БІЛІМ ДЕҢГЕЙІМІЗ НЕГЕ ТӨМЕН?

Уақыты: 21.07.2024
Оқылды: 360
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаржылық сауаттылық дегенде көпшілік «ақша санай білсек болды. Айлықтан-айлыққа қарап отырған біздер үшін сонша сауатты болудың пайдасы шамалы» деп топшылайды. Мұны әлеуметтік сауалнама жүргізгенде көз жеткіздік. Десе де әрбір адам қаржылық тұрғыда барынша сауатты болғаны жөн.

Қаржылық сауаттылық –  білім мен мемлекет жағдайындағы белгілі әрі қалыпты дағды. Бұл сала жалпы, мөлшерлі мемлекеттік қаржыны ақылға қонымды түрде пайдаланудың тың жолдарын көрсетеді. Қаржы жағынан  сауатты болу әрбір адам үшін өте маңызды.  Ақша сізді емес, сіз ақшаны басқарып үйренгеніңіз жөн. Негізгі қаржылық ұғымдарды түсінбей сауаттылықты арттыруды ойлаудың өзі артық. Қаржылық институттардың қызметтерін бағдарлау және олардың артықшылықтарын үйреніп, нарықтағы жағдайды дұрыс бағалау, қаржыны басқару, бюджет жүргізу, шығындарды жоспарлау, жинақтарды жинақтау сынды жұмыстарды оп-оңай жүргізу әрбір адамның қолынан келеді. Тек қаржылық тұрғыда аз да болса сауатты болсаңыз жеткілікті.

«Қаржылық сауаттылық не үшін қажет?» деген заңды сұрақ әрбір адамның санасын сыздауықша солқылдату керек. Енді осыны кеңінен түсіндіруге тырысайық. Қаржылық сауаттылық күтпеген жағдайларда өзін және өз отбасын қаржылық қамтамасыз ету,  өмір сүру сапасын арттыру үшін ауадай қажет. Отбасыңызға келген ырыздықты оңды-солды шашпай, әр тиынына дейін есептеп, қажетті қаржыны тиісті орындарына бөліп, сауатты жұмсайтын болсаңыз отбасында қаржылық қиындықтар орын алмайды. Мұның өзі отбасыңыз үшін өте маңызды. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан көзге көрінбейтін бірақ аса маңызды шешімдер тек үйіңізге ғана емес мемлекет пен қаржылық институттар үшін де өте пайдалы болатынын ұмытпағанымыз абзал. Себебі әрбір жанның табысын сауатты жұмсағанына байланысты еліміздегі қаржылық сауаттылық деңгейі анықталады. Егер сіз қаржылық тұрғыда сауатсыз болсаңыз ең бірінші отбасылық бюджетіңіз құлдырап, таршылық көре бастайсыз. Табысын дұрыс игере алмағандықтан, тығырыққа тіреліп, соңында банк табалдырығын тоздыруға бел буатындар қатары көп. Ал несие алған адамның қарызы ұлғайып, берекесі қашатыны айтпасақ та белгілі. Қаржылық сауатсыздықтың соңы алаяқтардың санының көбеюіне, қылмыс деңгейінің өсуіне, экономикалық тұрақтылықтың құлдырауына алып келеді. Адамдар көптеген жеке меншік әрі сенімсіз банктің депозитіне ақша салып, табысын арттыру үшін заңсыз кәсіппен айналысып, күмәнді құралдарды пайдалану арқылы банктік қаржыны шешуге тырысады. Қысқасы, қаражаттан қысылған адам барлық айла-тәсілді іске қосып, қылмысқа қадам басады. Ал бұл тірліктің барлығы дерлік мемлекетке қып-қызыл шығын әрі зиян. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – отбасына, мемлекетке, қоршаған ортасына ешқандай да зияным тимесін десеңіз қаржылық сауаттылықты шағын ғана отбасыңызға кіретін кірістен арттырғаныңыз жөн.

Елімізде қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша көптеген іс-шара ұйымдастырылуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі және мемлекеттік органдар мен қаржы институттары бірлесіп халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша сарапшылық кеңес құрған. Ол жерден сіз қаржылық тақырыпқа қатысты кеңес ала аласыз. Сонымен қатар, Ұлттық банк еліміздегі халықтың қаржылық сауаттылығын анықтауға ниет білдіріп, әлеуметтік сауалнама жүргізіп,  халықтың орташа өмір сүру және сауаттылық деңгей турасында үлкен жұмыс атқарған. Нәтижесінде мемлекет тарапынан жағдайы төмен отбасылардың қаржылық қиындықтарын қалай жеңіл шешу қажеттігін анықтайтын арнайы жоба жасалды. Ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығы бірлесе отырып, Қазақстан Ұлттық банкінің қолдауымен еліміздегі ірі мегаполис саналатын және мәдениет пен экономикалық тұрақтылықтың негізі болып отырған Алматы қаласында қаржылық сауаттылық мәселесі бойынша семинар, тренингтер өткізіп тұрады.

