Оқушы емес, отбасы оқып жүр

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 1477
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күнде өзгеріс, жыл сайын министрліктен жаңа бағдарлама еніп жатады. Шыны керек, үйде отбасымызбен қосылып сабақ оқимыз. Тапсырманың мағынасын түсінбей, ата-аналарға хабарласып отырып, сынып болып тапсырманы орындаймыз. Сонда бұл не болды? Бала тұрмақ, үйдегі үлкендер түсінбейтін бағдарламаның қандай ерекшелігі бар?! Тіпті, берілген тапсырмалар баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейді.

Әңгіменің желісін әріден бастайын. Жаңартылған бағдарламаның басы әліппенің атын ауыстырудан басталды. Оның орнына «Сауат ашу» деген кітап шықты. Ол жалғыз емес, қасында жазу дәптері тағы бар. Салмағы да, көлемі де үлкен. Дәптерінің іші толған сурет пен кескін. Сол кескіндерді толтыру керек. Өкінішке қарай, ол кескіндер өткен жылы толтырылып қойыпты. Сонда биылғы сыныптың баласы өткен жылғы балалардың тапсырмасын бағалап қана қоя ма? Бұдан бөлек, мен мына бір жағдайды айтайын. Бастауыш сыныпта мынадай тапсырма бар. «Жалақы», «зейнетақы», «жәрдемақы», «әлеуметтік көмек» деген жазулар жазылған. Осы сөздердің тұсына екі торкөз сызылған. Сол бос тұрған торкөзді бала толтыру керек екен. Мәселен, жалақыны үйде кім алады? Торкөзге әке немесе ана деп жазасыз. Одан кейінгісінде қайда және қалай жұмсайды? Оған тамақ, киім алады деп жазасыз. Зейнетақыны білесіз, ата болмаса апа деп жазасың. Ал жәрдемақы мен әлеуметтік көмек дегенді қайтіп түсіндіресің? Мұндай тапсырма төменгі сыныптың баласына қаншалықты қажет? Жасына сәйкес келе ме? Оны мың жерден түсіндірсең де бала оны толық ұға алмайды. Өйткені оның ойлау қабілеті мен зерделеу мүмкіндігі мұндай тапсырмаға жете қойған жоқ.

Ойыңа келгенін ойрандап тұрып жаз

Досан хабарласты: Аяқ киім деген қалай жазылады, оқулықта бірге екен? – дейді. 2013 жылдан беріде алмаағаш, өрікағаштар қабысып, біріне-бірі жабысып, әр күзде филологтардың күйегіне түскен қазақ тілі не қозы, не бұзау төлдерін білмей бошалап жүрген мына заманда бірдеңе дей қою қиын енді... Мамандар: келесі сөздікте бұрынғыдай бөлек жазып бере саламыз, – деді ғой. Оған дейін... одан кейін де ойыңа келгенін жаза бер, досым. Қате емес, я бөлек, я бірге жаза бер. Аяқкиім десең де, аяқ киім десең де, аяқгиім десең де ырқың. Себебі, келесі жолы мамандардың миына (бар болса) қандай шатпақ кірерін болжау мүмкін емес, бабаңның есімін Атан мен Тай деп екіге бөл десе таңданба. Ережеге емес, еріккен филологтардың тиынтабар ермегіне айналған тіл ғой іздеуші, сұраушысы жоқ. Он сөздікшінің былығынан он миллион қазақ ана тілін ұғудан қалып барады, меніңше. Не олар диверсант, не біз дегенерат... бірге жаза бер, бауырым. Бала-шағаң баршылық қой, шүкір, біріне алма ағаш деп жаздыр, екіншісіне алмаағаш, үшіншісіне алм ағаш, тағы біріне алмағ аш деп жаздырып, үйрете бер. Он жылдан кейін бірінікі дұрыс болады. Қайсысы екенін білмеймін, оны майлы жілік – сөздік төңіректеп жүрген филологтар да, олардан «байғазы» алып, бата беріп отырған ақсақалитет те білмейді. Нені қалай, қайтіп, қашан жазғандарын ұмытып, шатасып қалған. Ұрпағының болашағын атала еткендер де, сол ұрпақты қорғай алмаған ата-ана да  заманның тазкепешін бастыра киген мәңгүрт. Шын сөзім! Ойыңа келгенін ойрандап тұрып жаз, сонда қазақ тілінің грамматикасына дөп түсесің.


