ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 22.06.2019
Оқылды: 611
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен мемлекеттік қызметкерлердің саны 90 932 адамды құрайды. Оның ішінде 7971-і Алматы облысында халыққа қызмет көрсетіп, аянбай еңбек етуде. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын өтіп, Жетісу жеріндегі адалдықтың, әділеттіліктің, ашықтықтың үлгісі болған үздік мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.


Қазақстан Республикасының Гимніне барша жұрт тік тұрып, құрмет көрсеткен салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров:
– Қадірменді әріптестер, сіздерді бүгінгі Мемлекеттік қызметші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге биік белестер мен толайым табыс, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін! – деп көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізіп, мемлекеттің дамуына қосқан өлшеусіз еңбектің өтеуі баянды болуын атап өтті. – Бүгінгі Мемлекеттік қызметші күнін мерекелеудің басты мақсаты – мемлекеттің стратегиялық бағытын жүйелі жүзеге асыруға үлес қосып жүрген қызметкерлердің, азаматтардың Отан үшін еңбек етуге деген ынтасын арттыруға негізделеді. Мемлекет күші оның қызметшілерінде десек, мемлекеттік қызмет баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қай кезде де мемлекет басқару ісі күрделі екендігін өздеріңіз жақсы білесіздер. Мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының стратегиялық бағыттарын табысты жүзеге асыруға мемлекеттік қызметшілердің қосқан үлесі зор. Сондай-ақ, Жетісу жерінің өсіп-өркендеуі мен облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында сіздердің де ерен еңбектеріңіз бар деп білемін. Әрбір мемлекет ісінде жүрген мамандардың жасап жатқан адал еңбегі, жарқын істері Мәңгілік Елдің болашағы үшін.

Бұдан соң Жетісу жерінің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өткізген бірқатар іс-шараларға арналған бейнеролик көрсетіліп, «Отбасы құндылықтары және мемлекеттік қызмет» атты облыстық байқаудың қорытындысы шығарылды. Атаулы шараларға орай пікір білдірген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев көпшілікті мерекемен құттықтады. Кәсіби мемлекеттік аппарат құруда мемлекеттік қызметшілер адалдық, ашықтық, жауапкершілік, есеп берушілік сияқты қабілеттерді басты құндылық деп тануы тиістігіне тоқталған департамент басшысы Жетісу жерінде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне баға берді. Облыстың 622 жергілікті атқарушы органдарында еңбек ететін 7500 мемлекеттік қызметкердің сапалық құрамына тоқталды. Облыстағы мемлекеттік қызмет жүйесінде «Болашақ» бағдарламасының 5 стипендиаты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 10 түлегі қызмет ететінін мақтанышпен атап өтті.

Мерекелік шара соңы еліміздің эстрада жұлдыздары мен облыс өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Мәди АЛЖАНБАЙ