Бес бастама басты назарда

Уақыты: 13.09.2018
Оқылды: 1320
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық мәслихаттың ХХХV кезекті сессиясы өтті. Онда облыс әкімі Амандық Баталов Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 Жарлығына cәйкес мәслихат депутаттары алдында өзiне жүктелген  функциялардың орындалуы туралы есеп берді. Сессия жұмысын облыстық мәслихат депутаты Төлеу Сарпеков жүргізді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында өзінің әлеуметтік саладағы бес бастамасын ұсынды, – деп бастады сөзін облыс басшысы. – Әр бастамада халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жастардың білім алуына, оларды баспанамен қамтуға бағытталған  нақты шаралар белгіленген. Бүгінде әлеуметтік саладағы бес бастаманы іске асыруда біршама жұмыс атқарылды. 
Көпұлтты елімізде тұрақтылық, келісім қалыптасты. Әлемнің дамыған елдерімен екі арадағы іскерлік байланыс күшейе түсті. Соның нақты дәлелі ретінде Қытай, Сербия, Швейцария мемлекеттерінде, Өзбекстан мен Татарстанда болып, бауырлас елдермен байланысты одан ары нығайттық. 
Биыл мемлекетіміз үшiн ерекше жыл болды. Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығын атап өттік. Бас қаламыздың өркендеуіне ел болып атсалыстық. Алматы облысы бас қалаға сый жасап, «Жетісу» саябағын жаңғыртып, Елбасына таныстырдық. 
Жетісу жұртшылығы еселі еңбегімен ел дамуына өзінің лайықты үлесін қосып келеді. Өткен 8 айда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсы қарқын алды. Ауылшаруашылығында 310 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,6 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісі  556 млрд. теңгеге жетті. Жеке тауар айналымы 7,2 пайызға, құрылыс-монтаж жұмысының көлемі 1,3 пайызға артты, 454 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджетке 248 млрд. теңге түсім түсті, оның ішінде жергілікті бюджет 131,6 млрд. теңгені құрады. 285 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып,  21,8 мың жұмыс орны құрылды. 
Облыс басшысы ауылшаруашылығында бұрын таңдалған басымдықтармен қатар биыл тағы екі жаңа бағытты белгілегенін атап өтті.  Ол өнеркәсіптік картоп  және сүтті мал шаруашылығы. Кеген және Райымбек аудандарында 100 гектарға картоптың элиталық сұрыптары себілді,  21 бірлік техника алынып, 2 сервистік дайындау орталығы құрылды. 2020 жылға қарай егіс алаңы 4,5 мың гектарды құрайды, өнімділігі жоғары картоп сұрыбының 135 мың тонна тұқымдық материалы алынып, басқа алаңдарға егіледі. Жалпы, картоп жинауды 722 мың тоннадан 800 мың тоннаға жеткізу жоспарланған, бұл іске қосылатын «Фарм фритц» картоп өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз етеді. 
Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 5 жылда 40,7 мың басқа арналған 418 ферма ашып, сүтті өңдеу деңгейін 38 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазіргі көрсеткіш – 28 пайыз. Биыл 3,8 мың басқа арналған 12 тауарлы- сүт фермасы құрылмақ. 
Ары қарайғы сөзінде Амандық Ғаббасұлы Елбасының Жолдауында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауылшаруашылығы өнімі экспортын арттыру міндеті қойылғанын атап өтіп, бұл мақсатта аграрлық кәсіпорындарында цифрлық технологиялар белсенді енгізіліп жатқанына тоқталды. Мысалы, «Байсерке-Агро» ЖШС сиырлары роботты стансыларда сауылады. Сауылған сүт туралы мәліметтер жүйеге автоматты түрде біріктіріледі. «Адал» агроөнеркәсіп кешені табынды компьютерлік бағдарлама арқылы басқарады. «GREEN ECO» жылыжай кешенінде температураны, ылғалдылықты және басқа параметрлерді бақылау  автоматты түрде жүргізіледі. Облыстың фермерлері алқаптарды қашықтан зондтау үшін дрондарды пайдалана бастаған. Жаңа технологияларды қолдану есебінен ауылшаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2017 жылы  2015 жылға қарағанда 1,5 есе ұлғайған.
Өңір басшысының мәлімдеуінше, цифрландыру мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде білім, денсаулық, мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жол қауіпсіздігінде цифрлық жүйе табысты қолданыла бастаған. Балабақшаға кезекке қою және жолдама беруде электронды қызмет енгізілуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда биыл 502 бейнебақылау камерасы орнатылып, оның саны жыл соңына дейін 1 268-ге  жеткізілмек. Сонымен қатар, «Smart-Taldykorgan» ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындар әкімдік, денсаулық сақтау, білім мекемелері,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне оңай қол жеткізе алады. Барлығы 26 электронды қызмет түрі бар. 
