Электронды қызметке ел риза

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1297
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі 746 мемлекеттік қызметтің 621 түрін көрсетеді. Ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болғандықтан қызмет түрінің сапалы, жылдам және жеңілдетілген түрде көрсетілуі “Азаматтарға арналған үкіметтің” басты назарында. Жаңа қызмет түрлері, пилоттық жобалары халық көңілінен шығып жүрген аталмыш корпорацияның Алматы облысына қарасты филиалының директоры Бекжүнісов Ермек Құралбекұлына бірнеше сауал қойған болатынбыз.

– Елімізде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында көптеген жұмыс жүргізілуде. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының цифрландыруға қосқан үлесі қандай? 
– Мемлекеттік корпорацияның алға қойған басты міндеттерінің бірі ол  – халыққа сапалы әрі жылдам қызмет көрсету. Қазір көптеген мемлекеттік қызмет түрін үйден шықпай-ақ электронды түрде алуға болады. Еліміздің әр азаматы цифрлық технологияларды меңгеруі тиіс. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облыстық филиалы жергілікті тұрғындар арасында кең көлемдегі ақпараттық-түсініктемелік акцияларын ұйымдастырып, әр ауданда мамандарымыз мемлекеттік қызметкерлерге, мұғалімдерге, басқа да жұмысшы топтарға арнайы оқыту курстарын өткізді. Қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді. Ол жерде цифрлық сауаттылықпен қатар мемлекеттік қызмет көрсетудегі соңғы жаңалықтар, қызмет түрлері таныстырылды. Алматы облысы бойынша  2018 жылдың I жартыжылдығында 22 мыңнан аса адам цифрлық сауаттылығын арттырды.
– Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қандай жаңа қызметтер ұсынылды? Жаңа жобалар жайлы айтсаңыз?
– Жергілікті тұрғындар арасында кең тараған пилоттық жобалардың бірі –  бала тууға байланысты құжаттардың – туу туралы куәлік алу, жәрдемақыларды тағайындау, балабақша кезегіне қою сияқты қызметтердің проактивті түрде, яғни, sms арқылы рәсімделуі. Басты талаптарының бірі – бала туылғанға дейін сәби күтіп жүрген аналар халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) жеке куәлік пен ұялы телефон нөмірін egov.kz порталы арқылы тіркетуі тиіс. Проактивті қызмет 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап көрсетіліп келеді. Осы уақыт аралығында біздің облыс бойынша 9 мыңнан аса ана проактивті қызмет түрін таңдаған. Бұл көрсеткіш ай сайын өсуде. Жыл соңына дейін басқа да проактивті қызмет түрлері қосылатын болады.
Ал жаңа жобаларға келер болсақ, жақында қазақстандықтар өздерінің автокөліктерін онлайн тәртіпте тіркеу мүмкіндігіне ие болды. Тұрғындар енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, egov.kz «Электронды үкімет» порталы арқылы автокөлікті рәсімдей алады. Ең бастысы, сатушының да, сатып алушының да электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы шарт.
– Автокөлікті онлайн тәртіпте тіркеу қызметі барлық көлік жүргізушілері және автоәуесқойлар үшін керемет жаңалық. Осы қызмет туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандандырылған орталығына қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді азаматтар өтінімді үйден шықпай-ақ  онлайн тәртіпте жолдай алады. Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында авторизациядан өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Егер қарыздары  болса, электрондық портал арқылы өтуге болады. Мұнан кейін автокөлікті сатып алушы азамат «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің ЭЦҚ-мен смарт-келісімді растаған соң  ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ, нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады.
Облыс бойынша Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 39 мыңнан астам қызмет түрін көрсетті. Оның ішінде көлікті тіркеу қызметі 31 мыңнан асса, жүргізуші куәліктерін беру 7 мыңнан асып отыр.
– Өзіңіз айтып кеткен жүргізуші куәлігін ауыстыру онлайн режиміне өтті  ме?
– Иә, бұл қызметті онлайн түрде алу өте оңай. Ең бастысы, egov.kz порталына кіріп өтініш бересіз. Оған өзіңіздің ЭЦҚ арқылы қолыңызды қоясыз. Өтінімге суретіңіз және қолтаңбаңыз қойылған фотосуреттің скан нұсқасы тіркеледі. Жеке кабинетіңізге құжаттың дайын болғаны жайлы ақпар түскен соң мамандандырылған ХҚО-ға барып  дайын болған жүргізуші куәлігін аласыз. ХҚО-ның құжаттарды беру бөліміне қолданып жүрген жүргізуші куәлігін жаңасына ауыстыру үшін өткізесіз. Сонымен қатар, төлқұжатыңыз, мемлекеттік баж салығын төлегеніңізді растайтын электронды  чек және өтінішіңіз болу керек. Жүргізуші куәлігі үшін мемлекеттік баж құны 1,25АЕК, яғни, 3000 теңге көлемінде. Егер сіз жүргізуші куәлігін уақыты өтіп кеткеннен кейін ауыстырсаңыз, онда психо және нарко диспансерлерден, 083 формадағы  медициналық анықтамалар керек болады.
– Көптеген қызмет түрінің онлайн түрге көшуіне халықтың көзқарасы қандай?
– Сұрағыңыз орынды, себебі, онлайн түрде қызмет алу жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды деген пікір болды. Бірақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясымен бірлесе, жеке мәліметтерге қолжетімділік функциясын бұғаттау жобасы енгізілді. Сондықтан бұл мәселе бойынша қорқудың қажеті жоқ. Әзірге көпшілігі онлайн қызметті халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп, «Connection Point» өз-өзіне қызмет көрсету секторларынан алып жатыр. Онлайн түрде портал арқылы қызметті ұсыну қағазбастылықтан құтылудың бірден-бір шешімі. Осығын орай «Paperfree» – анықтамасыз қызмет көрсету жобасы да іске қосылған болатын.
– «Paperfree»  атауы ерекше  екен. Бұл қызметті қалай аламыз?
– «Электрондық үкімет» порталында «Анықтамасыз қызмет» – «Paperfree»  сервисі іске қосылды. Жаңа пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді. 
Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер оқушылардан мекенжай анықтамасын сұратады, нәтижесінде миллиондаған ата-ана ХҚО-ға ағылатын. Енді «Paper free» сервисі енгізілгеннен кейін оқу орындары «Электрондық үкімет» порталынан қажетті құжатты сұрата алады. Ал қызмет алушы, яғни ата-ана SMS-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бір реттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады. Ескерте кететін тағы бір жайт, үшінші жақ ретінде жеке тұлға да және заңды тұлға да әрекет ете алады (банктер, мектептер, университеттер, емханалар, коммерциялық ұйымдар, мемлекеттік органдар). Ал пайдаланушы ретінде тек қана жеке тұлға ғана әрекет ете алады.
Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.  «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес, мүдделі тұлға «Электрондық үкімет» порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын «Үшінші тұлғалардың анықтама алу сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді, соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазады. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру/бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған «Paper free» нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кеміп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің қатары  азайды.
– Ермек Құралбекұлы, корпорацияның жыл басынан бері еніп жатқан жаңа қызмет түрлері және жобалары жайлы айттыңыз. Ал жыл соңына дейін қандай ауқымды жоспарлар бар?
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осыған дейін Астана және Алматы қалаларында цифрлық қызметтер орталығын ашқан болатын. Енді дәл сондай орталық Талдықорған қаласында да ашылады. Қазірге дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар, жыл соңына дейін фронт-офистердегі өз-өзіне қызмет көрсету секторларын көбейту және трансформациялау алға қойылды. Қызметтердің онлайн түрде берілуі ХҚО-ға келмей үйде немесе жұмыс орнында отырып-ақ алуына мүмкінік туды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80 пайызы біздің корпорация арқылы жүзеге асады. Халыққа тиімді және тез қызмет көрсету – басты мақсатымыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Қ. Сәбитов​