Мен сізге мәңгі шәкіртпін

Уақыты: 03.10.2018
Оқылды: 1339
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бірде Германия мемлекетінде үлкен дау өрбиді. Мемлекет қызметкерлері мен құрылысшылар жалақысын көбейту туралы Үкімет басындағыларға ашық хат жолдайды. Хатта олар мұғалімдердің еңбекақысы жоғары болғанына наразылық білдіреді. Сонда Алманияның қазіргі Федералдық канцлері Ангела Меркель: «Сендерге білім нәрін сепкен асыл жандардан қалайша ұялмай артық ақша аласыңдар?» – деген екен. Бұл – бейнелеп айтқан мысалымыз. 

Қазақтың:  «Бір әріп үйреткен жанға қырық жыл тағзым жаса» дейтіні бар. Бұл нақылдың астарына үңілсеңіз үлкен мазмұн жатыр. Індетіп көрейікші. Бейпілдікті батылдық көру бел алып тұрған заманда рухани құндылықтарымыздың тамырына мәнді де минералды дүниелерді беруіміз қажет. Оны біздің бойымызға сіңіретін алдымен осы сәулелі жандар. Яки, ұстаздар. Жапон халқы шәкірт ұстаздың көлеңкесін де басуға болмайтынын айтады. Әрі кез келген ортада мұғалімді төрге отырғызып, тілектің ең тәттісін де соған арнайтын көрінеді. Ғажап емес пе?! Содан да болар, Күншығыс елінде ұстаз болуға ұмтылатын оқушылар едәуір. Себебі сол салаға берілген жеңілдік көп, жағдай да жақсы қаралған. Ал, бізде ше? Бірен-саран. Мемлекет ұстаз мәртебесін көтеруге қандай қарекет жасап жатыр? Жасағанның өзінде нәтиже қандай? Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас қай деңгейде? Міне, біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздейміз.
Толғақты тақырыбымыздың толық мәнін ашу үшін арнайы облыстық білім басқармасына бардық. Жоғарыда айтылған сауалдар да көкейімізде қыз-қыз қайнап тұр. Журналист ретінде өзіміздің оймақтай пікірімізді ортаға салып, облыстық әдістемелік кабинетінің мектепке дейінгі әдіскері Раушан Қабидолдаеваға жолықтық. Ол кісі жыл сайын облыс әкімінің жүлдесі үшін «Үздік жыл мұғалімі», «Үздік сынып жетекшісі» секілді байқауларды ұйымдастырып отыратынын жеткізді. Жалпы басқарма қолға алған дәл осындай 7 шара бар көрінеді. 
Шыны керек, бүгінгі заман жаңа технологиялар әсерінен қарыштап дамуда. Бұрындары мұғалім басты білім көзі болып саналатын. Оған ең сыйлы әрі құрметті маман ретінде қарайтынбыз. Қоғамда «мектеп – білім ордасы болса, мұғалім сол білімді халыққа жеткізуші, таратушы» деген түсінік қалыптасқан еді. Ал бүгінгі жағдай мүлдем бөлек. 
Хош! Ең алдымен, мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін оның себеп-салдарын анықталық. Қоғамда мұғалім беделін арттыру үшін арнайы заң қабылдау қажет дейтіндер де табылар. Дегенмен, осы орайда атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың: «Диқан – кетпеніне, шопан – таяғына, жазушы  қаламына ие болсын», – деген сөзі еске түседі. Біздің де мұғалім мәртебесін биіктету  белгілі бір дәрежеде ата-ананың қолында! Ата-ана ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамаса, мұғалімнің еңбегін ерекше бағаласа, бәрі өз орнына келер еді. Әл-Фарабише айтқанда, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Кез келген күрделі мәселенің өзегі – тәрбие. Оған дау жоқ. Тәрбие дұрысталса, білім де, мәдениет те түзеледі. Адамзат баласы өркениетке қол жеткізуі үшін білім қажет. Сондықтан әуелі – тәрбие, сосын – құрмет, содан соң білім ұштасқан кезде  мәртебе де биіктейді, бедел де артады.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны болар ұстаздар болса, онда оларға деген құрмет те ерекше болуы шарт», – деп атап өтті. Біз, осы орайда қоғамда ұстаз абыройын артыру үшін қандай процестер жүріп жатқанын бақыладық. Арнайы ұстаз мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан «SKILLS ACADEMY»  мекемесіне де барып қайттық. Martebe.kz, Qaztest.kz, Ozattar.kz сияқты білім порталдарын жүргізіп отырған жансебіл ұжымның жаңа жобалары көз қуантады. Көбіне ұстаздар мен оқушылардың сүйікті сайттарына айналды десек, артық айтпағанымыз. Себебі, мұғалім мен  шәкірт арасындағы байланыстың нығая түсуіне, олардың жетістіктерінің еселенуіне, оқытушыны бедел биігіне көтеруге бар әлеуетін салып келе жатқан ұжымның еңбегі зор екен.
Жақында аталмыш мекеме ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа есім» жобасы аясында «Ozattar – Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясын» жарыққа шығарыпты. Ондағы мақсат – республикадағы білім саласының дамуына зор үлес қосып жүрген үздік қызметкерлер мен озат оқушылардың есімдерін  елге таныту. Әрі сол салада жүрген адамдарға үлгі ете отырып, олардың да осы дәрежеге жетуіне ықпал жасау. 
Бір қызығы, энциклопедия ЖОО, орта арнаулы оқу орындары, жалпы білім беретін мектеп және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылардың, студент жастардың еңбегімен қамтылған. Кітапқа еңбек өтілі 3 жылдан жоғары, яғни, ұстаздық өмірге сіңісіп үлгерген, тәжірибелі, білім саласының озаттары ұсынылған. Кітапта балабақша ұстаздары да қалыс қалмаған. Тіпті, бұл жобаның интернетте сайты да  бар. Сайт өткен жылы Халықаралық «Жылдың үздік сапалы инновациялық жобасы» байқауында топ жарды. Алдағы уақытта жинаққа шыққан әрбір адамның сайтқа енгізілуін жоспарлап отыр. 
Иә, қоғамдық мүддені жеке мүддеден жоғары қоя білу, Отанға деген риясыз сүйіспеншілік, барлығы дерлік ар-ұжданның құзырында.  Бұл – ең қарапайым түсініктеме. Бойында мұндай сезімі бар адам қолынан келген ізгілікті жасайын деп жасамайды, оны жасай алмаса жаны жай таппайтын жағдайға түседі. Осы орайда жоба жетекшісі әрі «SKILLS ACADEMY» мекемесінің директоры Берікбол Төлегеннің ұстаз мәртебесін көтеру жайлы былай дейді: 
– Технологияның шырмауына оралған әлеуметті шымыр қалыпқа келтіру үшін көзсіз ерлікке баруға тура келеді.  Бұл жоба бізге үлкен жауапкершілік пен сенім жүктеп отыр. Өкінішке орай, елімізде мұндай баспа өнімдері жоқтың қасы. Біз сол мәселенің алдын алу үшін іске кірістік. Қай кезеңде де қоғамды екі бөліп қарауға болады. Бірі педагогтар, екіншісі оның алғыр шәкірттері. Ұстаздар ұлтты тәрбиелесе, білімді жас  – ел ертеңі. Елбасы әр салада жетістікке жетіп жүрген жастардың көптігін, бірақ оларға насихат жетіспейтіндігін айтады. «100 жаңа есім» жобасының мақсаты сол. Біз де осы жобаға тамшыдай болса да үлесімізді қосқымыз келді. Жетістікке жеткен, елге үлгі боларлық ұстаздар қауымы мен ел үміті жастарды жинақтап, кітап шығардық. 
Таяуда аталған мекеме тағы бір жаңа жобаның тұсауын кесті. Ол – ұстаздар мен білімді жастарға рухани дем, қуат беретін  «Қазақстан ұстазы» және «Қазақстан үміті» төсбелгісі. Бұл ой қайдан келді дейсіз ғой? Мәселен, Жапонияда ұстаздарды көпшіліктен ерекшелеп тұратын төсбелгі шығарылған. Халық сол белгіге қарап ұстазды таниды, сый-құрмет көрсетеді. Біздің елде де оларға деген  құрмет ерекшеленсе, сапалы білім деңгейінің артуына бұдан да зор үлес қосылатынына күмән болмас. «Қазақстан ұстазы» төсбелгісін әрбір ұстаз кеудесіне таққанда өз қызметінің мәртебелі мамандық екендігін сезінеді. Сондай-ақ,  мұғалімді қоғамнан ерекшелеп, оған деген құрметтің артуына себепкер болады. Ал «Қазақстан үміті» төсбелгісі әр салада жетістікке жетіп жүрген оқушы, студент жастарға арналған. Жастар төсбелгіні кеудесіне тағу арқылы елдің үміті екенін сезіне алады. Отанға деген сүйіспеншіліктері оянып, елдің болашағы үшін қызмет жасауға ұмтылады. Төсбелгілер ұстаздар мен жастардың күнделікті өмірде тағып жүруіне ыңғайлы етіп жасалған. 
Әрине, көпшіліктің қай сөзді қабылдап, қай сөзді қағып тастайтыны өздерінің дәргейінде. Десе де, елдің ертеңі үшін мысқалдай болса да әрекет жасау әрбір азаматтың міндеті. Расында ұстаз қауымының еңсесін көтеретін осындай игі әрекеттер емес пе?! Несін жасырамыз, біздің елде ұстаз қауымы жарнамаға мұқтаж. Сол мұқтаждықтан құтылудың жолын іздегеніміз абзал. Біз мұғалім мәртебесін көтеруді басты назарға алған осындай ұйымдардың көп болғанын тілейміз.
Бала күнімізде әліппені жаттатқан оқытушымызды екінші анамыздай көретінбіз. Әлі де солай. Бүгінде есейдік қой. Мектеппен қоштасқалы да талай жылдың жүзі өтті. Десе де, ұстазымызбен жолыққанда өзімізді әлі шәкірттей сезінеміз. Оның алдында сол баяғы сәби қалыпта екенімізді ұғынамыз. Күні бүгінге дейін оған деген құрметіміздің қадірі қашқан емес. Қайта күннен-күнге асқақтап бара жатқандай. Кейде ойлайсың, әрбір адам ұстаз мәртебесі ұлт мерейі екенін жіті ұғынса ғой деп. Сонда әрбір мұғалім қоғамның жүрегіне айналар еді. Алдияр оқырман, ұлылықтың кілті ұстаздың қолында екенін ұмытпайықшы!

Мұхтар КҮМІСБЕК,
“Жетісу”