Өмір қымбат бәрінен

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 931
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Суицид – елімізді ғана емес, әлемді толғандырып отырған мәселе. Адамның өз-өзіне қол салу себебі көп. 2014 жылғы деректерде Қазақстан Республикасы дүниежүзі бойынша жасөспірімдердің суицидінен төртінші орыннан көрінсе, қазір ондыққа кіреді. 5 – 15 жас аралығындағы балалардың өз-өзіне қол салуы бойынша тоғызыншы, 15 пен 29 жас бойынша төртінші сатыда тұр.

Мектеп оқушылары арасында суицидті болдырмау үшін арнайы психологтардың кабинеті жұмыс істейді. Дегенмен, оның да жеткіліксіздігі байқалып отыр. Сондықтан, бұл дертке қарсы қоғам болып жан-жақты жұмыла әрекет еткен жөн. Мәселен, мектеп оқушыларына арнап тегін үйірмелерді ашу. Қазір баланы бассейн үйірмесіне беруге қомақты қаржы керек. Сондықтан көп оқушы бос уақыты жеткілікті болғандықтан арзан компьютер клубтарына барады немесе жалғыздықта қалып, түрлі ойға беріліп, депрессияға түседі. Осыдан суицид туралы ой туады. Ал, суицидтің алғашқы қадамына көпшіліктен оқшаулану жатады десек, біз жасөспірімдерді қатерге өзіміз бастап отырған жоқпыз ба? Сондықтан осы мәселені түпкілікті шешудің жолдарын ел болып, талқылап, ортақ пікірге келгеніміз дұрыс. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген мәлімет бойынша, ең жоғары суицид көрсеткіші Германия, Австралия, Швейцария, Венгрия, Чехословакияда болса, ең төменгі көрсеткіш Болгария, Ирландияда және Үндістан мемлекеттерінде. ХХІ ғасырда суицидке жиі баратын әлеуметтік топқа 15-24 жас аралығындағы жастарды жатқызамыз. Осы қадамға баруына ата-анасымен, ұстаздарымен кикілжіңге келуі, құрдастарымен тіл табыспауы, қоғамнан оқшаулануы, жауапсыз махаббат себеп болады. Жастар өмір тәжірибесінің аздығына байланысты өлімді барлық проблемадан арылу деп қабылдайды. Артында ата-анасының, ұстаздарының жылап қалатынын елестету арқылы олардан өш алғандай болады. Осылайша, өз өміріне қол салғанын байқамай да қалады. Алайда адам ғұмыры ақ пен қарадан құралатынын, онда қиындықтармен қатар бақытты күндер қатар жүретінін әлі тұщынбаған жас желкен осылайша тағдырына балта шабады. Өкінішті. 
Елімізде ересектердің суицидке баруына несиесін төлей алмауы себеп көбіне. Әйел азаматтарға қарағанда ерлер суицидтің құрбанына көп айналады. Ал, әйелдер көздеген мақсатына жету үшін өлгісі келетін сияқты іс-әрекеттер жасайды. 
Психологтар суицидтің себебін генетикаға сілтейді. Яғни, ертеде атасы осы дертпен көз жұмса, онда оның ұрпақтарының бірі осы қадамға барады-мыс. 
Әр дәуірде суицидке қарсы қолданылған діни дәстүрлер мен ырымдар болған. Еуропа халқында өзін-өзі өлтіретін адамдар вампирға айналады деген. Ал көне Грекия, Спарта, Афиныда өзіне-өзі қол салғандардың мәйітін өртеп жіберген. Орта ғасырда Австрия, Пруссия, Францияда ондай адамдарды діни көзқарас бойынша қылмыскерлер деп санаған. Мәселен, қазақтарда да ислам діні негізіндегі қағидаға сәйкес, өз-өзіне қол салғандардың жаназасы шығарылмаған, ортақ қорымға жерленбеген, күнәһар ретінде Құдайдың қарғысына ұшырайды делінген. Сондықтан, адамдар бұл қадамға барудан тартынған,  қоғамнан бөлініп, қарғысқа ұшыраудан қорыққан. Бұрындары ата-аналар балаларының құлағына осы сөздерді қорғасындай құйып, ұрпағын ағат қадамнан қорып отырған. Қазір бұл дәстүр ұмыт болған. Өз-өзіне қол салғандардың жаназасы шығарылып, денесі ортақ қорымға қойылады. Әдетте, өзіне қол салған адам ештеңеден ұтпайды, ұтылады. Себебі, әрбір пенде қайталанбас тұлға, оның жеке өмірі, тағдыры бар. Ал осы құндылықтар әркімнің өзіне ғана қымбат. Біреу көз жұмды екен деп ғаламдық түрлі процестер тоқтап, жер айналуын доғармақ емес. Осыны лайым ұмытпасақ екен. Суицидпен күресті әркім алдымен өзінен бастауы тиіс.
Майра Алдабергенова