Әсет әндері әуеледі

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1240
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстанның Халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуовтің 80 жылдығына арналған «Әсеттің әсем әндері-ай» атты республикалық әншілер байқауы болды. Дарынды композитордың әндерін жаңғыртып, жастар арасында кеңінен танытуды көздеген өнер кешіне 12 облыс пен 3 қаладан 24 үміткер қатысып, көрерменді күні бойы әсем әнмен тербеді. 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның басты мақсаты – ән өнерін дамыту, жас талант иелерін іздеу, жастар арасында әншілік өнердің кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашу. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарды аудан әкімі Бағдат Әлиев құттықтап, жиналғандар композитордың рухына тағзым етті. Халқына әуезді әндер тарту еткен дарын иесінің туған жерінде сол күні шығармалары көптеп шырқалды. Композитордың «Алтыным», «Алматым жүрегімде», «Қараша қаздар қайтқанда», «Алдымнан шық», «Ауылдың адамдары-ай», «Қоскөл кеші», «Мұңайма», «Маралдым», «Ғашықпын, өмір, мен саған», «Шақырады көктем», «Анашым», «Асыл арман», «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар», «Сырласу вальсі», «Жақсы көру», «Армандастар», «Ағаларым», «Жайықтан қайтқан тырналар», «Қазақстаным» сияқты ел ішінде кең таралған әндерін әр әнші тыңдаушыға өзінше жеткізді.
Олардың өнерін бағалаған қазылар алқасы биылғы байқаудың деңгейі жоғары болғанын атап өтті. ҚР Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов төрағалық еткен әділқазылар, әсіресе, Әсеттің ұмыт бола бастаған, 60-70-ші жылдарда жазған шығармаларын қайта өңдеп, халыққа ұсынып жүрген орындаушыларға назар аударды. Алқа құрамында Ұлжан Айнақұлова, Бейбіт Дәлденбаев, Марат Ілиясов, Меруерт Мүсірәлі сияқты белгілі өнер майталмандары орындаушылық шеберлікті саралады. Бес жүзден аса ән жазған Әсеттің шығармаларын арқау еткен республикалық байқау 16 мен 35 жас аралығындағы орындаушылардың кәсіби деңгейін өсіруге септігін тигізіп, жас таланттардың тұсауын кесті. Байқау композитордың туған ауданында өткізілгендіктен еліміздің шығысы мен батысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен ат арытып жеткен жас таланттар Әсетті әлдилеген жердің киесін сезінгендей болды. 
Алғашқы іріктеуден кейін 24 орындаушының 14-і ақтық сында тағы өнер көрсетіп, оның ішінен  8-і алға суырылып шықты. Соның ішінен байқау қорытындысы бойынша өнері үздік деп танылған Жамбыл ауданының тумасы Ақбота Серікболова бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын Шығыс Қазақстан облысының әншісі Келбет Қараболоваға берілді. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласынан келген «Үш қоңыр» триосы екінші орынға ие болды. Үшінші орын кербұлақтық Мәулен Әбжапаров пен қарасайлық Нариман Әбдірахмановқа бұйырды. Байқауға қатысқандар, сондай-ақ, арнайы жүлделермен, Алғыс хаттармен марапатталды. 
Кеш соңында елге танымал өнер майталмандары мен байқау жеңімпаздарының гала-концерті тамашаланды.
Әсет әндері қашанда жүрекке жылы. Сондықтан әлі де сан ұрпақты сезім қылын шертер сұлу сазымен тербейтіні сөзсіз. Демек, ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын ұрпақ барда Әсеттің әсем әндері мәңгілік елмен бірге мәңгілік шырқала берері күмәнсіз. 
Есімін есте қалдыру мақсатында туған жері Қарғалы ауылында бүгінде орта мектеп пен көше Әсет Бейсеуов атында, мектепте мұражайы ашылған. Алдағы уақытта орталық көшеде мүсіні орнатылмақ. 
Жамбыл ауданы

 

Серік САТЫБАЛДИЕВ,
“Жетісу”