Облыс әкімі Президенттің  бес әлеуметтік бастамасына орай іске асып жатқан жоспарларға да тоқталды. Биылғы мектеп түлектерінің 5231-і жоғары оқу орнына тегін оқуға түсіп, 1367-сі қосымша грант алды. 2 университет және 8 колледж студенттері үшін  10 жатақхана салу жоспарлануда. 
Туризм саласында Алакөл жағалауын одан әрі дамыту жоспары әзірленген. Ұшу-қону жолағын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге, жағалауды нығайту жұмыстарына, сондай-ақ, тазарту құрылғысы мен сумен жабдықтау, кәріз жүйелерінің құрылысына қаржы қарастырылған. Жаз маусымының басында теміржол вокзалы іске қосылып, әуе рейстері мен теміржол қатынастарын субсидиялау мәселесі шешілген. 
Білім беруде үшауысымды мектептерді жою, оқу сапасын жоғарылату, балаларды балабақшамен қамту мәселелері өзекті болып қалуда. Биыл 45,5 мың бала бірінші сыныпқа барды, оқушылар саны 10 мыңнан астам адамға көбейді және жылдан-жылға ұлғаю үстінде. Сондықтан мектептер салу ісі қарқынды жалғаспақ. 
Ағымдағы жылы 22 білім беру нысаны, оның ішінде 19 мектеп салынуда. Оның төртеуі ашылды, тағы бесеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Жыл басынан 14 жекеменшік балабақша бүлдіршіндер үшін есігін айқара ашты. Барлығы 102 балабақша қызмет көрсете бастады.  Балаларды қамту деңгейін 98 пайызға жеткізу көзделуде. 
Облыс әкімінің 2018 жылғы тұрғындармен есепті кездесуінде айтылған 11 ұсыныс пен мәселелерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізілген. Атап айтқанда, Қарасай ауданының «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде дәрігерлік амбулатория ашылған. Бюджеттен Ақсу ауданы, Ойтоған ауылын сумен қамту үшін 20 млн. теңге, 9 «Инватакси» сатып алуға 121,5 млн. теңге, Жаркент қаласында спорт алаңдарына күрделі жөндеу жүргізу үшін 30,4 млн. теңге, Шарын шатқалына кіреберіс жолды жөндеу үшін 500 млн. теңге бөлінген. 17 туристік инфрақұрылымдық нысанды салу, «Алматы –Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының  0-110, 0-35 шақырым учаскелерін қайта жаңарту, Ащылыөзек өзені арқылы өтетін көпір құрылысы, Жамбыл ауданы Беріктас ауылы орта мектебіне, Қаратал ауданының орталық ауруханасына  күрделі жөндеу жүргізілуде.
Талғар ауданының 6 ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, 7 ауылда газ тарату желілерін салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге ашық конкурс жарияланған. Сондай-ақ, Іле ауданы Байсерке ауылдық округін бөлу мәселесі зерделенуде. Аудан және қала әкімдерінің есепті кездесулері бойынша іс-шаралар жоспарына 149 ұсыныс енгізілген. Мерзімдеріне сәйкес 26 мәселе шешілген.
Өңір басшысының есебінен соң сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов Жетісу өлкесінің барлық аймағында қарқынды жұмыс жүріп, Елбасы тапсырмасы жоғары деңгейде атқарылып жатқандығын атап өтті. Халық қалаулысы Борис Артемов те мінберге көтеріліп, өндірісі өркенді Іле ауданында да көптеген игі іс атқарылып, әсіресе, мектеп оқушылары үшін заман талабына сай білім ошақтары тұрғызылып жатқанын айтып, алғысын білдірді. Депутат Қанат Қожабеков те өз пікірін білдіріп, биыл әсіресе алакөлдіктер үшін табысты болғанын алға тартып, 32 туристік нысан ашылып, демалушылар саны     1 миллион адамнан асқанын қуанышпен жеткізді. Бұдан соң халық қалаулылары бірауыздан облыс әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деп баға берді.
Сондай-ақ, сессияда облыс әкімі жанындағы тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ІІ деңгейлі банктерден берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлерін  субсидиялау жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамы бекітіліп, келесі отырыстың төрағасы тағайындалды. 
Облыс әкімінің атқарған жұмысына оң баға берген сессияға қатысушы депутаттар Жетісу өңірінің өркен жайып келе жатқандығына тағы бір мәрте көз жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЕВА