Аймақтар аламаны

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 803
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда 2003 – 2006 жылғы ұлдар мен қыздар арасында регби-7 спортынан республикалық жарыс өтті. Сайысқа әр өңірден іріктеліп келген        7 команда, 170 спортшы қатысты.

Шараның шымылдығы Білім және ғылым министрлігі ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілі Бахтияр Елемесовтің алғы- сөзімен ашылды. 
– Қазақстанның Көк байрағын әлемде желбіретіп жүрген спортшыларымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. Ол – Елбасымыздың спортқа үлкен көңіл бөлуінің арқасы. Сондықтан да өңірімізде жарыстар жиі ұйымдастырылып, даңқты спортшылар шығуда. Бүгінгі дода біз үшін айрықша. Өйткені, абыройымызды асқақтататын спортшылар осындай  жарыстарда анықталады, – дей келе, спортшыларға ізгі тілегін білдірді.
Осыдан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының №1 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры, регбиден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Дроздов сөз алып, ұйымдастырылып отырған жарыстың мақсатымен таныстыра келе жарысты ашық деп жариялады.
Дүбірлі дода басталды. Алдымен жеребе тартылып, қарсыластар анықталды. Бірінші кездесу облыс намысын қорғаған Талғар ауданының командасы мен Шығыс Қазақстаннан келген спортшылар арасында өтті. Бас төрешінің ысқырығы шалына салысымен командалар ойынға кірісті. Алма-кезек ұйымдастырылған шабуылдармен регбишілер өздерінің жеңіске деген ынтасын байқатты. Регбидің қыр-сырын  жетік меңгерген кіл мықтылар ұрымтал сәтте мүмкіндігін бос жібермей, ала допты ұршықша иіріп, бір-бірінің қорғанысынан саңлау тауып жатты. Әсіресе, облыс намысын қорғап жүрген талғарлықтар жеңістің желкенін көтеру үшін барын салды. Осының нәтижесінде 22:10 есебімен қарсыластарынан басым түсіп, алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Облыстық білім басқармасының «Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы» ұйымдастырған жарыс үш күнге созылады.