Толғақты мәселелер талқыланды

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 825
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әкімдіктің кіші залында облыстық мәслихаттың денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, тіл, дін, этоносаралық қатынастар, білім,  ішкі саясат, мәдениет, спорт және жастар саясаты мәселері бойынша тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Жиынды облыстық мәслихаттың депутаты Жанболат Жөргенбаев жүргізді.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар бойынша алғашқы болып облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов баяндады. Баяндамашының мәліметінше, тұжырымдаманы іске асыру мақсатында облысымыздағы діни ахуалға жан-жақты талдау жасалынған, халықтың діни сауатын арттыру бойынша іс-шаралар атқарылып, интернет діни кітапханасы іске қосылған. Терроризм және діни экстремизм бойынша 513  парақша тексеріліп, шет елде күдікті білім алып жатқан 25 студент елге қайтарылған. Қан құюға, екпеге қарсы ата-аналармен түсіндірме жұмысы жүргізілген. Биылдан бастап мектеп оқушыларының діни үлгідегі киім киюіне тыйым салынған.
Осы тақырыпқа қосымша баяндама жасау үшін сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова орамал тағатын оқушы қыздардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 26 оқушы бүркемесін шешсе, салафизм ағымын ұстанушы 59 азаматтың 24-імен оңалту ісі жүзеге асып, 17-сінің одан бас тартқанын жеткізді. 
Комиссияның отырысы барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша баяндама жасап, бұл орайда 308 жобаның жүзеге асып жатқанын атап өтті. Соның негізгілеріне тоқталып өтер болсақ, «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» аясында облыс журналистері Оңтүстік және Батыс Қазақстан өңірлерінде болып, 50-ге жуық киелі жерді аралап қайтқан. Нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарында 157 материал жарияланған. Сондай-ақ, «Тарихи жол» мобильді қосымшасы жарық көрген. Бұл жоба сервис сапасын жақсарту арқылы туристер санын арттыруға мол мүмкіндік береді. Осы сынды «Жетісу 360» виртуалды мұражайының жобасы іске қосылды. Ең ірі жоба болып табылатын «Шоқан ізімен» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясы және облыс әкімі А. Баталовтың қолдауымен ұйымдастырылған «Мұқали» медиаэспедициясы жүзеге асты. Аталмыш экспедицияның қорытындысы бойынша үш тілде әзірленген кітаптың тұсаукесері және қысқаметражды деректі фильмнің көрсетілімі өткен. Облыста республикалық «Рухани жаңғыру» журналы жарық көре бастаған. 
Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ерлан Жакуповтың да есебі тыңдалды. Облысымызда 20 жастар ресурстық орталығы бар. Жастардың бос уақытын тиімді жүзеге асыруға бағытталған «Жастар жолы» жобасы бекітілп, жүзеге асуда. Сондай-ақ «Open air Cinema» жобасы аясында жаз бойы ашық аспан астында жастарға тегін кино көрсетілген. Қаратал өзенінің жағалауында алғаш рет «Jetisy style» облыстық жастар фестивалі ұйымдастырылған. Мұнымен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына ықпал ету бойынша «Алматы облысында полицияға қолдау көрсетуші студенттік жасақтарды құру және жұмысын ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Комиссия мүшелері басқарма басшыларының баяндамаларын тыңдап, онда айтылған мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жиын соңында кеңестің қаулысын қабылдады.

Алма ЕСЕНБАЕВА,
“Жетісу”