"Абай жолын" неміс тіліне аударған

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1050
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өмірден бір байқағаным – ұстаз бен ананың рөлі бірдей. Батыр да, алып та анадан туып, ұстаздан тәлім алады. Ана баласын өмірге бейімдесе, ұстаз да шәкіртіне тәлімді тәрбие беріп, болашаққа бағыттайды. Оқушы, яғни, бала өмірде түрлі жетістіктерге қол жеткізсе, оған ана да, ұстаз да қуанады. «Ұстаздан тәрбие алған», «ұстаздың алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жататыны сондықтан болса керек. Менің де анамдай ардақты ұстазым бар. 

«Өз бақытын аямай, өзгенің бақытын аялай» білген ұстазым Анархан Ботайқызы Мырзаеваның арқасында туған тілімізбен қатар неміс тіліне деген құрметіміз оянды. Жалпы өзге тілді үйрену айтуға оңай болғанымен, тәжірибе жүзінде түйіні терең дүние екенін шет тілдер университетіне түскен жан анық біледі. Мен де аталмыш оқу орнының студенті болғандықтан да тіл үйренудің қиындығын сезінген жанмын. Университет қабырғасында жүргенде мектепте неміс тілінен сабақ берген Анархан апайымның әр сөзі жадымда жүрді. Мейірбандығы, балалармен жылы қарым-қатынасы, дәрісті шебер өткізуі неміс тілін сүйіп кетуімізге сеп болды. Апайымыз мектепті де, жоғары оқу орнын да үздікке бітіріп, шәкірт тәрбиелеу ісіне жүрегімен кіріскен жан. 
Басқа жетістіктерін былай қойғанда М. Әуезовтің «Абай жолы» трилогиясын жалғыз өзі неміс тіліне аударып шыққан. Қазақтың өзіндей болған ұлы туындыны оқып шығудың өзі үлкен жүк екенін ескерсек, апайымыздың оны оқып, көкірек көзінен өткізіп, айтар ойы мен мағынасын жойып алмай неміс тіліне аудара білуі үлкен ерлікпен пара-пар дүние деп білемін. Жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезініп, ұйқысыз күн мен түндерді өткізгенін бірі білсе, бірі білмес-ау. Бір жылға жуық уақытта ұлттық кітапхананың қызметкеріндей болып кеткен. Кейде тіпті, келісіп қонып қалатын күндері де болған екен. «Жұмысыма  жүрегіммен кіріскенім сонша, Абайдың өміріне еніп кеткендей болдым», – дейді әңгімесінде. 
Жуырда апайыммен кезігіп қалып, бір таксимен ауылға бардық. Жол бойы айтар әңгімеміз таусылмады. Апайдың рухани байлығына, әр нәрседен хабардар екендігіне басымды идім. Аударма жайлы да айтып отырсақ, қасымыздағы ауыл адамдары ол туралы білмейтін болып шықты. Қазір қолы тиіп кеткен дүниесін жарияға жар салып аттандап жатқан «сапасыз» туындылардың иелері ұяты жоқ жандардай  болып елестеп кетті. Қазақ үшін тәлім-тәрбиесі зор шығарманы неміс тіліне аударып, неміс ұлтына таныта білген апайдың қомақты еңбегі қарапайымдылықтың көлеңкесінде қалып қойғанына ішім ашыды. «Неге жарияламадыңыз? Неге айтпадыңыз?» деп шыр-пыр болған шәкірт сөзіне жай ғана: «Мен тек бұйрықты орындадым. Аударған еңбегім ретінде «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген диплом береміз деген еді. Ауылға асығып соны да алмай кеттім ғой», – деп күліп қана қояды. Нағыз еңбек адамы осындай болса керек деп мақтанып, масаттанудан басқа ештеңе дей алмадым...
Бүгінде Анархан апай зейнеткер. Институтта қалып, студенттерге дәріс беріңіз деген ұсынысты қабыл алмай, туып-өскен ауылына келіп, туын тіккен жан. Ауылдың күйбең тіршілігіне еніп кетіп, бекітіп берген сағатына қанағаттанып қала берген. Шүкір, үбірлі-шүбірлі болып, шәкірттерінің алғысына бөленіп жүрген жайы бар. Десек те, жоғары оқу орнында сабақ беріп, ғылыми жұмыспен айналысса, қазақ ғылымы мәнді де мағыналы, өзі ісіне жетік бір ғалыммен толығар еді ғой деген өкініш мазалай берді мені... 

Гүлназ БОЛАТҚЫЗЫ 
Алматы қаласы