ҰБТ-ҒА РЕЙТИНГ ЖАСАЛМАЙДЫ

Уақыты: 22.06.2019
Оқылды: 860
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Аталған науқан 15 ҰБТ өткізу пунктінде 26 маусымға дейін жалғасады.


Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова: «Биыл облыс бойынша мектеп бітірушілердің саны 14733 адамды құрады.Оның 9937-і ҰБТ тапсырады», – деді. Оның айтуынша, ҰБТ-ға биыл жалпы білім беретін мектепті тамамдаған оқушылардың 67,4 пайызы, сонымен бірге, колледж түлектері мен мектепті бұған дейін бітіргендер де қатысады.

Айта кетерлігі, биыл ҰБТ сұрақтарының 30 пайызға жуығы жаңартылған. Аймаққа тест материалдары құпия жағдайда жеткізілген. Білім басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, ҰБТ өтетін аудиториялардың барлығына мобильдік байланысқа қарсы құрылғылар және бақылау камералары орнатылған. 

ҰБТ өткізу ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сынақ бір жылда 4 рет өткізіліп отыр. Қаңтар, наурыз және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан сертификат ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсуге құқық береді. Сондай-ақ, бұл тестке қатысу ақылы болды. Грантқа үміткер талапкер маусым айында өткізілетін тестілеуге қатысуға міндетті. Аймақ бойынша маусымның 20-ы күні өткен бірінші лекте 3000-нан аса түлек тест тапсырды. 

Биылғы ҰБТ өзгерек. Себебі, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасына сәйкес мектепте рейтинг жүргізілмейді. Ол: «Министрлік осы жылдан бастап рейтинг жасамайды. Басқа облыс, қала, аудан, ауылдарға да рейтинг жасамау туралы тапсырма берілді. Әр мектеп, әр мұғалім өзі жоғары көрсеткішке жету үшін, кейін үлкен сұраныс болады деген есеппен осындай әрекеттерге барады. Осы жылы барлығы заңнаманы бұзбайды деген сенімдеміз. Егер де көмектескен директор, мұғалім, басқа да адамдар болса, заңнамаға сәйкес тиісті шара қолданылады», – деген еді.

Еңлік ҚАБДЕШ