Тау туризмі дамытылады

Уақыты: 16.09.2018
Оқылды: 1392
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов тау туризмін дамыту мақсатында австриялық “Мастер-концепт” компаниясының өкілдерімен кездесіп, табиғаты тамылжыған Жетісу өлкесіне инвестиция тарту жайын талқылады.

Кездесу барысында “Мастер-концепт” компаниясының өкілі Гернат Ляйткер сөз алып,  Алматы аймағының таулы туристік кластерін дамыту жоспарымен таныстырып өтті.
– Біздің компания жоспарлаумен және жобалаумен, туристік нысандарға инвестиция тартумен айналысады. Осы бағытта Ресей, Австрия, Қазақстан, Қытай мемлекеттерімен жұмыс істеудеміз. Соңғы бір жылдан бері Талғар ауданындағы «Лесная сказка» таулы демалыс аймағының негізгі жобалаушысы әрі дизайнеріміз. Мұнда шаңғы туризмін дамытуды қолға алу бойынша екіжылдық жоспар жасадық. «Лесная сказка» олимпиадалық спортты дамытуға лайық керемет аймақ. Қоршаған ортаның гүлденуі тұрғындарға да жақсы көңіл-күй сыйлайды, – деді Г. Ляйткер. Бұдан соң Алматы аймағының таулы туристік кластерін дамыту жоспарын ұсынды. 
Австриялық өкілдердің баяндауынан соң облыс әкімі Амандық Баталов тек «Лесная сказка» ғана емес, мұнымен қатар Жетісу өңірінде Көлсай, Шарын, Лепсі, Хантәңірі сынды тамаша таулы аймақтардың бар екенін айтып, Алматы өңірінің тау туризмін толықтай дамыту бойынша жоспар жасау қажеттігін алға тартты. Онда халықтың демалуына, спортпен айналысуына, олимпиадалық ойындардың өтуіне лайық барлық жағдай жасалу керектігіне, тек шаңғы ғана емес, велосипед, сырғанақ тебу, басқа да түрлі жарыстардың өтуіне мүмкіндік ашу қажет. 
Облыс әкімі кездесуде Талғар ауданы туризмін дамыту жоспары бойынша да бірқатар мәселеге мән беріп, осы бағыттағы жұмыстарды пысықтауды жауапты тұлғаларға тапсырды. Сөз соңында облыс басшысы австриялық өкілдердің тау туризмін дамыту бойынша қолға алып жатқан істерін құптап, Жетісу жерін көркейтуге ықыласты болғандықтары үшін алғысын жеткізді.   
 
Алма ЕСЕНБАЕВА