ТІЛ - БІРЛІКТІҢ БЕСІГІ

Уақыты: 10.09.2018
Оқылды: 1032
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Тағы бір жақсы жаңалықтың тамыр жайғанын ақпарат өкілдері таласа жазып жатыр. Астанадан жеткен ақжолтай хабар шынында бәрімізді бір тебірентті. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деп кеткен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының өмірге келген күні бұдан былай Тіл мерекесі болып саналады. Шынында елі үшін етігімен су кешкен ұлт жанашырының арманы ақиқатқа айналғаны емес пе бұл? Сол мүддеде қызмет жасап келе жатқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы осы қуанышты көппен бөлісті.

 

   «Тіл – бірліктің бесігі» деп аталған облыстық форумның шымылдығы Ақсу халық театрының қойылымымен ашылды. Тарихтан сыр шерткен аудан жастары батыр бабаларымыздың рухты жырларын жатқа оқып, көзсіз ерліктерін көпшілікке ұсынды. Отырған көрерменнің де намысын оятты десек болады. Одан кейін басқарма басшысы Айдар Башбаев ортаға шығып, жиылған қауымды Тіл мерекесімен құттықтады.
– Ана тілі – әр ұлттың қастерлі құндылығы. Көпұлтты Қазақстанда барлық халық өкілдеріне өздерінің салт-дәстүрін, ана тілін ұмытпауға, сақтауға және дамытуға мүмкіндік жасалған. Қоңыр күздің жетегінде келетін Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі – кең-байтақ қазақ даласын тіл салтанаты кернейтін сәт. Тіл – қатынас құралы емес, мемлекетіміздің биік тұғыры. Тарих парақтарында осынау ұлттың басты қазынасы – тіл болғаны көпке мәлім. Бүгінгі Тілдер мерекесі халқымыздың мақтанышы, Ұлы Даланың дарқан перзенті Ахмет Байтұрсынұлының туған түнімен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаңызды бүгінгі қос мерекемен құттықтағым келеді, – деді Айдар Кәрбозұлы. Сондай-ақ, Тілдер мерекесінің қарсаңында этнос жастары арасында өткен «Тіл – парасат» байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстады. Әрі өңіріміздегі тіл жанашырларына облыс әкімінің Алғыс хатын ұсынды. 
  Ары қарай сахна төрінеоблыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов шықты. Ол әрбір қазақстандық қазақ тілін білуге міндетті екенін тілге тиек етті. Ұлты чешен болса да өзін қазақтың баласындай сезнетіндігін мақтанышпен жеткізді. 
   Бүгінгі технологиялар қаншалықты қарқынды дамып жатса да әлем тарихының айнасына айналған миллиондаған ғылыми, әдеби туындыларсыз адамзат өмірін елестету мүмкін емес. Соған қарамастан қазіргі қоғамда кітапханаға бас сұғып немесе кітап дүкендерінен әдеби кітап сатып алушылар саны өте аз. Осы орайда былтырдан бері облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Буккроссинг» жобасын қолға алған. Бүгінде бұл жоба әлемдегі сан мыңдаған кітаптың өз оқырмандарымен қауышуына бірден-бір дәнекер болып отыр.  Шара барысында кітап алмасып оқуда белсенділік танытқан оқырмандарға қаржылай сыйақы берілді.
   Иә, тіл – адам мен адамды, халық пен халықты жақындастыратын айрықша құрал екені әмбеге аян. Әйтсе де баласын қазақ мектебіне беріп, жоғары оқу орнында да қазақ тілі мен әдебиет мамандығына түсірген өзге ұлт өкілдері жоқтың қасы. Десе де, бүгінде  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасында оқитын  Александр Цом есімді білімгер бар. Аталмыш форумда сөз алған кәріс жігіті ағынан жарылды.
– Кезінде менің атамды қазақ халқы бауырына басып, аяқтан тік тұрып кетуіне көмектескен. Мен өмірге келгенде үлкен атам маған қазақша үйретіп,  осы ұлтқа қызмет етуімді өтінді. Себебі, босып келген жұртқа құшағын ашқан қонақжай халықтың болашағы биік болуын қалады. Мен туған елімді бар жан-тәніммен жақсы көремін. Осында отырған жастарды қатарыма қосылуға шақырамын, – деді Александр     Витальевич. 
   Өткен жылдың күзінде «Жетісудың жыр керуені» атауымен көпшілікке жол тартқан Челлендж жобасы да мәресіне жетті. Бүгінде арнайы талаптарға сай бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге жүктегендердің саны 51-ге жеткен. Соның ішінде интернет қолданушыларының қызығушылығын арттырған жастарға басқарма тарапынан облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін арнайы Алғыс хат пен қаржылай сыйақы табыстады. 
Шара соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының ұжымы дайындаған концертке ұласты.

Қабыл ИСА