Ұлт мақтанышы

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1500
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жақсылық Үшкемпіров десе қай қазақтың болсын құлағы елең ете қалатыны бар. Ол бүкіл Алаш үшін мақтанышқа айналған ұлттық тұлға. Өйткені ол қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемионы, белгілі кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері. 

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қолдан бермей қазақтың қайсар мінезін танытты, қазақ халқының рухын көтерді. Бар қазақ «Ел бағына туған ұл» деп жүректері елжірейді. Ол он бес жылдан аса жеңіл салмақта (48 келі) алты Алаштың көз қуанышы, мақтанышы болды, қазақ жастары «мен де Жақсылықтай атақты спортшы боламын» деп спортқа ден қойды. Содан кейін-ақ бозкілемге шығып, белдескен қазақ жастарының арасынан талантты чемпиондар шықты. Әлі де талай ұлдарымыз әлемдік жарыстардың бозкілемінде жасындай жарқырап, еліміздің Гимнін ойнатып, Көк байрағын желбіретеріне еш күмәніміз жоқ. 
Алаштың ардақтысы Димаш Ахметұлы Қонаев айтқандай, «бір жапырақ» ұлымызға Құдай жар болып, басына бақ қонды. Жақаңның жарқын жолына, бейбіт еңбегіне, отбасылық өміріне бір сәт көңіл аударайықшы. 
Әулие ата өңіріндегі (Жамбыл облысы) Байзақ датқа атындағы ауданды екі бөліп ағатын Талас өзенінің жағасында Тегістік деп аталатын шағын қазақи ауыл бар. Сол киелі топырақта 1951 жылғы мамыр айының 6-да колхоз есепшісі Үшкемпірдің отбасында есейе келе қазақтың атын шығарған Олимпиада чемпионы шыр етіп дүниеге келді. Анасы Күнтөре мен әкесі елге сыйлы Сарманқұл деген ақсақалға ұлымызға ат қойыңыз деп қолқа салғанда: «Жақсылықтың нышаны болсын – ұлдарыңның атын Жақсылық қойыңдар» деп адал ниетпен ақ батасын беріпті. Сол қарияның батасын аруақ қолдап, уақыт өте келе Жақаңның есімі бүкіл қазақ еліне мәлім болды. 
Жақсылық отбасында жалғыз ұл, алдында әпкесі Алтынкүл, артында қарындасы Шырынкүл бар. Жас баланың былдыр тілін жақсы көріп: «Әй, балақай, кімнің баласысың?» – дегендерге Жақсылық «Әжемнің баласымын, әжеме тартқанмын», – деп жауап береді екен. 
–  Әкем де, шешем де біздерді қатал ұстап, еркелетпей өсірді. Жарықтық әкем «жалғызым» деп маңдайымнан бірде-бір сыйпаған емес. Қысы-жазы еңбекке жегіп, қиындыққа төзе білуді үйретті, қайсарлыққа баулыды. Жаз шығысымен оқудан қолымыз қалт еткенде біздің өңірде көптеп өсірілетін қант қызылшасына салып қоятын. Арамшөбін шауып, атыздарды суарып, түптеп, жинап дегендей күзгі жиынға дейін бас көтертпейтін жұмыс бізді көп нәрсеге үйретті. Сөйтіп, әке-шешеміз бізді әлі жас демей еңбектің дәмін ерте таттырды. Тіпті велосипедті де «еңбек ет те, содан тапқан ақшаңа ал» деп маған «ультиматум» қойғаны есімде. Соның барлығы, қазір ойлап отырсақ, қиындыққа төзе білуді, шыдамды болуды, бейнет пен еңбек қадірін білуді үйрету үшін жасалған әрекет  екен ғой. Еңбек те адамды тәрбиелейді емес пе? Ал спортқа келсек, ауылдық жерге тән ойындардың барлығын меңгеріп өстік. Асық аттық, доп қудық, суға малтыдық, жалаңаяқ жарысып, сәйгүлік атқа мініп бәйгеге қатыстық, жиылып алып есекпен көкпар тарттық. Жастау кезімде ләңгі, қадаматаяқ, қашпадоп ойнағанымыз да есте қалыпты. Той-жиындарда көпшіліктің қаумалауымен белдесіп, күрескеніміз де ұмтылмайды. Қысқаша айтқанда, ауылдың кәдімгі қарасирақ баласының бірі болып өскенім рас. Ол әрдайым сағынышпен еске алатын қимас, қызықты күндерім, – дейді Жақаң сонау артта қалған мөлдір балалық шағын еске алып. 
