САПАЛЫ ЕТ ӨНДІРЕДІ

Уақыты: 19.02.2018
Оқылды: 1097
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Елбасы Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ауылшаруашылығы субьектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек» деп атап көрсетті. Райымбек ауданында өткен жылы 10 кооператив құрылды. Соның бірі Сарыжаз ауылындағы «Лабасы – 1» мал бордақылау кооперативі. Оның жұмысымен арнайы барып таныстық.

 

    Ұстаз отбасынан шыққан, жастайынан спортпен шұғылданып өскен, Алматы қаласындағы дене тәрбиесі институтын бітірген Азамат Үсеновтей жігіттің қолына алып, жүргізіп отырған    шаруасы бізді қуантты. Аталған кооператив өткен жылғы тамыз айында құрылыпты. Оның 20 мүшесі бар. 
     Азамат Үсенов басқаратын құрылымның басты мақсаты – жылқы, ірі қара малын бордақылап, семіз де сапалы ет өндіру. Оның сыртында асыл тұқымды ірі қара малын өсіру. Сол үшін де олар өткен жылы Ақмола облысындағы Ерейментау ауданынан 50 бас асыл тұқымды аналық бұзаулар сатып әкеліпті. Негізі қазақтың асыл тұқымды «Ақбас» аналығы мен «Ангус» асыл тұқымды бұқаларынан жаралған. Небары 13 айлық таналардың салмағы 350 келіге дейін жетіпті. Қазірдің өзінде құнажындай көз тартып тұр.
     Азамат Үсенов басқаратын кооператив өткен жылы Сарыжаз ауылының бас жағынан келіскен малшы үйімен қатар 120 басқа арналған мал бордақылау алаңын салыпты. Алғаш 135 бас өгіз бордақыланса, қазір 75 бас тұр. Сүйекті, ірі, семіз өгізшелер шетінен қоңды. Оларға бұқтырылған бидай, туралған көк балауса беріледі. Мал бордақылау алаңының бір жағында 1 жасар 45 бас бордақылануда. Кооператив мүшелері қараша, желтоқсан айларында соғымдық жылқы, ірі қара сатыпты. Сөйтіп жағдайларын жақсарта түскен. 
– Жалпы, таулы өңір тұрғындарынан мал сатып алып, оны өсіріп, бордақылап, қала халқына семіз ет өткізіп жүрмін. Осы мал бордақылау алаңының бір жағынан мал соятын пункт ашсам деген жоспарым бар. Бұған ауыл, аудан басшылары қуана келісіп отыр. Сол үшін Алматы қаласынан 10 миллион теңге тұратын мал соятын цех алуға келісіп қойдым. Осы цехты орналастыруға жер болмай тұр. Сол үшін менің кооперативімді жеке шаруа қожалығы немесе кәсіпкер ретінде тіркеп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан бағдарламаларға қатысуыма мүмкіндік жасалса, кооперативіме қажетті жер беруге көмек көрсетілсе жақсы болар еді. Аудан басшыларынан сұрарым осы, – дейді Азамат Үсенов. 
    Іс бастап, дәл осындай игілікті шаруасын дөңгелетіп отырған жігіттерге қалайда қолдау, көмек көрсетілгені абзал. Азаматтың әкесі Жұман Үсенов бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Қазір зейнет демалысында. Аталған әулет жерлерінің жоғы рас. Бауырларын ауылға шақырып, кооператив құрып, ел мен жердің жағдайын жақсартсам деген Азаматтың тілегі орындалады деген сенімдеміз. 
    Кооперативтің негізгі бағыты мал тұқымын асылдандыру болса, 62 бас аналық ірі қара малы асыл тұқымды «Герефорд» ірі қарасының тұқымымен қолмен ұрықтандырылмақ. Бұған институттың мамандары көмекке келетін көрінеді. Бәрекелді! Алдағы уақытта бұл құрылым асыл тұқымды мал сататын игі орынның біріне айналады деген сөз. Азамат Үсенов кооперативінің игілігі үшін 2 трактор, шөп тайлағыш агрегат сатып алыпты. Сол арқылы ауыл тұрғындары жерлерін жалға алып, мал азығын дайындаған. Күнделікті жұмыстарын иықтарымен көтеріп жүрген Серік Үсенов, Махамбет Үсенов, Ернат Дәркенбаев, Айдос Мәкенұлы секілді кооператив мүшелерін орнымен сөз етуге болады. Қалай десек те өзіміз көзімізбен көріп, танысқан мал бордақылау кооперативінің, оның сыртында мал тұқымын асылдандыру, мал соятын орын ашсам деген жылы ниеттегі құрылымның келешегі кемел деп бағаладық. Тек оларға қажетті жер керек. Ауылшаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысуына, тиісті қолдау көруіне жағдай жасаған абзал. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы