БІЛІМІҢДІ КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫР

Уақыты: 13.07.2024
Оқылды: 311
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Кәсіпкер деген кім? Ол – меншік иесі және өз жұмысының жандануы үшін кез келген істе тәуекелге бел буатын адам.


Басты капиталы – ұшқыр ой, тұтынушы талғамынан шыға білу мақсаты. Сала адамды жаңа ізденіске бағыттап, жаңалықтарды жүзеге асыруда алға жетелейді. Орайы келген оңтайлы іс қана оған табыс әкеліп, пайдаға кенелтеді. Кәсіпкерліктің қалай пайда болғанын ой таразысына салып көрейікші. 

Бұл тұрғыда кедейлер басқалардың жетістігінің басты себебі – байланыс, орташа табысы бар адамдар – білім, ал байлар – қажырлы еңбек деп санайды. Деректерге сүйенсек, кәсіпкерліктің дамуы орта ғасырдан бастау алыпты. Сол кездің өзінде-ақ оларды көпес, саудагер, қолөнер шебері деп атаған. Саланың алғаш даму сатысында-ақ өз істеріне, жасаған бұйымдарына иелік етіп,  кәсіпорындар ашқан.

Ал Батыс елдері бизнесті өнер деп бағалап, шағын кәсіпті өсу үстіндегі балаға теңеген. Сол себепті алпауыт мемлекеттер шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын ерте кезден түсініп, кәсіпкерді қолдаған, бизнесіне ыңғайлы жағдай жасаған. Жалпы, әлемдегі өркениетті елдердің қай-қайсысын алып қарасақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Өйткені ол халықтың әл-ауқатын көтеріп, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.     

Мұны білген дана халқымыз «жаныңа жақын кәсіп таңда, сонда ғана жетістікке жетесің» деп тегін айтпаса керек-ті. Кәсіпкерлікпен айналысу біздің елде бұрыннан бар. Десек те халқымыз көшпелі өмір сүргендіктен бұл іспен еркін айналысуға мүмкіндік болмапты. 

Экономиканы өркендетудің негізгі көзі осы салада екенін жақсы білетін ел басшылары да бұл саланы дамытуға айрықша ден қойды. Осылайша елде шағын кәсіпкерлік 1988 жылдан бастап дамуға бет алды. Нәтижесінде бизнесті өрге сүйрейтін әртүрлі бағдарлама мен жоба-жоспарлар қолға алынып, ретімен іске асты. Сөйтіп, шағын және орта кәсіпкерліктің керегесі кеңейіп, онымен айналысатындардың легі көбейді. 

Қалай десек те кәсіп ашу айтуға жеңіл көрінгенімен оңай жүзеге асатын іс емес. Бизнестің жілігін шағып, майын ішкен кәсіпкерлердің пайымынша, білім мен тәжірибені ақшаға айналдырып, табысқа кенелгендер ешқашан ақшаға құнықпай, соңына түспеуді, керісінше, ол сені іздеп табатындай кәсіп қылу қажеттігін айтады. 

Сондай-ақ, одан пайда емес, ләззат алу, жаңа және ерекше нәрселерді үйрену, қол жеткізген табыстарға қанағат ету, үнемі іздену, өзіңмен пікірлес адам табу маңызды деп санайды. Сонда ғана ойлаған арман-мақсатқа жетуге болатынын, ол үшін алдымен білім мен еңбек керек екенін алға тартады. 

Әрине, бұл бірінші кезекте көп уақытты, ізденіс пен мол тәжірибені, бастысы сабырлылықты керек етеді. Көбі осы жағына мән берместен кәсіпті емес, ақша табудың жолын іздейді. Мұндай істің ұзаққа бармайтынына көз жеткізгендер де аз емес. Бұл ортада өз білімінің таяздығы мен тәжірибесінің жеткіліксіздігін мойындағысы келмейтіндер де бар. 

Десек те адам баласының алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі жоқ екенін ескерсек, оған жету мүмкіндігі өте мол. Бүгінде оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА