Отандық өнімге қолдау жасалды

Уақыты: 11.09.2018
Оқылды: 1518
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талғар ауданы Арқабай ауылындағы «Байсерке-Агро» агрокешенінде Егінжай күні атап өтілді. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігі және «Байсерке-Агро» агрохолдингі ұйымдастырған бұл шараға еліміздің ауылшаруашылық саласындағы мыңдаған маман жиналды. Сөйтіп, аграрлық саланың озық технологиялары мен жетістіктері сараланды. Алдыңғы қатарлы фермерлері марапатталды. Бірінші рет республикалық деңгейде өткен Егінжай күніне облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов және Қазақстандағы мал, егін, өсімдік шаруашылықтары ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, осы салада қызмет етіп жүрген фермерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Семинар-кеңеске қатысушылар ең алдымен аграрлық саланың жандануына жәрдемін тигізіп отырған озық үлгідегі техникалар жиынтығымен, сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімдерінің көрмесімен танысты. Мерекеде облыс әкімі Амандық Баталов сөз бастады.
–Бүгінде ауылшаруашылығы саласының алдында үлкен міндеттер тұр. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ауылшаруашылығы өндірістік кешенінде еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім экспортын 5 жыл ішінде 2,5 есеге ұлғайту мәселесі айтылған. Елбасы тапсырмасын орындауға облыс еңбеккерлері елеулі үлес қосып келеді. Ауылшаруашылығы саласы бойынша республикада бірінші орындамыз. Өткен жылы 648 млрд. теңге ауылшаруашылық өнімі өндірілсе, биылғы 7 айда 224 млрд. теңге өнім өндірілді. Былтыр салаға 64,3 млрд. теңге инвестиция тартылса, осы жылдың 7 айындағы көрсеткіш 29,9 млрд. теңгені құрады, – деді облыс әкімі.
Жетісу жерінде 950 мың гектар жерге егін егілсе, оның 9500-і қант қызылшасы, 80 мың гектары жүгері алқабы. Облыста 1200 гектар алқапқа алмабақ отырғызылған. Оның 75 гектарын апорт алмасы алып жатыр. Сонымен қатар, тамшылатып суару және ылғал сақтау технологиясы да дами түсті. Өңірде ірі қара санын өсіруге, құс шаруашылығын дамытуға, соның ішінде мал басын асылдандыруға айрықша ден қойылуда. Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында мал басы соңғы үш жылда 86 мың басқа көбейген. Облыста 13,8 мың басты қамтитын   68 тауарлы-сүт фермасы қалыпты жұмыс жасаса, 64 мың ірі қара малға арналған 92 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Ағымдағы жылы тағы     5 мың басқа арналған 16 бордақылау алаңын іске қосу жоспарлануда. Агроөнеркәсіп кешенінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен жергілікті шикізаттан тамақ өнімдерін шығаратын «Маревен Фуд Тянь Шань» зауыты іске қосылады. Олар өнімін «Қазақстанда жасалған» брендімен экспортқа шығармақ. 
Өңдеу өнеркәсібі де өркендеп келеді. Жалпы өңдеу кәсіпорындарын орналастыру картасы шеңберінде 2021 жылға дейін 39 кәсіпорынды ашу және жаңғырту, ет пен сүт өнімдерін, консервіленген көкөніс пен жеміс, крахмал өнімдерін ұлғайту есебінен экспорт көлемін 90 млн. АҚШ долларына жеткізу көзделуде. Бұл бағытта заманауи электронды жүйеге негізделген «Байсерке-Агро» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасы, «Каримов» ЖК, «Адал» АҚ, «Амиран» ЖШС, «Табыс» ШҚ көш бастап тұр. 
Шара аясында өңір басшысы өсімдік және мал шаруашылығында инновация жетістіктерін қолдану нәтижелерін насихаттай отырып, фермерлерді, кәсіпкерлерді заманауи тиімді шешімдер қабылдауда  ізденіс жасауға үйретуді, сондай-ақ, фермер, ғылым мен бизнес үштігі арасындағы түрлі тосқауылды жою жолын талқылау мен өзара іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен семинарға қатысушылар жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін аграрлық саланың танымал ғалымдары, академиктер У. Тәжібаев, А. Сағитов, Н. Иванов және Т. Садықұловтар ауылшаруашылығындағы ғылымның жетістігін жіпке тізгендей баяндап берді. 