– Мектеп бітірерде басқалар сияқты «қайда барамын?» деген таңдау менде болмады. «Тәуекел!» деп діттеп жүрген мамандығымды игеру үшін Семей малдәрігерлік-зоотехникалық институтына барып, зоотехникалық факультетке құжаттарымды тапсырып, емтихандардан сүрінбей өттім. Қала өміріне араласып, біраз бойым үйренгеннен кейін спорт залына барып қазақша күрес секциясына жазылып, машықтана бастадым. 1970 жылы белгілі жаттықтырушы Вадим Псаревтің көзіне түсіп, сол кісінің кеңесімен күрестің жаңа классикалық түрімен айналыстым. 1974 жылы институтты тамамдап, еңбек сіңірген жаттықтырушы Рома Ильматовтың шақыруымен Алматыға келдім. Барлық жетістіктерім, шыққан биіктерім оп-оңай келе қойған жоқ. Тынбай жаттығулар мен ізденістер, табандылық уақыт өте келе өз жемістерін берді. Қазіргі «Үлкен спорт» деп атап жүрген жолда көп әділетсіздіктерді көрдім, талай рет қыспаққа түстім. Оған екінің бірі шыдай бермес еді. Мен оған төзіп бақтым, күйремедім, жігерім жасымады, намыс отын ойнатып, өзімді-өзім қамшылап, жанымды «от пен суға» аямай салдым. 1975 жылы КСРО халықтарының жазғы спартакиасында ең таңдаулы деген атышулы палуандармен күресіп, жеңіске жеттім. Бұл менің алғаш рет «чемпион» атанып, алтын медальға қол жеткізген күнім болатын. Содан әрі бағым ашылып, жолым болып талай рет жеңімпаз атанып, еліміздің байрағын көтергеніме өздерің куәсіздер, – деп даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров әңгімесін қысқа қайырды. 
Біз білетін Жақсылықтың сол 1975 жылдан кейін тасы өрге домалай берді. Әлем, халықаралық, одақтық турнирлердің жеңімпазы атанды. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасына баруға дайын еді, бірақ, әділетсіздік орын алып, КСРО-ның екі дүркін чемпионы болса да оның орнына басқалар кетті. Мұндай әділетсіздікке қапа болған Жақсылық 6 ай бойы спорт залына бармай қойды. Өмірде ақылды, парасатты адамдар көп қой. Республикамыздың сол кездегі Спорт министрі Аманша Ақбаев Жақсылықты шақырып алып: «Балалық жасама, үлкен спортты әрі қарай жалғастыру керек, Жақсылық бауырым. Әлі де сенің мүмкіндігің мол, өзім қолдаймын сені. Ертең ел басшысы Д. Қонаевқа өзім алып барамын...» деп ақылын айтты. Сөзінде тұрып Димаш Ахметұлының қабылдауына алып барды. Көреген Д. Қонаев: «Сенің артыңда миллиондаған қазақ тұр. Сен солардың үмітін ақтауың керек, Жақсылық. Мен де саған сенім артамын. Қазақтың атын шығаратын жастар өте керек бізге. Сондықтан, өткен іске өкінбей, ренжіп, налымай, қапаланбай, құрыштай берік болып, үлкен спортты тастамай жарысыңды жалғастыра бер, қарағым. Ештеңеден қамықпа, қаймықпа, алға талпынудан шаршама, төзімді бол. Бізден қолдау болады...», – деп ағалық ақылын айтады. 
Содан кейін Жақсылық жігерленіп, намысын жанып бозкілемге белдесуге қайта шықты. Одан жаман болған жоқ, абырой болып жеңістен жеңіс жалғасып, сан түрлі спорттық атақтар қосылып жатты. 
