ҰЛТТЫҚ БАНК БАЗАЛЫҚ СТАВКАНЫ 14,25 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕТТІ

Уақыты: 12.07.2024
Оқылды: 241
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлттық Банк базалық ставканы 14,5%-дан 14,25%-ға дейін төмендету жөнінде шешім қабылдады.


Ұлттық банк мәліметінше, мамыр және маусымда жылдық инфляцияның біртіндеп төмендегені байқалған.

“Халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі жоғары мәндерден кейін төмендеді. Әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейде инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыздау болып отыр. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру мен тұтынушылық кредиттеу қолдайтын тұрақты ішкі сұраныстың, сондай-ақ жалғасып жатқан реттелетін бағалар реформасының салдарынан инфляциялық қысым сақталуда”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар Ұлттық банк келіп түсетін деректерді, соның ішінде баға өсуінің тұрақты бөлігін және жалпы инфляцияның таргетке жақындау траекториясын бақылайды.

“Алдағы тамыз айында болатын болжамды раунд аясында фискалдық саясаттың параметрлерін қоса алғандағы қалыптасатын тәуекелдер балансы, сондай-ақ бағамдық фактордың салдарынан ақша-кредит шарттарының жұмсару әсері бағаланады. Баға өсуінің бәсеңдеу үрдісін бекіту үшін және инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттары ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң қалпында сақталады”, – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Биыл маусым айында елдегі инфляция деңгейі 8,4%-ға дейін төмендеген. Инфляцияның баяулауына азық-түлік тауарларының төменірек инфляциясы, сондай-ақ тарифтік реформаны іске асыру қарқынының бәсеңдеуі негізгі үлес қосуда.

“Осыған қарамастан, жылдық инфляция құрамында "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы және нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтердің бағасы барынша өсіп келеді”, – дейді Ұлттық банк өкілдері.