Басқосуда ауылшаруашылығында инновациялық технологияларды кеңінен енгізу мәселесі де көтерілді. Соның ішінде жүгері дақылына қатысты көп айтылды. Әсіресе, диқандардың тұқымды жыл сайын қайталап себуге дағдыланғандығы сынға алынды. Дұрысы, тонналап өнім алу үшін оны 3-4 жылда бір рет ауыстырып отырған абзал. Десе де, соңғы төрт жылда облыста дәндік  жүгері алқабы 11 мың гектарға ұлғайтылған. Мұның тиімділігі жөнінде кәсіпкер Зәкіржан Кузиев: 
– Біздің Жаркентте жүгері крахмалын өндіретін зауытымыз бар. Жүгерінің мол болғаны зауыттар үшін тиімді. Неге десеңіз, оның бағасы түседі және тиімділігі артады. Бүгінгі семинарда көптеген әріптесіміз өзіне қажетті мағлұматтар алуда. Өнім өндірудің пайдалы тұстарын зерделеуде. 10 мың тоннадан бастаған зауыт қазіргі таңда 120 мың тонна жүгеріні қайта өңдеп, одан 24 түрлі өнім шығаруда. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 300 мың тоннаға ұлғайтуды көздеп отырмыз, – дейді. 
Басқосуда агрокешендерді тиімді дамыту, жастарды еңбекке тарту жайы да қозғалды.
– Елбасымыз айтқандай, тек отандық жаңалықты таратып қана қоймай, шетелдік озық технологияларды алып келіп, енгізу, жерсіндіру міндеттері тұр. Біз осы мақсатта агрокешен жұмыстарын жандандырудамыз, – деген ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков ауылшаруашылығының тиімділігі артса, жас мамандардың да жалақысы өсіп, тұрақтайтындығын тілге тиек етті. Оның материалдық жағдайымен қатар жұмысқа деген қызығушылығының  да артатындығы аталды.
Мың маманның басын біріктірген Егінжай күні мерекесінің «Байсерке-Агро» агрокешенінде ұйымдастырылуының да өзіндік себебі жоқ емес. «Байсерке-Агро» аймақтағы ғана емес, еліміздегі ең үздік ауылшаруашылығы кешені саналады. Бүгінгі таңда мұнда егін, мал, балық шаруашылығы мен ет-сүт өңдеу жұмыстары ғылыммен ұштастырылып, нақты жолға қойылған. Сонымен қатар, ғылыми-өндірістік оқыту орталығы жұмыс істейді.
– «Байсерке-Агро» – толық циклды көпсалалы холдинг. Кешен 2013 жылдан бастап Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесе ғылыми жұмыстар атқарып келеді. Елімізде алғашқы ғылыми кластердің негізін қалаған біздің холдинг. Мұнда егін, жемшөпті техникалық талдаудан өткізетін зертхана және агрохимия зертханасы жұмыс істейді. Жыл сайын оқыту базасында 400-ге жуық студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Және де өзге өңірлерден келетін кәсіпкерлер мен мамандар үшін ғылым мен тәжірибені ұштастыруда түрлі семинар-кеңестер ұйымдастырылады, – дейді «Байсерке-Агро» агрохолдингінің директоры Кирилл Павлов.
Қазір серіктестік оқу орындарымен, соның ішінде Мәсімхан Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Колледж ұжымы Егінжай күнінде ауылшаруашылық саласына қосқан жетістіктерін айқындайтын арнайы көрме ұйымдастыра келіпті. 
– Ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын оқу орнының тарихына үңілсек, 1957–1992 жылдар аралығында ветеринария мамандығы бойынша азаматтар білім алған. Бірақ, кейін бұл факультет жабылып қалған. Соның салдарынан мал дәрігерлерінің саны кеміді, маман тапшылығы сезілді. 2015 жылдан бастап «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға өттік, – деді М. Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты Жақсылық Сатылғанов.
Басқосу соңында отандық аграрлық саланы дамыту бойынша үшжақты меморандумға қол қойылды.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы