ТЕҢІЗДЕР ДЕ ШӨЛДЕЙДІ

Уақыты: 17.09.2018
Оқылды: 1635
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

       Бұл жолғы бағалы сапар – мені қаламгерлік жолымдағы деңге шығарып, мерей-мәртебемді өсірді, шалғай жер, қашық шақырымда танымымды кеңейтіп, тынысымды ашты. Оқушы кезімде жас жазармандардың  Өскеменде өткен халықаралық жиынына, республикалық әдеби байқауларға талай отарбамен Үштөбеден жөнелтілдік, жолшыбай қосылғанға уақыттың ыңғайы солай,- түнде келіп, түнде қайтасың, дегенмен ешнәрсе есте қалмаған. Бүлдіршін сана мен бүгінгі азаматтық зейін  Қараталдың бұйра толқыны мен бәсіре мекенін екі бөлек екшелепті. Бірақ әдеткі саналы сипат, самарқау кейіптен бөлек.  Беймаза көңілдің әсерінен айналамдағы  қошқыл тартып, жемісіне бал тұнған бар жиденің маңдайын сүйген самалдың өтіне бетімді тостым. Таныстауымда тымық ауа, бажайлауымда үнсіз адыр. Адырдың кеудесін жара  көлікке қонып, Үштөбеге жүріп барамыз.  Қырық екі шақырым. Асфальт жол. Шамамен 40 минут. Ми қайнатар ыстықтан жер бауырлаған сағым саржалқын даланың келбетін тұмшалап, сарсылыс күткен сапарымды оқтын-оқтын көлегейлегендей болады. Арба жолындай иректеліп, әр қырдың ортасындағы орналасқан ойпаң-ойда қонақтап, қақпағы ашық қазанның қарнында жиналған сарқындай әсер берді. Лық тола дала тостағанындағы кернеуінен асып, бұлдыр-көрбілтелі ұшар басы  жолдың сол бойындағы өзенге тірелгендей болды. Тірелген бастауы – жалпағынан толқыған алдүзік жүрісті өзен.  Қарт Қаратал... Маңайы сәмбі тал, сұлу үйеңкі. Күміс терек, күлтеле қарағаш. Сұрша қоянқұлақ, қарасора. Ат-көлік оздыра айғайқұм, айна шағыл. Алыстан қарағанға Үштөбе сол айна шағылдың пүлішпен әйдіптелген зерлі бесігінде тербетіліп жатқан бейне перзент, жері – үкілі қамыс, нулы құндақ. Ежелден сөзі асқан би-шешендер  тұрақтап, ат байлап, айыл тартыпты. Жол бойындағы  «Жерге қарап елі туады, еліне қарап ері туады» деп сөз айтқан кемел Ескелді би Жылгелдіұлы мәңгілік мекен тапқан бейіт – бабаларымның қаһармандық рухына бағышталып бой көтерген кесене, ұрпағының тәу етіп, еңсесін тіктер еңселі күмбезіне айналыпты. Ғұмырында қаламгерлік мұратынан адаспай, жазармандық жолынан жаңылмаған Кемел Тоқаевтың ескерткіш-тақтасы қарға тамырлы қазақтың дәуір дарабозын жаңылмай танып, шығармашылығын тереңнен ұғынуға септесер ен, суретті-таңба екен. Қалтарыссыз көзбен жаттап, көңілге түйдік. Түс ауды. Қаламгер-журналист Кемел Тоқаев жайында әнбие-ақсақалдардан әңгіме тыңдауға, сұқбат құрып, кеңес қылмаққа ауған ниеттен бастау алған сапардың кіріспесі – қайраткердің атына берілген шағын мектептен басталған.  