АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ДӘН

Уақыты: 22.06.2019
Оқылды: 983
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген ауданында шағын және орта бизнес бойынша шаруаларын дөңгелентіп отырғандар аз емес. Солардың қатарында Кеген ауылындағы «Алтын дән» наубайханасы да бар. 


Негізі 2012 жылы қаланған наубайханаға Медетбек Төлепбердиев басшылық жасайды. Ол 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күн сайын тұрғындарға 200-250 данадан астам бөлке сатылады. Наубайханада әзірленетін дәмді торт пен түрлі нан өнімдерін тұтынушылар қатары күннен-күнге көбеюде. Бағасы да қалыпты.
– Біздің шеберлеріміздің арқасында үлкен той дастарқандарынан наубайханамыздан шыққан тәтті самсалар, нан өнімдері орын алып жатады. Торт дайындалады. Ел сұранысы артқан сайын жұмысымызды да жақсарта түсеміз. Бұл бізді алға жетелейді, – дейді М. Төлепбердиев.

Бүгінгі таңда наубайхананың іргесі кеңейтілуде. Алдағы уақытта олардың жұмыс ауқымы бұдан да арта түседі. Байқағанымыздай, бөлкелер бөлек жерде пісіріледі екен. Сырттан келген адамдардың отырып шай ішуіне де мүмкіндік жасалған. 

Наубайханадағы Жанар Сыдықова, Әсем Дулатбекова, Арайлым Рысбек секілді аспаздардың қолынан шыққан тәттілері мен ыстық бөлкелері ел алғысын арқалауда. Ал, торт әзірлеудің қыры мен сырын әбден меңгерген Венера Төлепбердиеваның қолынан шыққан дәмдісі көпті қызықтырмай қоймайды. Оның Кенжегүлдей көмекшісі бар. 

Іскер ұжым наубайханалық жұмысқа арналған заманауи қондырғы сатып алған. Енді елдің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан «Алтын дәннің» ауыл тұрғындарына берері, көрсетер жақсылықтары әлі алда. 

Қанат БІРЖАНСАЛ 
Кеген ауданы