Жақаң үшін 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиаданы «жұлдызды сәт» деп атасақ болады. Олимпиада алдында таңдау-іріктеу қатал өтті. Жақсылықтың жасы ол кезде 29-дан асып кетіп еді. Казақ палуанының тағдыры қыл үстінде тұрды. Күш-қайратын тасытып, жігерін жанып, 48 салмақтағы өзімен қатар жүрген біраз әріптестерінің жауырынын жерге тигізген Жақсылықтың жолы ашылып Олимпиадаға жолдама алады. Аруақтарға сыйынып, «Не жеңіс, не өлім!» деп басын бәйгеге тіккен қазақтың қаршадай қара баласы шаршы кілемге шығып, ұлтымыздың қайсарлығын, қажырлылығын, ерлігін көрсетті. Күрес кілеміндегі бірінші айқаста әлемнің екі дүркін чемпионы, румындық К. Александромен белдескенін көпшілік күні кешегідей біледі. Жақсылық шебер техникасының, шапшаңдығының, төзімділігі мен қайсарлығының арқасында поляк палуаны Керпачпен, болгарлық Павел Христовпен, венгр Шераштармен белдесіп, грек-рим күресінен жеңіске жетті. Сөйтіп, жұмсалған қажыр-қайрат, төгілген тер еш кетпеді. Намысын қолдан бермеген Ж. Үшкемпіров қазақтың атын әлемге танытып, ұлтымыздың тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. «Қазақтың бағына туған ұл!» деп бөркін көкке атып алты Алаш мақтан етті, құрметтеді, еркелетті, мадақтады. 
– Олимпиада жеңімпазы болып елге оралған соң біраз уақыттан кейін Димаш аға Қонаев көмекшісі Д. Бекежанов арқылы мені іздестіріп, Алматы маңындағы Шелек ауданындағы демалыс орнына алып барды. Дінмұхамед Ахметұлы таяуда ғана Грекиядан оралған екен. «Грекиядағы Олимпиада тақтасынан сенің аты-жөніңді, «ұлты қазақ» деген жазуларды оқып, көңілім толқып, жанарыма жас келді. Содан мерейім өсіп, ерекше қанаттанып қайттым, қарағым Жақсылық. Бағың жанып, қазақтың атын шығарған белгілі тұлғаға айналдың. Өзің болып па едің онда? – деді. «Ия, Димаш Ахметұлы, болғам», – деп жауап бердім. Мені қолтығына алып тұрып ол көпшілікке қарап: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттердің есімі қазақтың тарихына алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл «бір жапырақты» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылықтар жастардың рухын көтеретін нағыз азаматтар. Болашақта талай қара домалақ балалар Жақсылықтан тәлім-тәрбие алып, оларға ұқсап бағуға тырысып, қазақ спортын, өнерін алға бастырады. Мен оған сенемін!», – деп толқи сөйлегені есімде. Үлкен кісімен бір дастарқанда отырғанымды түсімдегідей сезініп, толқып, қобалжып, берекем кетіп, қара терге малындым. Сонымды сезді ме, Димаш аға: «Сезіп отырмын, Жақсылық ыңғайсызданып, қысылып отыр. Оған рұқсат етейік, қалаға қайта берсін... Бақ-береке Жақсылықтың басынан таймасын, әр кез жұлдызы биік болсын!» – деп батасын берді. Төбем көкке жеткендей қуанып, жүрегім кеудеме сыймай тулап кетті. Димаш аға қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі ғой. Иә, Димекең жұлдызы жоғары, шоқтығы биік бегдар азамат еді. Қайран Димаш аға, адамның асылы еді ғой! – деп ойын түйді Жақсылық. 
Күрестен басқа тірлікке 15 жыл бойы мойын бұрмай, өзін баптап ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Емін-еркін селтең жүрістен, той-думаннан бас тартып, шүмектеп аққан маңдай тердің ащы дәмін татып үзбей жаттығудың бейнетін көтерген жанның ғана биік шыңдарды, берілмес қамалдарды алатынын мықтап ұққан Жақсылық ой-арманына жетті. Бағы жанып, халқының құрметті ұлына айналды. Міне, біздің Жақаң осындай нағыз азамат!
