ӨНЕР ӨРІСІМІЗДІ КЕҢЕЙТЕДІ

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 910
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жақында Сарқан ауданындағы Черкасск ауыл-дық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін елді мекен тұрғындарына араға жылдар салып есігін айқара ашты. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жұрт-шылықтың осынау қуанышын бөлісіп, ізгі тілегін ортаға салды.

– Өткен жылы Бақалы ауылдық Мәдениет үйі, Сарқан аудандық Мәдениет үйі, «Черкасск қорғанысы» музейі күрделі жөндеуден өтсе, биыл, міне, ширек ғасырдан бері пайдаланудан шығып, қабырғалары ғана қалқайып қалған Черкасск ауылдық Мәдениет үйі адам танымастай өңделіп-өзгеріп, көз тартарлық заманауи ғимаратқа айналып, ел игілігіне ұсынылуда, – деді Ерғазы Қошанбекұлы. 
Әкім құттықтауын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Жақыпбекованың лебізі толықтыра түсті. Әлия Әлімжанқызы облыс әкімі Амандық Баталовтың мәдени салаларды қайта жаңғыртуға бюджеттен бөлінген қомақты қаржының игерілуін басты назарда ұстауының нәтижесіндегі өңірлерді дамытудағы оң қадамды сөзіне арқау етті. Жиында, сонымен қатар, Черкасск ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Төлеухан Битембиев, Черкасск ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Тілеужан Әскербек, орыс тілі пәнінің мұғалімі Любовь Прокопенко сөз алып, ауыл тұрғындарының ақжарма алғысын жеткізді. 
Жаңғырған, жаңарған ғимараттың алдындағы ескерткіш ауылға ат ізін салушылардың назарын аудармай қоймайды. Биік тұғырдағы домбыра мен шаңырақ әсем үйлесім тауып, қарсы алдыңдағы мәдениет ошағы екенін айтпай-ақ аңғартып тұрады екен. Бұл Мәдениет үйінің сыртқы көрінісі болса, ішіне енген адамды қызықтыратын тартылыс күші бар үйірмелер мұнда молынан табылады. Теннис үстелі енді жас спортшылардың басын қосса, домбыра, би үйірмелеріне жазылушылар қазірдің өзінде аз емес көрінеді. Жаңа кітаптарымен оқырмандарды қызықтыратын кітапхана да енді бос болмауы тиіс. 
Мәдениет үйінің ашылуына куә болғандар сол күні аудан өнерпаздарының тартымды концертін тамашалады. Араға уақыт салып ауыл сахнасынан қанаттанғандардың үлкен сахналардан көрініп, көрермендерінің көзайымына айналар сәті де алыс емес деген нық сенім көкейімізге ұялады.

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы