп кеткендігіне күйіне отырып келтірді. «Бұл жағдай Абайдың да басынан өтті. Егер бала кезімде үлкендер мені оқу, білім, ғылымға үндеген болса, еш өкінбес едім», – дейді Жұмабай Шаштайұлы. Иә, данышпан Абай да өз ұлтының кемшіліктерін сынап, сан мәрте ашына өлең жазғаны мәлім. Қаламгер өкіну туралы сөзін туған жұртына деген шексіз сүйіспеншілігін сездіре отырып жеткізді. Бұл сөзді шығармашылықтың биігінен қарайтын адамдардың кезекті бір торығуы деп қабылдаған абзалырақ. Сонымен...

Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында қаламгерлер Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат және Айнұр Төлеудің қатысуымен кездесу өтті. Кеш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Ендігі уақытта ай сайын Жетісудан қанат қаққан қазіргі қазақ әдебиетінің үш буын өкілімен кездесу өтеді. Шара Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өрбіді. Жазушы Есболат Айдабосын кешті жүргізіп, әртүрлі сауалдар жолдады.

Шопан отбасында дүниеге келіп, қой баққан бала Жұмабай: «Ақын, жазушы болсам», - деп армандаған екен. Сол үшін жатпай, тұрмай кітап оқып, білім көкжиегін кеңейтеді. «Менде қой бақтым», – деген «Абай.кz» порталының бас редакторы Дәурен Қуат ертерек кеш батса екен деп тілеген көрінеді. Өйткені, күннің ыстығында қой артынан қуалау оңайға соқпапты. Әдебиет, проза жайлы сөз қозғаған ол: «Нағыз проза 40 жастан кейін басталады»,  - деген пікірді алға тартты. «Өмірде өкінішіңіз бар ма?» - деген сауалға жауап берген әдебиеттанушы Айнұр Төлеу керексіз кітапты көп оқығанын айтып, соған өкінетіндігін жеткізді. Бұдан бөлек, кездесуде әдеби сын, кітап шығару, шығарма жазу, іздену мен қаламгерлердің жауапкершілігі секілді тақырыптар қозғалды. Кітаптың оқылмай жатқандығы да тілге тиек етіліп, журналистиканың жай-жапсары да сөз болды.

Кездесу кешіне жиналған қонақтар мен студенттер сұрақ қойып, қаламгерлердің пікірін білді. Ойларын еркін жеткізіп, ақыл-кеңестеріне құлақ түрді. Шара соңынан үш құрметті қонаққа естелікке өз суреттері сыйға тартылды. Оқырмандармен, студенттермен суретке түсті. Толығырақ "Жетісу" газетінің сейсенбідегі санынан оқи аласыздар.

Мәулен ӘНЕРБАЙ