Серік ӘБІКЕН


Екінші мәселе, көптен бері жазылып, үйреніп қалған сөздеріміз биыл өзгеріп шыға келді. Ежелден қыркүйек деген ай атауымыз биыл «қыргүйек» болды. Бұл – биылғы жылдың жаңартылған бағдарламасы. Сонымен, баламызға осылай жазғызып, мектепке жібердік. Жаңа оқу жылын «Қыргүйекпен» бастадық. Жыл соңына дейін тағы қандай жаңалық болады деп тосып отырмыз. Енді кітаптың ішінде жүйе ауысқанға ұқсайды. Мүмкін пәнаралық байланыс па? Әйтеуір қазақ тілінің ішінде астрономия, тарих, басқа да сабақтың тапсырмалары жүр. Енді әріпті аяқтап, жаңа оқып келе жатқан жас балақайға ғұн кезеңі, ол қай жерде орын тепкен, оның көшу жолдары немесе сонау Африканы көрсет деген тапсырмалар ақылға қаншалықты қонымды?  Бастауыш сынып оқушысы ғұн дәуірінің кезеңін емес, өзінің мектебінің жолын дұрыс көрсетіп берсінші. Қазір 0-сыныптан бастап ағылшын тілін оқып жатыр. Жақсы, оқысын. Бүгінде күллі әлемде ағылшын тілі үстемдік құрып тұр. Ғылым, техника, өнер, мәдениет, барлығы ағылшын тілінде сөйлейтінін білеміз. Тек неге қазақ әрпімен қатар оқытылмайды. Қазақ әрпін өтпей жатып, ағылшынның біраз әрпін үйреніп тастадық. Яғни, бүгінгі баланың тілі қазақ тілімен емес, ағылшын тілімен шығып жатыр деген сөз. Ертең бұл балалар қай елдің азаматы болып өседі? Елге, жерге, Отанға деген құрметтен айырылып қалмаймыз ба деген ой келеді. Айтпақшы, ағылшын демекші, физика, биология деген пәндер ағылшынша өтуін қаншалықты дұрыс деп санайсыз? Дәл қазіргі уақытта ұстаздардың жарым бөлігі оқу курстарында жүр. Алды 4-5 ай болса, соңғысы 9 айға дейін қалада. Курсқа келгеннің барлығы да физика мен биология пәнінің мұғалімдері. Сонда ұстаздар жылдап пәнімізді ағылшынша береміз, ағылшын тілін үйренеміз деп жүргенде мектептегі оқушыны кім оқытып жатыр?! Олардың дені орта жастан асып кеткен ұстаздар. Олардың осы 4-5 айда ағылшынша сайрап кетуіне күмәнім бар. 
Бұл бағдарлама расымен де ұлттың жауына айналғандай. Неге дейсіз бе? Мысалы, ауылдағы ұстаз бес айға оқуға келді. Сонда оның үйіндегі бала-шағасы кімге қалды? Әкесі бар деп айтайық, бірақ үйдің ұйытқысы мен тәрбиенің бастауы болатын отанасындай бола ма?! Қолындағы қарт ата мен ененің жағдайын кім жасайды? Жаңа отбасын құрған жас келін күйеуін тастап, қалада жүр. Ертең физиканы ағылшынша берем дейді. Бір апта, екі апта болса жарар. Жігіті тоса тұрар. Ертең бүйткен оқуың құрсын деп жұмыстан шығарып алуы әбден мүмкін. Болмаса айрандай ұйып, жаңа қосылған жас отбасының ажырап кетпесіне кім кепіл?! Дамыған мемлекеттің бағдарламасы осы екен деп келеңсіз дүниені әкеліп енгізе салу, меніңше, дұрыс емес. Өз мәдениетіміз, ұлттық менталитетіміз бар емес пе? Оны қалай ысырып тастаймыз? Барлығымыз батысшыл болып кете береміз бе? Жаңартылған бағдарлама деп жүріп, ертең мектепке баратын ұстаздарды таппай қалып жүрмейік. Онсыз да, кадр мәселесі жеткілікті болып тұрғаны шамалы. Барлығынан бұрын ұстаз беделін түсіріп алмайық. Адам анадан туса, ұстаздан тәлім алады. Ендеше ұлы деп жүрген ұстазды осылайша ұлтараққа түсіріп жібергеніміз жарамас. 
Басымдықты балаға беріп, логикалық ойлау қабілетін дамытамыз деген де көпшіліктің көңіліне қона қоймайды. Ұстаз бірінші балаға түсіндіріп бермей, оқушыны қалай сөйлетеміз? Гуманитарлық сабақты сөйлетерміз. Дене шынықтыруға сөйлеудің не қажеті бар? Ол қозғалыс пен қимылдың пәні екенін білетін болармыз. Бағалау жүйесі де жойылды. Баяғыдай «бесті» көрсетіп, атам мен апамнан көрімдік алатын заман келмеске кетті. Қызыл сиямен көзге жылы ұшырайтын бестік баға жоқ. Ұстаздың бестік бағасын көрген сайын бала ынталанып, келесі жолы да күнделігін басқа баладан бұрын апарсам екен деп талпынушы еді. Қазір ондай жоқ екен. Оның орнын тестік жүйе, пайыздық көрсеткіш басыпты. Мұғалім қағаз теруден басқа жұмысы қалмағанға ұқсайды. Сыныптағы отыз баланың пайызын шығарып біткенше 45 минут бітеді. Баяғыда 45 минуттың ішінде қанша бала қамтылды, сабақтың негізгі бөлімі түсіндірілді ме, қорытынды бөлімі толықтай қамтылды ма, жаңа тапсырмаға уақытымды азайтып алмайын деп ұстаздар жанұшырып тұрушы еді. Бүгінгі күні қандай күй кешіп жатыр?! Ол ұстазға ғана аян.
Бір сөзбен айтқанда, жаңартылған бағдарлама баланың санасын жаңғыртпайтыны анық. Жыл сайын оқушы мен ұстазды, жалпы мектепті сынақ алаңына айналдырып барамыз. Осы мәселе көпшілікті шаршатты. Келер жылы қандай эксперимент болады екен деп көжекке айналған ұстаз бен оқушының көздері жәутеңдеп отырған болар?! Баламның болашағына алаңдаймын.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