Талдықорған – Өскемен тас жолының 38 шақырымы қолданысқа берілді

Уақыты: 23.07.2024
Оқылды: 377
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын автокөлік жолын салу жұмыстары қарқынды. Осыған байланысты «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» тас жолының 38 шақырымы ресми қолданысқа берілді. Қалған бөлігі аяқталу алдында.

Мамандардың мәліметінше, жалпы ұзындығы 770 шақырым болатын бұл жолды қайта жаңғыртуға 300 миллиард теңге қаражат бөлінген. Жол  құрылысы  16 бөлікке бөлінеді. Оны салу шетелдік компанияның еншісінде. Негізгі жұмыстар 2019 жылы қолға алына бастаған. Бұрын Талдықорған Қызылағаш ауылының арасында екі жолақты жол болатын. Жаңа жол одан екі есе кең. Осы ретте пайдалануға берілген аумақ «Талдықорған – Қалбатау - Өскемен» автокөлік жолының алғашқы бөлігі. Бұл жолдан  күніне  7 мыңнан аса көлік жүреді.  Сонымен бірге биыл Жетісу облысында Алматы – Талдықорған, Сарыөзек – Көктал автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары қолға алынумен қатар шекара шебіндегі «Достық» өткізу пункітінің 4 шақырым жолын аяқтау жоспарда.

 – «Жетісу облысы бойынша жол құрылысы 314 шақырымды құрайды. Аталған аумақ 100 пайыз асфальтталды. Бірінші, екінші бөлігінде жол белгілері орнатылған. Қалған бөліктерін қыркүйек, қазан айларына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Президент тапсырмасы сай Талдықорған – Өскемен жолын биыл толық бітіру міндет. Қазіргі кезде мұндағы жұмыстар қызу жүріп жатыр», –дейді «Қазавтожол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Жоба жетекшісінің сөзінше, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен арасындағы бұл жолдың  құрылысына жалпы 1000-ға жуық техника,  3 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылған. Қазір жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Биыл бұл жұмыстар толық аяқталғанан кейін  жаңа салынған жол тағы  екі жылдық кепілдік мерзіміне сай күтіп бапталатын болады.            

Айдын КӘЛІМХАН