БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН

Уақыты: 14.05.2019
Оқылды: 2432
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктал  ауылындағы «Балдырған» балабақшасында «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» тақырыбында ертеңгілік өтті. 


Балабақша меңгерушісі Анар Бүрлібаеваның ұйымдастыруымен өткен шараға ауыл ақсақалдары, ата-аналар және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.  

Балаларды елімізде тұратын этнос өкілдерінің достығы мен тұтастығын сақтау, салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткен шара көптің көңілінен шықты. Ертеңгілік барысында  балалар  этнос өкілдерінің ұлттық биі мен әнін нақышына келтіріп орындады. Өнерлі өрендер көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. 

Басқосуда Көктал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Солтанқұлов балғындардың беталысына ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Славян этномәдени орталығының мүшесі Лариса Столярова, ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі Рахимжан Якупов ел арасындағы достық, бірлік, келісім, тұрақтылық қағидалары туралы өз ойларымен бөлісті. Қиын-қыстау кезде қонақжайлылық танытқан қазақ еліне алғыс айтты. Кешке келген қонақтар еліміздегі достықты паш еткен жас буынға оң бағыт-бағдар беріп жүрген балабақша тәрбиешілерінің еңбегін жоғары бағалап, жұмыстарына табыс тіледі.
Мереке соңында тәрбиеленуші Роза Қуанышқызы мен Серафима Чернова ата-аналарына, құрметті қонақтарға және достарына арнаған сәбилік ақ тілегін жеткізді. 

Гүлжазира ҚОЙБАСОВА,
«Балдырған» 
балабақшасының тәрбиешісі
Панфилов ауданы