Әйгерім МОЛДАБАЕВА, Талдықорған қаласының тұрғыны:

– Ақша ұстайтын әрбір адам қаражатын барынша тиімді игеруі керек деп ойлаймын.  Қазір барлық мүмкіндік бар. Телефонды аша қалсаңыз «Сауаттыңызды арттырамыз. Ақша сізге қызмет ету керек. Ақшаңызды басқара біліңіз» деген жарнамадан көз сүрінеді. Міне, солардан білім алуға болады. Ақылыға қаражат жетпесе тегін семинарға қатысып, бастапқы деңгейде білім алуға мүмкіндік те жеткілікті. Өз басым табысты кәсіпкерлердің тәжірибесін көп оқимын. Илон Маск, Билл Гейтс, Марғұлан Сейсембай, Райымбек Баталов, Сырымбек Таудың кітаптарын, жазбалары мен сабақтарын тыңдап, қарап шығуды әдетке айналдырдым. Өмірде соның пайдасын да көремін. Бірақ кейде қолда бар ақшаны қайда, қалай жаратып тастағынымды білмей қалатын кездер де болады. Мақсатсыз қаржы жұмсаған сәттерде іштей қынжыламын. Сондықтан да әрбір тиынның берекелі болуын тілеймін.

Қаржылық сауаттылық деңгейі елімізде өте төмен. Сол себепті де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызына ерекше тоқталып, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленуде. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа жауапты қарауға үйретуге мүмкіндік береді.

Аталмыш жоба нәтижесінде 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды басқарып, шығынды оңтайландыруды үйренеді. Халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы әлі де жалғасуда. Былтыр бұл жобаға 8 өңірдің тұрғындары ғана қатысса, биыл тұрғылықты жеріне қарамастан барлық ниет білдірген азаматтар оқуға жазылып, білімін жетілдіруде.

Жалпы, мемлекет тарапынан мұндай игі шаралардың ұйымдастырылуы тектен тек емес. Оған себеп – халықтың шамадан тыс несие алуы. Бұл мемлекет үшін үлкен мәселе.  Қазіргі таңда миллиондаған адам көмек пен қолдауға зәру. Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 15%-дан көбінде 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар. Демек, халық қазір тек несие төлеу үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Тамақ алса, киім алмай, киінсе ішіп-жем алмай қоңыр тіршілік кешіп келе жатқанымыз айдан анық. Сол себепті де еліміздің барлық өңірінде халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін жаппай оқыту курстары бастау алды.

«Қарызсыз қоғамға» қатысушылардың 58%-ы – төрт немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар екені анықталған. Оларға қазіргі таңда мұндай курс ауадай қажет екенін мамандар да жақсы біледі. Себебі адамдар күнделікті қажетін өтеу үшін де несие рәсімдеуге мәжбүр. Олар жағдай жақсы болғандықтан бұл әрекетке барып жатқан жоқ. Қазір өмір сүрудің өзі ауыр. Жасыратыны жоқ. «Қарызсыз қоғам» курсының сарапшылары қарапайым халықтың көмір сатып алу үшін несие рәсімдегенін айтуда. Бұл үлкен – трагедия. Өмір сүру қажеттігін өтеу үшін алынған несиенің кесірі отбасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етпей қоймайды. Халықтың жағдайы жақсармаса, табысы артпаса жоғарыда айтылған курстардан еш нәтиже болмайды.

«Оқимын. Білгім келеді. Үйренемін» деген ниеттілер қаржылық сауаттылықтың бірінші деңгейіне тегін семинарлар арқылы дамытуда. Мәселен, кербұлақтық Сабина Бураханова декреттік демалыста отырса да түрлі тегін вебинарға қатысып, білімін жетілдіруде. Оның сөзінше, қазір оқуға ниеттілерге барлық мүмкіндік бар. «Әлібек деген қазақ баласы тегін вебинар өткізеді. Шетелде білім алған, тәжірибелі маманнан біраз дүние үйрендім. Әділбек Исламбек есімді азамат «Қаржылық сауаттылық» деген тақырыпта үнемі тегін дәріс жүргізіп жүр. Ол айлықтың өзін 10, 20, 30 пайыздан бөліп, қажеттіліктерді тиімді өтеудің жолын ғылыми тұрғыда, жан-жақты түсіндіріп береді. Тек ары қарай соны тәжірибеде қолдансаңыз жеткілікті. Мен осы курстарды оқымай тұрғанда үйге келген ақша судай ағып, жоқ болатын. Қазір кіріс және шығыс шығындарды жазып, алған білімді өмірлік тәжірибеде қолданып келемін. Нәтижесі жаман емес. Алдағы уақытта акцияларды алу, инвестиция құю сынды арнайы сабақтарды оқуға деген ниетім бар», –  дейді. Міне, ізденген адам міндетті түрде нәтижеге қол жеткізетінін осыдан-ақ білуге болады.

Қаржылық сауаттылық туралы жиі айтылса, шеберлік сағаттары, семинарлар мен ашық есік күндері өткізілсе, еліміз қаржылық тұрғыда  сауаттылыққа бір қадам жақындайтын еді.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: interfax.by