Уәдені орындау - парыз

Уақыты: 05.10.2018
Оқылды: 1286
Бөлім: КҮЛТӨБЕ
Жер жаннаты Жетісудың ең бір ғажайып аймағының бірі көрген жанның көз жауын алатын, айдынында ақ шағала қалықтаған 
аймақ – Алакөл. Жаңалыққа құмар жаңа ғасырда аталған өңір тек қазақстандықтардың ғана емес, басқа елдердің де назарын өзіне аударып отыр. Суы мен балшығы дертке дауа, жанға шипа болатын мұндай құт мекенге кім-кімнің де қызыға қарауы заңды дүние.
Ақ толқыны аспанға атқан айдын көлімен, бауырында аңы мен құсы өрген асқаралы тауымен, ел жайлаған ен тоғайымен, төрт түлік малға құт болған шағылды құмымен ерекшеленген. Алакөл ауданының бет-бейнесі  отандық, шетелдік туристердің көз алдында  тұратыны анық. Сондықтан бұл ауданды басқарған, ауыл-елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан азаматтарға артылар жүк те салмақты. Олар осы жауапкершілікті қай деңгейде атқарып жүр деген сұрақпен аудан әкімдігіне ат басын бұрдық. Бізді аудан әкімі Әлібек ЖАҚАНБАЕВ жылы қарсы алды. Кеше ғана ауданның 90 жылдық мерейтойын табысты өткізіп, алыс-жақынның алғысына бөленіп, осыған дейін жеткен жетістігін бағамдап, алдағы даму даңғылын жұрт назарына ұсынған өңір басшысына қойған алғашқы сұрағымыз да той төңірегінен басталды.

 

– Кеше ғана ауданның мерейтойын дүркіретіп өткізіп, Алакөлдің абыройын тағы бір асырдыңыздар. Десе де өңірлердің әр он жылдығын мерекелеп, оны әспеттеп жатудың қаншалықты маңызы бар деп ойлайсыз?
– Қазақ тарихының беттеріне ой жүгіртсек ең алғаш аңғаратынымыз – ұлан-ғайыр атырапта салтанат құрған, бабалар заманынан тамыр тартатын еліміздің мызғымас бірлігі. Саф алтындай сақталған осы құндылығының арқасында шапқан тұлпардың тұяғы мұқалып, ұшқан құстың қанаты қайырылатын байтақ өлкеде бабаларымыз елдіктің алтын қазығын қақты. Исі қазақтың игілік қонған даласының табиғаты көрсе көзің сүрінерліктей-ақ көрікті. Бір қойы егіз туса, бір жусанының басы айыр шығатын топырағы да жомарт. Қойнауы толған байлық, құшағы тұнған береке. 
 Осы дарқан даланың жерұйығы атанған жұмақ өлкесі, жеті өзені еркелеген Жетісудың жаннат мекені, көбікті өзендер мен көрікті жазықтарды, бұйрат құмдар мен орман-тоғайларды төсіне қондырған, асқары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданы биыл тоқсан жылдық межені артта қалдырып отыр. Мұны батыр бабаларымыз еншіге қалдырған қасиетті аймағымыздың мерейлі мерекесі деп қабылдаған жөн. Ынтымағы жарасқан еліміздің, айдынды көліміздің, Ебідей ерке желіміздің ерекшелігін айшықтап, өркендеу мен өрлеуіміздің куәсі – айдынды Алакөл өңірінің тоқсан жылдық тарихын түгендеп, жеткен жетістігімізді екшеп алудың еш әбестігі жоқ деген ойдамын. 
Абай атамыздың  15-қара сөзінде: «Адам баласы күніне, тым болмаса айына бір рет өз-өзінен есеп алып тұрғаны жөн» деп жазылған. Қараңыз, ұлы данышпанның өзі бұл үрдістің кереметін танып кеткен. Осы тұрғыдан келгенде он жыл сайын бір рет атқарған жұмыстардың барысын айқындап, алдағы күнге бағдар жасаудың маңызы зор деп білемін.
– Дұрыс айтасыз. Оңтүстігі мен шығысында Қытаймен шектесіп, батысында саялы Сарқан өңірімен иық тірестіріп, Жоңғар Алатауының жоталарына көтерілген  киелі мекеннің аумағы әлемнің            59 мемлекетінің жер көлемінен үлкен екендігін көбі біле бермейді. Бұдан басқа да білмейтін тұстарымыз көп. Осы жайлы сізден білгіміз келіп отыр.
– Балқаш – Алакөл ойысы мен Жоңғар Алатауын бөктерлей құлашын жайған өңір жерінің кеңдігімен қатар тағылымды тарихымен де ерекшеленеді. Бұл ауданда Жоңғардың соңғы қонтайшысы Дауашыны Қытай асырып, басын алған  Дарабоз батыр Қабанбай, үш жүз жігітін ертіп он мың қалмаққа жалғыз ат, жалаң қылышпен шапқан Қақал әулие, баянды ғұмырын қалың бұқарасын қорғауға арнаған Баянбай батыр, күллі Алаштың басын қосып, түтінін түзу түтеткен Абылай ханның мыңбасы Қасабай батыр, жомарттығы арқылы есімі Ресей патшалығына дейін жеткен Есім төре, емшілігі бір төбе, даналығы бір төбе Шіре ана шыр етіп, дүние есігін ашқан, елу жасына дейін ел кезіп, жау қылышынан қайтып көрмеген Кейкі батыр мен жеті жүз қадамнан көздегенін жебемен атып түсіретін Тоқболат баһадүр жерленген.
Біздің аймаққа Жаратқанның өзі оң көзімен қарап, ықыласы түскен күні ерекше мейірін төгіп, жарата салған сияқты. Тау іздесең тау бар, көл іздесең, бір емес, бесеуі бірдей айнадай жарқырап жатыр, өзен десең Тентек, Лепсі, Шынжылы, Ырғайты, Жаманты, Көксуаттар Алакөл атырабына өрнек салуда. 
Аудан өзінің айнадай жарқыраған көлдерімен алты Алашқа әйгілі. Маржандай тізіліп жатқан Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл, Қоржынкөл, Жалаңашкөлдер өңірдің маңдайына біткен баянды бақыт десе де болады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл көлдерге 380-ге жуық құстар келіп қонады екен. Осы құстардың  38-і Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген. Олардың ішіндегі әлемде сирек кездесетін қара тұмсық (реликті) шағаланы орнитолог Ернар Әуезов 1968 жылы анықтаған. 
Аудан Балқаш – Алакөл ойысы мен Жоңғар Алатауының аралығында жатыр. Жоңғар Алатауының бітер тұсында атақты Жоңғар қақпасы орналасқан. Аудан шығысында Қытай мемлекетімен, солтүстігінде Шығыс Қазақстан облысымен шектеседі. Кейде бір өңірді айту үшін оның ерекшелігін таба алмай қалуың да мүмкін. Ал Алакөл десең кез келген адамның бірден ойына айдын көл түседі, тіпті кейде еркелей, кейде долданып соғатын Ебісі мен Сайқаны да оны басқа өңірлерден дара, ерекше етіп көрсетеді.
Жоңғар шапқыншылығының ең қантөгісті ұрыстары Қабанбай бабамыздың басшылығымен біздің Алакөлде өткен. Соғыс аяқталып, жауды өз жеріне қайтарғанда бабамыз найзасын көтеріп «Тоқта!» депті, содан бері сол жер “Тоқта” аталып кетсе керек. Сондықтан да аудан орталығына кіреберіс жолайрықта еліне ес, дұшпанға сес болған Қабанбай бабамыздың еңселі ескерткіші менмұндалап тұр. 
Тәуелсіздігіміздің арқасында кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отыр. Бабалар салып кеткен сол даңғыл жолмен көш керуенін алға бастап келе жатқан ауданның бүгінгі тірлігі де жұрт сүйсінерліктей. 
Алакөл әлмисақтан туризм саласын дамытуға таптырмас мекен болғандықтан көл жағалауындағы демалыс орындары күн өткен сайын көбейіп, әлеумет әлеуетінің көтерілуіне оң әсер етуде. Әуе, темір, күре жолдардың барлығы да қолданыс тауып, мыңдаған автокөліктер, жүздеген пойыз жүйткіп, ондаған ұшақтар әуежайымыздан көкке көтерілуде. Жағажайдағы Ақши, Көктұма ауылдарында бесжұлдызды қонақүй кешендері бой көтеріп, Алакөл екінші Антальяға айналып барады. 
Осы орайда ауданның туризм саласындағы әлеуетінің артуына облыс әкімі Амандық Баталов үнемі қолдау көрсетіп отырады. Нәтижесінде Ақши ауылының тұсындағы Алакөл жағалауы нағыз заманауи демалыс аймағына айналды, теміржол бекеті іске қосылды, жаңа аэропорт салынды. Амандық Ғаббасұлы басқа да көптеген іргелі істерімізде қолтығымыздан демеп отырады. Басшы қолдап отырғанда аудан тұрғындары да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті істерге құлшынуда, сөйтіп, ауданның 90 жылдық торқалы мерекесін толағай табыстармен қарсы алдық. 
– Осы тұста ауданның 90 жылдық тарихы туралы айта кетсек деген сұрақ туып отыр.
– Алакөл ауданының тарихын тұтас ел тарихынан бөліп алып қарауға болмайды. Ықылым замандардан бері Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Алакөл өңірі бүкіл түркі жұрты мен қазақ халқының  сан ғасырлар бойы басынан өткерген қуаныш, қайғыларының бәрін де көрді, басынан кешірді. Алакөл ауданы 1928 жылғы 17 қаңтарда, ал Андреев ауданы 1928 жылғы 17 шілдеде құрылған. Екі аудан 1997 жылғы мамыр айында қосылып, тұтас Алакөл ауданы болып аталды. Ауданымызда 16 ұлт пен 3 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып келеді. 24 округтің 56 елді мекенінде 73 мыңнан астам халық тұрады. Өңірімізде барлық ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тірлік кешіп, ауданның сәулетті болашағы үшін атсалысып, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналды.
– Бүгінгі Алакөл осыдан он жыл бұрынғы Алакөлден бөлекше,  өзінің даму үрдісінен жаңылмай ел экономикасын еселеп, тұрғындардың көңілінен шығып келеді. Соған орай осы табыстарды бір таразылап өтсек артық болмайтын шығар деп ойлаймын.
– Аудан кешегі келбеті мен бүгінгі жетістігін тамаша табыстармен өріп, биікке өрлеп келеді. Оны         80 жылдықтағы салыстырмалы цифрлардан анық байқауға болады. Мысалы, 2008 жылы бюджет кірісі  2039 млн. теңгені құраса, ол өткен жылдың қорытындысында 5 млрд. 827,6 млн. теңге болды. Ауданға салынған инвестиция 2008 жылы 5195 млн. теңге болса, 2017 жылдың қорытындысында 18 млрд. 709 млн. теңгеге жетті. Ауылшаруашылық өнімдері 2008 жылы 7728 млн. теңге болса, былтыр ол 33157 млн. теңгеге өсті. Ауданда 3054 шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар, ал кәсіпкерлердің саны 2008 жылы небәрі 1084 адам болса, қазір ол 1881 адамға жетті. Бұл цифрлардың астарында аудан халқының еселі еңбегі, төгілген маңдай тері жатыр. Расында, Алакөл ауданы – экономиканың кез келген саласының дамуына айрықша оңтайлы аудан. Бұған аудан аумағымен Алматы – Өскемен тасжолының, Ақтоғай – Достық теміржолының өтуі де үлкен септігін тигізіп отыр. 
– Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алакөлге арнайы іссапармен келіп, істеліп жатқан жұмыстарды көріп, жаңа тапсырмалар беріп кетті. Сол жолы Ұлт көшбасшысы: «Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды», – деп атап өткен болатын. Осыдан кейін Алакөлге ат басын бұрғандар саны арта түсті деп естіп жатырмыз.
– Аудан орналасу ерекшелігі жағынан туризмнің барлық түрін, атап айтсақ, экологиялық, танымдық, спорттық, емдеу-сауықтыру және аңшылық туризмді дамытуға қолайлы өңір. Экологиялық жағынан таза суының шипалық қасиеті мол. Алакөлге бұрындары көбіне Ресейден адамдар келуші еді, соңғы жылдары жерлестеріміз де Алакөлге ағылатын болды. Олар жан рахатының Қырымда да, Антальяда да емес, Алакөлде екенін шын сезіне бастады. 
Тағы бір айта кетерлігі, Елбасының сапарынан кейін көл жағалауына келушілер легі бірден ұлғайды. Қарапайым тұрғындар ғана емес, сонымен қатар ел тізгінін ұстаған атқамінерлер, беделді тұлғалар, абыройлы азаматтар да Алакөлге қонақ болып қайтты. Ең алғашқы болып республикалық телевидение журналистері сапарлай келді. Қалам ұстаған қауым өкілдері ауданның соңғы жылдардағы даму процесі мен туризм саласындағы жетістіктерін жарыса хабарлады. Сөйтіп ауданымыздың туризм саласының өркендеуі “көк жәшіктегі” ең өзекті тақырыпқа айналды. 
Артынша Елбасының Алакөлді дамыту тапсырмасының аясында курорттық аймаққа ішкі және ресейлік туристердің легін арттыру мақсатында қос елдің ғарышкерлері көл жағалауына келіп тоқтады. Себебі, емдік қасиеті бар көл суының Кеңес одағы кезінде ғарыш сапарынан келген азаматтарды оңалту мақсатында пайдаланылғаны белгілі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл сапарда Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Кеңес Одағының Батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстан мен Ресейдің ғарышкері, қос мемлекеттің Халық Қаһарманы Юрий Маленченко, Ресей Федерациясының ғарышкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин сынды белгілі азаматтар киелі өңіріміздің топырағына табан тіреді. Демалыс аймағына Парламент депутаттары да келіп, жұмысымызға бағдар беріп қайтты. 
 Өткен жылы көл жағалауына 753 мың мейман сапарлай келген болатын. Нәтижесінде 3,5 млрд. теңгеге ақылы қызмет көрсетіліп, мемлекет қазынасына да қомақты салық түсті. Бұл алдымен әлеумет әлеуетінің еселенуіне ықпал етіп, көл жағалай қоныстанған ағайынның тіршілігіне әсер еткені хақ. Шипалы судан ем іздеп, сергіп қайтуға келген қонақтарға 195 демалыс орны қызмет көрсетті. Олардың 19-ы былтыр ашылып, 209 адам маусымдық жұмыспен қамтылған болатын. Аталған пансионаттардың тәуліктік сыйымдылығы 25000 орынды құрайды. Солардың ішінде ең ауқымдылары ретінде «Алакөл ресорт», «Ала Теңіз», «Аласу», «Қара Тас», «Гранд Вилл ресорт», «Аквамарин ресорт», «Алтын Ебі», «Көктұма» сынды нысандарды айтуға болады. Ал биыл ашылғалы тұрған, қысы-жазы қызметін тоқтатпайтын ««Фалкон Петролеум»» қонақүйі үлкен резонанс тудырмақ. Сонымен қатар «Феникс Компании» серіктестігі 2025 жылға дейін құны 10 млрд. теңгені құрайтын үлкен жобаны жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, тағы да екі кәсіпкердің демалыс орындары пайдалуға беріліп, аумағы 4 гектарды құрайтын саябақ қақпасын айқара ашпақ. «Helios» ЖШС-мен келіссөздер жүргізіліп, аталмыш елді мекенге кіреберіс бұрылысқа автокөлік жөндеу және жуу қызметтерін қоса атқаратын жанар-жағармай бекетін салу жоспарда тұр. Халық қауіпсіздігі алдыңғы қатарлы мәселе болғандықтан жағалауды бекіту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. 
 – Көл жағалауынан орын тепкен Ақши, Көктұма ауылдары да демалушылардың сұранысы мен талабына қарай өзгеріп, қарқынды даму даңғылына түсті. Осы және басқа да елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?
– Атап айтсақ, Ақши ауылындағы демалыс орындарын үздіксіз жарықпен қамтамасыз ету мақсатында 623 млн. теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Ауызсу, кәріз жүйелерін ретке келтіру мәселесі де қолға алынды. Ауыл ішіндегі 23,78 км. жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолының құрылысына 2,94 млрд. теңге жұмсалды.
Бір айта кетерлігі, жол машақатынан мезі болған туристердің сапарын жеңілдету мақсатында былтыр әуежай өз қызметін бастап, «Жетісу» авиакомпаниясы Астана – Үшарал – Астана және Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағыттары бойынша «ЯК-40» ұшағымен адам тасымалдаса, биыл «SCAT» авиакомпаниясы  Алматы – Үшарал – Алматы бағытында 50 орынды «Bombardier CRJ200» әуе көлігін іске қосты.
 Демалыс маусымының басында Ақши ауылында жаңа теміржол вокзалы қолданысқа беріліп, Алматы – Ақши» бағыты бойынша «Тұран-экспресс» пойызымен келген мыңға жуық мейман жаңа вокзалдың шымылдығын ашты. Сонымен қатар жуырда Астана – Ақши – Достық  бағытында да шомылу маусымында пойыздар қатынайтын болды.  Жалпы вокзал құрылысына 201 млн. теңге жұмсалған. Алдағы уақытта Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық аралығындағы күре жолдар күрделі жөндеуден өткеннен кейін Алакөлге ағылатын туристер санының еселенетініне күмәніміз жоқ. Әуе, темір, күре жолдары түгелдей қолданыс тапқан ауданымыз болашақта туризм саласының қазаны қайнаған алып демалыс аймағына айналады деген сенімдеміз. Биыл көл жағалауына келіп демалушылардың санын 1 млн.-нан асыруды жоспарлаған едік. Осы мақсатта, жоғарыда атап өткендей, көптеген ауқымды істер атқарылған болатын. Осы межені бағындыру үшін ағымдағы жылы 1500 орынға арналған 18 демалыс орны қолданысқа берілді. Соның нәтижесінде барлығы 1300-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Туризм саласындағы табыс көзі де айтарлықтай молайды. Бұл сөзімізге биыл өңірге 1 миллионнан астам турист келіп, ақылы қызметтен түскен қаржының 5 млрд.      861 млн. теңгеге жетуі дәлел бола алады. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. 
– ЭКО туризм саласын дамыту үшін қандай жаңа бастамаларды қолға алып жатырсыздар? Осы саланы дамытуға Алакөлден шыққан елжанды азаматтар да үлкен үлес қосып жатқанын естіп жүрміз. Сол жайлы айтып өтсеңіз?
– Биыл меценат, алакөлдің атымтайы Бауыржан Оспановтың бастамасымен Лепсі ауылдық округінде Эко туризм саласы бір жолға қойылды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар бұл шараға арнайы келіп қатысты. Салт аттылар сапары Ойжайлау атшабарынан бастау алып, Жамантас жайлауына дейін 50 шақырым жолды басып өтті. Бұл туристік бағыттың бір ерекшелігі – ерттеулі атты тізгіндеп, хұсни табиғаты көздің жауын алған тауды бойлай бір сергіп қайтасыздар. Қымыз, қымыран ішіп, құрт-ірімшіктен дәм алып, нағыз қазақы тірліктің қазанына түсесіз. Қазіргі тар көшелерінен тынысың тарылып, тасжолдарынан мезі болған қала тұрғындарына таптырмас дүние де осы. 
Туризм саласының әлеуетін көтеру мақсатында биыл Ақши ауылында дуатлон додасынан екінші мәрте республикалық дәрежеде сайыс ұйымдастырылып, оған Олимпиада жүлдегерлері қатысты. Бұл өз кезегінде туризмді дамутыдан бөлек халықтың салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшынысын еселей түсті. Аталмыш жарыста спортшылармен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс басшысы Амандық Баталов та велосипед тізгінін ұстап, 20 шақырымға созылған жарыс жолын бағындырды.
 Алға қойылған міндеттер де ауқымды. Елбасы тапсырмасына сай ең алдымен жағалауды бекіту ісіне баса назар аудару керек. Сонымен қатар жаһандық бәсекелестіктегі бәсімізді жоғарылату үшін көл жағалауын бойлай құлашын жайған ауылдардағы инфрақұрылым мәселесін алдыңғы қатарға қойып, жол, су, кәріз, жарық, қызмет көрсету сынды дүниелерді заманға сай түрлендірген абзал. Адам алдымен көзімен баға беретінін ескеріп, әр нысанның сәні мен сәулетіне көңіл бөліп, тазалықты да естен шығармаған жөн. Сонда ғана ауданымыз қарқынды даму даңғылына түсіп, алға жылжымақ. Ал өңіріміздің өркендеуі тұрғындардың тұрмысының оңалып, жұрттың  тұрмыстық жағдайының өсуіне түрткі болары сөзсіз.
– Расында Алакөлдің туризм саласындағы табысы ел экономикасының қоржынын қалыңдатып қана қоймай, жергілікті бюджеттің де еселене түсуіне сеп болғанын көріп жүрміз. Басқа саладағы дамудың да жұрт еңсесін тіктей түскені анық. Аудандағы басқа салалардың өркендеуі жайлы айтып берсеңіз?
– Алакөлде туризм саласынан басқа ел ырысын шалқытып отырған табиғи және қазба байлықтар да мол. Айталық,  ауданда мұнай кен орыны, марганец, көмір, әк, мыс және бентонитті балшық түрлері бар және өнеркәсіптік емес алтын кені табылды. Сонымен қатар, аудан тұғырын берік ұстап отырған салалардың іргелісі  – аграрлық секторда да ілкімді істер атқарылуда. Биылғы қаңтарға 33,1 млрд. теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, 83,3 мың гектар егістік алқабы игерілді. Мал шаруашылығында да тұрақты өсу байқалады. Соңғы 10 жылда өнеркәсіп өнімін өндіретін ірі жобалардың бірі жалпы құны 4,7 млрд. теңгені құрайтын «Өңірлік индустриялды карта» бағдарламасы аясында мұнай өңдеу зауыты және 250 млн. теңгені құрайтын асфальт-бетон, қиыршық тас шығаратын зауыттар іске қосылды. Сонымен қатар құны 650 млн. теңгелік май өңдеу зауыты және тағы да басқа көптеген кіші цехтар ашылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында  64 жоба қаржыландырылып, 646 жаңа жұмыс орны құрылды. Аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да басқа аудандардан көш ілгері. Кейінгі жылдары өңірдегі бөлшек сауда тауар айналымы өсіп, аудан экономикасына қомақты инвестиция тартылды, құрылыс жұмыстары қарқынын ұлғайтты. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Үшарал қаласында 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй және    13 елді мекенде жапсарлас тұрғын үйі мен учаскелік полиция пункті салынуда. Сонымен қатар, Достық ауылында «КеденТрансСервис» акционерлік қоғамының жұмысшыларына арналған 54 пәтерлі жатақхана құрылысы  қолға алынды. Жалпы көлемі 3401 шаршы метрді құрайтын бұл нысан жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. Коммуналдық саладағы инфрақұрылымды дамыту бойынша «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында соңғы 10 жылда 36 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылып, «Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында 2012 – 2018 жылдар аралығында үш мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өтті, отыз бір елді мекеннің жолына, он тоғыз мектептің спорт алаңына, бір елді мекеннің стадионына және үш елді мекеннің саябағына  ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үш мектеп ауласы абаттандырылып, үш елді мекен су жүйесімен қамтамасыз етілді, үш ауылдың мал қорымы жайластырылып, алты ауылдың қоқыс үйіндісі шығарылды, бір ауылдың жаяу жүргіншілерге арналған жолы жасалды.
  «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Үшарал – Достық автожол жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге жылыту қазандығы салынып, аудан орталығы Үшарал қаласы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етілді. Үшарал қаласының кәріз жүйесі тартылып, «Астана» саябағы, Дулепов көшесі бойындағы аллея қолданысқа берілді. Тізе берсек, мұндай жетістіктер өте көп. Қысқасы, Алакөл ауданының экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын өсіп-өркендеп келеді. 
– Алакөл балығымен де танымал. Қазір балық шаруашылығын өркендету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Алакөл мен оның айналасындағы көлдердiң табиғаты ерекше. Құстың жетi атасын табасыз бұл жерден. Балыққа да бай едi. Кеңес өкiметi кезiнде бұл көлдерден тонналап балық аулап, Мәскеу асырып жатты. 
Білікті мамандар балық шаруашылығын дамытудың әлем таныған екi жолы бар дейді: оның бiрiншiсi –табиғи су көздерiн тиiмдi пайдаланып, балықтардың өздiгiнен өсiп-өнуiне жағдай жасау болса, екiншiсі – бүгiнгi заманауи отандық, шетелдiк озық технология мен ғылым жетiстiктерiн пайдалана отырып, индустриялды-инновациялық бағытта аса құнды балық түрлерiн қолдан өсiру. Білуімізше, балықтың жыл сайын табиғи жолмен өсiп-өнiп, тұрақты өнiм берiп тұруы үшiн 2-3 рет ұрпақ қалдыратындай мүмкiндiгі болуы қажет. Мәселен, кезiнде толқыны таудай тулаған Алакөлден жылына 5 мың тоннаға дейiн балық ауланып, оның 90 пайыздан астамы сазан мен көксеркенiң үлесiне тиген-ді. Қазір Алакөлдің атағын шартарапқа паш еткен әйгілі сазан мен көксеркенiң қоры мүлдем азайып кеткен. Сонымен қатар, ауға түскен, қармаққа ілінген шабақтарды сатып, қаржы көзіне айналдыратындардың да қатары көбейіп барады. 
Балық шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін табиғи байлық көзі. Сондықтан біз әлемдегі сирек кездесетiн бекiре тұқымдас балық түрлері мен қаяз, көксерке, сазан, үскүш, таутан, ақмарқа, тағы басқа да балық өнімдерін молайту үшін экономикамыздың ішкі мүмкіншіліктерін толық іске қосып, балық өнімдерін экспортқа шығаруға күш салуымыз керек. Ол үшін аталған саланы басқарып, оның жұмысын реттеп, үйлестіріп, балық өнімдерін өндіруді бір ізге салумен айналысатын жеке құрылымдар құрылуы керек. Сондай-ақ, облыс аумағындағы көлдер мен тоғандардың, су қоймалары мен ірілі-уақты су көздерінің барлығына түгелдей есеп жүргізіп, оларға ғылыми-тәжірибелік тұрғыда зерттеу жүргізу арқылы толыққанды сараптамалар жасап, солардың қорытындысы бойынша қабылданған тиісті салалық жобалар мен шараларды жүзеге асыру керек-ақ. Осы орайда, Парламент қабырғасында балық аулаумен күнін көріп отырған елді мекен тұрғындарының жауапкершілігін арттыратындай етіп тәртіп бұзушылыққа қатаң тыйым салатын заң ережелерін қабылдаудың еш артықтығы жоқ. Бұдан басқа, өңірлік су көздерінің тазалығы мен табиғи ортаның ластануына жол бермеу, жалпы өңірлік экология мәселесіне жете көңіл бөлу де – осы саланың дамуы мен қайта жандануына тікелей әсер ететін факторлар. Аталған мәселелерді оң шешсек қана балық шаруашылығын жандандыруға болады.
– Елбасы биылғы сапары кезінде Алакөл демалыс аймағын одан әрі дамытуға қатысты 5 тапсырма бергенін білеміз. Сол бағыттағы жұмыстар қалай атқарылып жатыр? 
– Елбасы ең алдымен көл бойындағы ауылдарды орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту туралы тапсырма берді. Қазір сол тапсырма негізінде көл жағалауына орталықтандырылған ауызсу жүйесін салу және қайта құрылымдауға  ЖСҚ әзірленуде. Екіншіден, демалыс аймағын таза ұстау мақсатында «Алакөл Тазалық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға 395 млн. теңгеге бюджеттік өтінімдері дайындалып, бүгінгі күнге 200 млн. теңгесі бөлінді. Үшіншіден, Ақши демалыс аймағын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 62 шақырымды құрайтын орталық кәріз жүйесі мен тәулігіне 6500 текшеметр кәріз суын тазалау нысанының құрылысына ЖСҚ даярланып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге дайындалуда. Төртіншіден, Үшарал әуежайының ұшу-қону алаңын ұзартуға ЖСҚ дайындауға 15 млн. теңге бөлінді. Бесіншіден, Көктұма және Ақши ауылдарының көл жағалауының 15 шақырымын бекіту жұмыстарына ЖСҚ даярлауға 91 млн. теңге қарастырылып, жұмыстар кесте бойынша атқарылуда.
– Демек, ел басқару ісіндегі әрбір уәдеңізді орындап келемін деп айта аласыз ғой?
– Тұрғындар айтылған ұсыныс сол сәтінде орындалса деп асығады. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ, әр жоспардың жолы, басып өтетін басқышы, талаптары мен әзірлеуге тиісті шарттары болады. Оның бәрі заңмен, тәртіппен реттеліп, қаулы, қарармен бекітіліп, шешім шығарылады. Сондықтан әрбірінің орындалар мерзімі болады. Қысқасы, осы уақытқа дейін тұрғындарға айтқан уәдемді толығымен орындап келе жатқаныма сенімдімін. Алдағы уақытта да осы беталыстан таймаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
 
Қажет АНДАС,
“Жетісу”