Басшысы ұзын бойлы, жылы шырайлы орта жастағы әйел, таныстық-білістіктен соң мұражайды көрсетіп,  заманында «Санек мектебі» оқушылары зор ілтифатпен естелікке ұсынып, сыйға тартқан шанақ-пернесі айрықша домбыраны көрсетті. Ғасырлар сазымен сырласқан ұттық аспапты ұғыну өз алдына, менің назарым бірден жазарманның қорғасын таңбалы, «Москва» жазуы бар қол мәшіңкесіне түсті. Ала қағазды қол мәшіңкемен қаріптеу – бала кезден асқан мерей, айшықты абырой көрінген, онсыз да кішкене кезімнен классик жазушы болу үшін, тым құрса «Олимпиа», Қадыр ақындікіндей «Мерседес» деген әдемі, ықшам жазу мәшіңкем болса деп армандайтынмын, жылтыр, қыры өткір әйнектің алдында айналшықтадым да қалдым. Көз алдыма Кемел Тоқаевтың қаламынан туып, осы мәшіңкеде беттелген өміршең: «Жұлдызды жорық», «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Қастандық», «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» туындылары келді. Жарық та дерекке қанық бөлмеде шығармашылық шарапатына бөленіп тұра беруге болар ма еді, 2-3 сағатта қас қарайып, сам жамырамақ болған соң, қаламгердің көзін көріп, уақытында бірге жүрген замандастары жайлы сұрастыра бастадым. Ақыры, жіптіктің ұшы шықты. Олжа орасан. Әбділманат Жалдыбаев деген қартаң кісі бар. Жез сақалды қария, кеніш көңілді дәрия. Кемел Тоқаевтың көзін көріпті, дәуірінде дәм-тұздас болыпты, сыйлас аға-сырлас іні болып ғұмыр кешкен деді бір жігіт. Қазір үбілрі-шүбірлі, әулеттің үлкені, балалары Үштөбеде тұрады. Өскен, өнген. Қария солардың ортасында жүреді. Үйінде тұрақтауы сирек деді бөліске жетім еншімнен айырғандай. Мектептің жанындағы сәулетті, күйдірілген ақ кірпіштен қаланған 4 қабатты үлкен ғимаратты айналып өтіп, ақсақал тұратын түбі қуыс, жолы топырақты көшеге түстім. Қария екінші бұрылыстағы екінші үйде тұрады екен. Қақпасы ашық. Ішкі үйге құлып салынған. Қайтара көшеге шыққанымда ортаңғы қызы кішкене інісін көтере ұстаған, бір қолында шелек, бір қолымен балаларын жетектеген жасамыс келіншек ескі құдықтың басында су алып жатыр. Тартқыш-темірі ескі, қауғасының шынысы ұшып, тозығы жеткен көне құдық бар маңайын  жұпыны етіп көрсетті. Жөн сұрастық. Екі-үш үйден кейін қарияның қора-қопсысы бар көрінеді. Одан іздедік. Жоқ! Қораның батысында иретілген Қараталдан салқын леп еседі. Өзеннің маңындағы көктемгі су көтерілгеннен қайран алып, топырағын қияқ пен биебау басқан ашық алаңқайда алқызыл қалпақ, қызыл жеңді көйлекпен 5-6 марқа, 3 ешкі бағып отырған  кең маңдай, дөңес бетті әйелден кеңес сұрадық,- кекірттігі аңдалады,  жөнді жауап қатуға қорсынды. Ал мен Әбдіманат ақсақалдан естелік тыңдауға, сұқбат құруға аса ниетті едім. Ықыласымды білдіріп, жолыммен кеттім. Қайтсаң, мол енші, маржанды олжандадан айрылмақсың, оның үстіне, жол үсті, күні-түні ағылған көлік. Сонымен, қарияны күтуге бекіндік. Бір сағат, әлде екі, уақытқа қарамаппыз, қасыма көлікпен: келбеті – қазақ, алайда көзі көкшіл, бет-әлпеті сарғыш, қазақша-орысшаны араластыра сөйлейтін бір жігіт келіп тоқтады. Иә, деді. Әбділманат ақсақадың өз кіндігінен жаратылған немересі боламыз.  