Зейнетақы қоры өркендеп келеді

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 797
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл 1 қыркүйекке дейін зейнетақы жинақтарының жалпы құны 8,8 триллион теңгені құрап, жыл басынан бері 1,02 трлн. теңгеге немесе 13 пайызға өсті. Салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс жыл басынан бері 584,9 млрд. теңге болып, табыстылық деңгейі 47 пайызға жетті. Зейнетақы активтерінің табыстылығы 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 7,3 пайызды құраса, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі  2,9 пайыз болды.

Осыдан-ақ жыл сайын қорға жарна аударатын салымшылардың саны көбейіп, олардың жеке шоттарындағы табыстың да молайып келе жатқанын көруге болады. Бірақ салымшылар арасында түрлі әңгіменің ұшы көрініп қалатыны да жасырын емес. Әсіресе, тұрғындардың көбін қазір «Зейнетақы қалай есептеледі?» деген сұрақ жиі мазалайды. Өйткені, барлық адам ай сайын өзінің зейнетақы шотына қаржының аударылып жатқанын білсе де, сол қаржының зейнетке шыққаннан кейінгі жағдайда өміріне қандай өзгерістер әкелетінін түсіне бермейді. Бірақ көптеген жұмысбасты адамдар бұл сұрақты қор мамандарын арнайы іздеп барып, бетпе-бет қойып, өздеріне керекті жауап алуларына уақыт таппайды. Сондықтан, әлеуметтік желілерге немесе баспасөз өкілдеріне жүгініп, жауап күтеді. Ендеше осы жолы тұрғындарды жиі мазалайтын осы тектес сұраққа жауап іздеп көрелік.
Бүгінде қазақстандықтардың жиынтық зейнетақысы екі төлем көзінен құралады. Бірі – мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы болса, екіншісі – БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері. Әрине, базалық зейнетақы барлық зейнеткерге төленеді. Алайда оның мөлшері 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеліп жатыр. Егер зейнеткердің жалпы еңбек өтілі 10 жыл және одан төмен болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан аспайды.
Тағы бір айта кетерлігі, ортақ зейнетақыға 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үміт арта алады. БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын төленуде. Зейнетақы жинақтары жарналардың міндетті түрлері есебінен қалыптасады. Зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді (2018 жылы – 404 940 теңге). Осы тұста бүгінде зейнеткерлерге берілетін зейнетақының 80-85 пайызы мемлекеттік зейнетақыдан төленіп жатқанын айта кеткен дұрыс. Бірақ қазіргі экономикалық қарым-қатынастың  күн сайын өзгеріп отырғаны сияқты зейнетақы төлемі де соған сай өзгеріске түседі. Соған орай жинақтаушы бөліктің маңызы арта түседі. 
Ұзақ жыл бойы Жетісу өңірінің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, бүгінде зейнеткерлер қатарын толықтырған Болат Бисұлтанов ағамыз:  «Мен жыл сайын еліміздің зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерді көріп, қуанып отырамын. Міне, қатарынан бірнеше жыл зейнетақымыз өсіп, ақшамыз көбейіп қалды. Кейінгі жылдары реформа нәтижесінде зейнетақы да өсіп келеді. Биыл кезінде еңбек еткен жылдарымыз зейнетақыға қосылыпты деп естідік. Бізге бұдан артық қандай қуаныш болсын?!» – дейді ағынан жарылып.
2040 жылдары зейнетке 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар шыға бастайды. Ол кезде олар өздерінің жинақтарына және базалық зейнетақыға ғана үміт артады. Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарын қордағы жеке зейнетақы шотына тұрақты аударып тұру және жұмыс берушінің жарналарды қорға уақытылы аударуын қадағалау өте маңызды. Бұл ретте жұмыс берушіден алатын деректерді зейнетақы шотынан алынатын үзінді-көшірмемен салыстыруға болады. 
«Қайтыс болған адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағы мұрагерлерге қалай беріледі?» – деген сұрақ та көпті мазалап келеді. Әрине, бұл сұрақтың да жасы ұлғайған адамның әрқайсысын толғандыратыны анық. Десе де,  зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31-33-баптарына сәйкес мұраға қалдырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, зейнетақы қоры оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (биыл ол: 2405*52,4 = 126 022 теңге) біржолғы төлем төлейді. Бірақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Мұрагерлікке құқығы бар тұлғалардың толық тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көрсетілген. 
Азамат Кемелбек есімді қала тұрғыны: «Жан бар жерде қаза бар» дегендей, әкеміз қайтыс болғаннан кейін ол кісінің зейнетақы қорындағы жинағын алу үшін қорға хабарластым. Менің барлық шартым мұрагерлікке жарамды екен. Сосын мұрагерлік құқығы туралы куәлігіммен тұрғылықты жердегі нотариусқа өтiнiш бердім. Заң бойынша  қаржы 6 айдың ішінде қолыма тиді.  Сонда ғана барлық зейнетақы шоттарындағы жинақтардың толық сақталатынына көзім жетті.  Егер керек болып жатқан жағдайда мұраға қалдырылған зейнетақы жинақтарын алуға арналған құжаттардың бекітілген нысанын қордың www.enpf.kz сайтының «Қызметтер» айдарының «Алушыларға» деп аталатын бөлімінде жүктеп алуға болатынын айта кеткім келеді», – дейді ол.
Кейінгі кездері тұрғындар арасында «Зейнетақы қорындағы жинақтың есебінен «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға бола ма екен?» деген сұрақ та жиі көтеріліп жүр. Әрине, бұл үшін тұрғындарды кінәлаудан аулақпыз. Қайта кейде осындай сұрақтардың көтерілгені де орынды. Сонда ғана түсініксіз дүниелерді түсініп, белсенділігімізді арттыруға болады. Біз жоғарыдағы тұрғынның сұрағын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» облыстық филиалының мамандарына жолдаған едік. Сауалымызға:
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тек заң аясында ғана қызмет атқарады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар жандарға төленеді. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар. Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені өтеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған, – деген жауап алдық. 
Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі тұрақты түрде дамып келеді. Салымшылардың сауалдары мен өтініштеріне сараптама,  зейнетақы жарналарына мониторинг жүргізілуде. Актуарлық есептемелер жасалып, әлемдік тәжірибелерге талдау жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы әңгіме қозғау мәселесі әлі ерте. Есесіне еліміздің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып келеді. Алдағы уақытта да қор жақсы жетістіктермен қуанта түседі деген сенімдеміз. 

 

Қажет АНДАС,
“Жетісу”