Елбасы тапсырмасы – ел мүддесі

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 804
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың басшылығымен селекторлық кеңес өтті. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдаулары, Ұлт жоспары, Бес әлеуметтік бастамасы бойынша, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында, Қауіпсіздік кеңесінің басқосуында, Парламент сессиясында және өңірлерге сапары кезінде берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

Кеңес барысында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың Президент тапсырмаларын орындау аясындағы жұмыстары жан-жақты талқыланды. Премьер-Министр орынбасарларының, министрлер мен облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев экономикалық және әлеуметтік салалар жөнінде сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ҚР Президентінің экономикалық өсімді кем дегенде 4 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, өнеркәсіп, құрылыс салаларын, экспортты дамыту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру туралы берген тапсырмаларын іске асыру барысы жайында баяндады. Басқосуда білім беру, медициналық қызметтерді ұсыну, жұмыспен қамту сапасын одан әрі арттыру, экономикаға мемлекеттің қатысу үлесін қысқарту және жекешелендіру, кәсіпкерлікті дамытуға тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары –   ҚР Ауылшаруашылық министрі Өмірзақ Шөкеевтің баяндамасында агроөнеркәсіп кешені, жер мәселелері, ауылды жерлерде халықты өнімді жұмыспен қамту, сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау мәселелері аталып өтті. Атап айтқанда, 2018 жылы жер қорына талдау жүргізу, ірі қара мал етін өндіру, өңдеу және экспорттау, ауылшаруашылығы кооперацияларын дамыту жағдайы талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев өз баяндамасында экономика салаларын цифрландыру мен мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жөніндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарымен таныстырды. 
Жиын барысында облыс әкімдеріне сөз берілді. Облыс әкімі Амандық Баталов үшауысымда оқытуды жою мақсатында 10 мектептің салынып жатқанын айтты. Сондай-ақ, облыс басшысы  жиында көтерілген экспортқа ет шығару мәселесін жоспарға сай, жеткілікті мөлшерде орындайтынын жеткізді. Кеңесте мемлекеттік бағдарламаға орай жалға берілетін үйлер жайы сөз болды. Біздің облыстың тұрғын үй бағдарламасын талапқа сай орындап келе жатқаны белгілі. Болашақта да жалгерлік үйлердің ақшасы уақытында бөлініп, халықты баспанамен қамту ойдағыдай іске асырылмақшы. Әрі құрылыс  жүретін аймақтарға инженерлік коммуникация тарту да жүйелі жүргізілуде. 
Облыс әкімі кеңес қорытындысында өзінің орынбасарларына нақты тапсырмалар берді.  Индустрияландыру, инвестициялық жобаларды іске асыру барысын тағы бір пысықтады. Сондай-ақ,  мектептер мен колледждерде мамандарды даярлауға баса көңіл бөлуді жүктеді.


Г. МҰҚАШҚЫЗЫ