Құжатыңды көрсет! – деді, кенет. Мені менсіңкіремей отыр. Маған қажеті өзімді таныту емес, қариядан жазармандық кәде – Кемел аға Тоқаевқа қатысты естелік-әңгіме тыңдау еді. Бірақ, немересінің танымы кең, білімі мол болып шықты. Тоқаевтың шығармашылығынан қызыға оқыған «Қара мысық» деректі-баянын талдап айта бастағанымда, ерекше тілектестік танытып, көлікпен ақсақалдың өзі тұрақтаған, ортаңғы қызының шаңырағына жеткізіп тастады. 82 жастағы тың ақсақал – ата сақалы аузына түскен, бидай өң, шегір көзді, бойы ортадан сәл биіктеу, дембелше кісі екен. «Күйлі-қуаттысыз ба?» дегеннен-ақ төрін ұсынып, тектілігін таныты. Әуелі өз жайын айтты. Облысқа сыйлы, көп жыл басшылық қызметте болған, қазірде зейнеткер, «Қаратал ауданының құрметті азаматы», облыстық IIM қызметкерлерінің ақылман-ардагері,..  т.с.с. тізіліп жатыр. Барлай, бағамдай ой айтады, жұмсақ, жылы сөйлейді. Әуелі кенен қаламгер, кемел жазушы Кемел Тоқаевқа қатысты естелігін тыңдадым. Кейіпкер – Әбдіманат Жалдыбаев Қалпе ауылына көршілес – «Красный Восток»,  колхозында, қазіргі Қанабек ауылында 1936 жылы туыпты. Еңбек жолын  Кеңес өкіметіндегі миллиция тәртібімен өткерген. Жоғарғы оқуды аяқтағаннан кейін «Қоғамдық тәртіп сақтау қызметінің» аға қызметкері (CИСООП) қызметіне тағайындалады. Капитан 1985 жылы абыройлы  қызмет ете жүріп, сол кездегі  Талдықорған облыстық УВД басшысы, генерал-майор  Болсамбековтың арнайы шақыртуын алыпты. Әрине, тосыннан. Өзінің де ел ішіндегі жүріс-мініске жаңа көлік алған беті екен. Қызық қылғанда, генерал қабылдауға су жаңа көлігімен келуін өтініпті. Заң қатал, тәртіп қатты. Айтылды, орындалуы тиіс. Бұлтарыс-қалтарыстан тыс... Қария жымиып, өзінің сол кезде ішкі қорқынышы болғанын да әңгіме жетегінде атап өткен. Кездесуде Әбдіманат Жалдыбаевты  орнынан тік тұрып, генералдың өзі қарсы алыпты.
– Кең бөлмедегі үшінші адамды бірден таныдым. Басында аңтарылып қалдым. Менің қарсы алдымда Кемел Тоқаевтың өзі отырды. Кеше ғана жазушының құрметіне ұйымдастырылған Қаратал аудандық ішкі істер қызметкерлерімен кездесуде әсерлі әңгімелерін тыңдап, дәйекке толы өмірбаянын танып, қаламгерлік дарынына тәнті болған едік. Енді жауынгер-жазушымен жақынырақ танысуға мүмкіндік туыпты деп ойладым ішімнен, - деді қария. Сондағы, Азаматтық болмысы биік жазушы генералдан туып-өскен өлкесі Қараталды аралатуға көлік және бір қызметкер сұрай келген екен. Болды! Бітті! Кілтипан осымен шешіле кеткен. Жолдас Жалдыбаев 10 күндік еңбек демалысын алған, Кемел Тоқаевтың сапарлас жолсерігі, тілеуқор інісіне айналып шыға келіпті. Мен ары қарай қызықты саяхаттың жайын сұрадым. Қария генералдың қабылдауынан шыға салысымен Кемел Тоқаевпен бірге түстенгендерін, жақыннан танысып-біліскендегі қаламгердің қарапайым болмысын тебірене суреттеді. Жолда Ұлы Отан соғысының ардагері, Кемел Тоқаевпен бала кезден бірге өскен жолдасы Сейдахмет Қосшановтың шаңырағындағы әсерлі жиын, әлейі шытырман әңгіме тыңдағандарын, соғыстың өтінде азаматтық парызын адал атқарған ардагерлердің ерлік жыры, жауынгерлік бейнесі