Өткен жүзжылдықтың        90-шы жылдары кеңес заманы ыдырап, әркім өзінше жан сауғалап, басы ауған жаққа кеткені жасырын емес. Сол кезде қызметіммен, спортпен маған да қоштасуға тура келді. Сөйтіп, дағдарысқа ұшырап, жұмыссыз қалдым. Несін жасырамын, күн көру үшін бензин-солярка сатқан кездерім де болды. Қазір енді ол күндер артта қалды. Оған шүкіршілік етуіміз керек. Уақыт жақсарды, заман өзгерді, елімізді бүкіл әлем тани бастады. Көзін тапқанға жұмыс көп қазір. Тек талап керек, талпыныс керек. Мен ата-бабаларымның қалдырған мұрасын жалғастырушымын. Былтыр Алматы облысының атынан экспортқа мен ғана таза ет шығарыппын. Елбасы осы үшін маған рахмет айтты. Өнімімізді өзге мемлекеттерге де экспорттап, ел екенімізді көрсетуіміз керек. Қазір менің           5 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара малым бар. Жастарға мен үлгі болсам, олар атакәсібіміз – мал шаруашылығын ары қарай жалғастырса екен деймін», – дейді бұл күндері кемел жасқа келіп отырған абзал азамат          Ж. Үшкемпіров. 
Ж. Үшкемпіров спортты тастағаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Бұл күндері ірі қара мен жылқы тұқымын асылдандыру шаруашылығын дамытып, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өсіріп жатыр. Қазақтың желмен жарысқан сәйгүліктерін қайта жаңғыртып, еті мол сиырларды көбейтуге үлесін қосуда. Сөйтіп, жүзге жуық жергілікті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тасы өрге домалап тұрған дегдар азамат. 
Ол тек өз жеке басының баюын мақсат етпей, қатар жүрген жандарға да қол ұшын беріп жәрдемдесіп отыратын жаны жомарт жан. 2010 жылы Қызылағаш аулына төнген қасіретті оқиғадан кейін алғашқылардың бірі болып қол ұшын созған Жақсылық еді. Қызылағаш тұрғындарына 18 бас жылқы мен 50 бас қойды өз қолымен жеткізіп беріп, көптің батасын алды. Шаруашылығының негізі болып отырған Мыңбай ауылына газ тартқызып, мешіт салғызып, асфальт жолын ретке келтірген, спорт кешенін және 100 орынды  балабақша салғызып, ел игілігіне ұсынған да Жақсылық болатын. Жіпке тізіп айта берсек сөз көп. Көңілі дарқан, қолы ашық Жақаңның талай-талай қайырымдылық іс-шараларының ұйытқысы болып жүргені белгілі. 
Жуырда республикалық телеканалдың бірі: «Қалалық мәслихаттың шешімімен Семей қаласының 13 көшесінің аты өзгертіліп, жаңа есімдер берілді. Соның бірі – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров. Ол бұл атқа әбден ылайық азамат», – деп хабар таратты. Баспасөзден Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм»  киностудиясының Ж. Үшкемпіров туралы кинофильм түсіруде екенін оқыдық. Орынды, қолдауға тұратын, құптарлық іс. 
 Жақсылық Үшкемпіровты қалай мақтасақ та, қалай дәріптесек те болады. Оның атын көшеге ғана емес, Тараздағы орталық стадионға немесе Спорт сарайына берсек несі артық? Елдің мақтанышына айналған азаматқа ол жараспас па еді? Өскеменде Олимпиада жеңімпазы Рыпакованың, Петропавлда велоспортшы Винокуровтың, Қарағандыда боксшы Головкиннің атындағы Спорт сарайлары бар емес пе? Біз неден қысылып, кімге жалтақтаймыз? Көпшілік болып ойланатын мәселе... Өйткені, ол – халықтың азаматы, ұлтымыздың мақтанышы. 
 Лайым, халықтың аузында, елдің жадында болып, мағыналы ғұмырыңыз ұзақ болғай, қадірменді Жақа!
 Сағындық ОРДАБЕКОВ, 
 медицина ғылымдарының докторы, профессор, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі​