Шаруашылыққа қолдау болса...

Уақыты: 01.10.2018
Оқылды: 907
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Заманына қарай адамы» дегендей, қазіргі кезде кім қолынан қандай кәсіп келсе, соны дөңгелентіп, күнелтуде. Ауыл адамдарының тіршілік көзі – шаруашылық болып отыр. Осы орайда қарапайым шаруалардың мал өсірумен бірге жер салып, егіншілікпен айналысып жатқандығы туралы әңгіме қозғасақ деймін.

Халқымызда «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақал бар. Бірақ қазіргі таңда сол еңбектің дұрыс бағаланбай келе жатқандығы өте өкінішті. Мәселен, жер салып, егін өсіру дегеннің қаншалықты ауыр екендігін сол жұмысты істеп көрген адам ғана терең түсінеді. Жерді жыртып, оны тырмалап, өңдеп, егін тұқымын салып, өсірудің мәнісін былай қойғанда, оған шыққан шығынның есебі де оңай болып тұрған жоқ. Жанар-жағармай, техникалық құрал-сайманның бағасы, жұмысшылардың еңбекақысы, «судың да сұрауы бар» демекші, судың төлемі диқаншыны титық татып жібереді-ақ. Мемлекеттен бөлінер азын-аулақ субсидия сол егіннің дәрі-дәрмегіне ғана жетеді. 
Мәселен, қытай бұршағына берілетін тиын-тебен ерте көктемде қолға тисе жанар-жағар- майы, шаруашылықтың басқа да жұмыстары үшін пайдасы мол болар еді. Ал ендігі жерде пайдасынан бұрын төмен бағамен беріліп жатқаны қынжылтады. Әрине, халыққа көмек ретінде бергені игі іс, әйтсе де, сонша төмен баға егінді және еңбекті обал еткендей болып көрінеді. Жоғарыдағы басшылар осы мәселеге мән беріп қарап, бір шешімін тапса, нұр үстіне нұр жауып, қарапайым шаруаларға жасаған үлкен көмек болар еді. Бұл әр шаруа қожалық иесінің көкейінде жүрген жайт десем  артық айтқандық болмас. 


А. Садыкова, 
Бақалы ауылының
тұрғыны, шаруа қожалық иесі 
    Сарқан ауданы