Отан алдындағы борышкер Әбділманат Жалдыбаевқа дем бергендігін ерекше атады. «Қаламгердің туған ауылы Қалпеге сапарымыздағы мені әсіресе Кемел ағамның дінге беріктігі қатты таң қалдырды. Сенімге тұсау салынған цензурасы күшті заманның өзінде ағам  Жолбарыс бидің басына соғып, құран оқыды. Кемел – рух еркіндігі бар жазушы еді»,- деп кеңес айтты қария. Әңгіме кейіпкердің шығармашылығына ойысқанда әнбие қарт: Ескелді-Қаблиса, Балпық-Айту, Жолбарыс шешен шығармашылығынан  бір қайырып, Кемел Тоқаевпен бірге  Қалпе ауылының маңындағы қамысты шоғар – Сарғабанды аралағандарын, қаламгердің деректі жазармандық шыпасының келбетіне айналған – «Сарғабанда болған оқиға», міне, соның желісімен жазылған, тіпті, біздің үйге қонақ болған шақта,  күндіз-түнде болсын, қойындәптеріне бірдемелерін шимайлап отырғандығын талай байқағанын айтты... «Тұлғалық байқампаздығы, ерекше таным-түйсігі мықты қаламгер еді» деді. Сонда,  қарияның Кемел Тоқаевпен бірге сапарлас болған 10 күні – болашағының жолашарына айналыпты, жадында сақталып, жүрегінде орнығыпты. Көңіл қазынасы, көз суретінде бейнеленіп, бүгінге жеткен шежіре, мәңгілік мақтаныш болыпты...  Үйіндегі бойы аласа, жүзі нұрланып тұратын сұлу, ұстаздығы мен парасаттылығы болмысынан байқалатын Әбділманат қызы Гүлзифа өте биязы кісі екен. Үш тілде еркін сөйлеп, дастархан басында мәдениет, тарихқа қатысты деректерді тарқатып отырды. Үштөбеде Тоқаевтың атына берілген көше бар. Сен әлгінде барған қора-қопсы, қарашаңырақ – Кемел Тоқаевтың табан ізі тиіп, тыныстаған жері, - деді ақсақал. Маған қайтарымда «Кемел Тоқав» атындағы көшені аралатып, ондағы тұратын  күрт, кәрістердің тарихи-баянын сөз етті. Дауысы зор, тарих, шежірені өзгеше әуенмен толғай жөнеледі. Мен іштей ғұмыр өткелегіндегі қазақтың атадан қалған ақ сауытын өзінен кейінгілерге батыл табыстаған қариялардың барына шүкірлік, берекетіне тәубе қылдым. Алагеуім кеш болды. Талдықорғанға бағын алған көліктің радиосында «Дедімай-ау» шырқап тұр. Әннің:

 «Алма ағаштың гүліндей-ай,

Текеметтің түріндей-ай!

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ай!», - деген иіріміне келгенде көзім қайтара Қарт Қараталға түсті. Сондағы, Қараталдың қатқыл лебімен тербетіліп, қырат беті қау көде, бұйрат беті боз жусанға тұнған дала – Кемел Тоқаевтың болмысына әлеміш оюдай өрнектелген, ақырында,  қаламына тұнған қасиет, қадарына бұйырған еншілі мекен болыпты.  Өткінші жаңбыр суынан жаңа дегдіп, даланың маңғаз келбетіне біткен салқындық – санадағы қаламгерлік таңба, қайраткерлік қалыпқа айналыпты. Уақытша емес, мәңгіге. Алыстан кенезесі кепкен алдүзік жүрісті Қараталдың айна келбетін шөл қысқандай көрінеді. Тегінде, дүние салқар көшінде халқына мол мұра, манат мүкаммал қалдырған перзентін сағына теңіздер де шөлдейді. Кемел Тоқаевты жоқтап, сағына, бірде тасқынды, бірде баяу аққан Қараталға қарап мен соны ұғындым!..

Дастан ҚАСТАЙ.