СПОРТҚА ҮЙІР ДӘРІГЕР

Уақыты: 23.06.2019
Оқылды: 666
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қарғалы ауылының ауруханасында спорттық жарыс өтті. Ақ халатты абзал жандар өз кәсіби мерекелерін осылайша таза ауада салауатты өмір салтын насихаттауға арнады.


Бұл күні дәрігерлер мен медбикелер емдеу мекемесінің кең ауласына мерекелік көңіл-күйде жиналып, спорттық қырларымен сынға түсті. Барлығы 365 адам еңбек ететін үлкен ұжым жас мөлшеріне қарай үш командаға бөлінді. Мұндағы қызметкерлердің тең жартысына жуығын жастар құрайды. Орда бұзар отыз жасқа дейінгілер өздерін «Смайликтер» деп атады. Нағыз қамал алар шақтағы 30 бен 45 жас аралығындағылар командасының атауы – «Убойная сила». 45-тен жоғары, тәжірибесі толысқан «Динозаврлар» командасы да ептілік пен күштілік танытуда өздерінен кейінгілерден қалыспауға тырысты. Үш команда кезекпен көрермен алдында шерумен жүріп өтіп, би қозғалыстарын жасады. Сондай-ақ, жұмыста кездесетін, жарасымды әзілге құрылған көріністер қойды. 

Араларында қызметін өлеңмен өрнектеген ақынжанды мамандар барын да байқатып, балалар дәрігері Алма Әбдікерімқызы әріптестеріне жазған арнауын оқыды. Одан соң әртүрлі спорттық бәсекелерде күш сынасты. Атап айтқанда, 100 метр қашықтыққа жүгіру, арқан тарту, іштің бұлшық еттерінің серіппелігі – пресс жаттығуы, дойбы ойнаудан тартысқа түсті. Қызықты өткен денсаулық шарасына аурухана басшысы Сертай Сағиевтің өзі де белсене қатысып, жүгіру, пресс, дойбыда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 61 жастағы ол «Динозаврлар» командасының құрамында өнер көрсетіп, жастарға үлгі болды. Жарыстың ережеге сай өтуін бас төреші Қайрат Жақсылықов қадағалап, әділқазылық етті. Қорытындысында 1-орынды қылшылдаған қырық жас төңірегіндегілер жеңіп алды. Жастар командасы 2-орынға ие болса, 45 жастан асқандар 3-орынға табан тіреді. 

Марапаттау сәтінде Қарғалы селолық округінің әкімі Досбол Тұрысбеков медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірнеше дәрігер мен медбикеге әкімдіктің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарын тапсырды. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов тілек білдіріп, Анар Әділбековаға облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатын табыстады. Ауылдағы жомарт жүрек кәсіпкер Жанжігіт Жүсіпов 1-орын алған топтың ішіндегі терапия бөлімшесіне теледидар сыйлады. Ардагер-ұстаз Виктор Никитин дәрігерлерге арнаған достық әзіл өлеңін оқыды. Қарғалы ауруханасының директоры Сертай Сейфоллаұлы мерекеге ортақтасқан қонақтарға алғысын, ұжымға ризашылығын жеткізді. 

Бұл ауылда тұрғын саны 30 мың шамасында. Қарғалы ауылының аудандық ауруханасы Қасымбек және Үмбетәлі ауылдарын қоса алғанда отыз мыңнан аса тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау мекемелері арасында өткізілген облыстық байқауда 2015 жылдың «Үздік аудандық ауруханасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Бұл ұжымда жылдың жылы мезгілінде әр сенбі сайын аурухана ауласында таңғы жаттығу жасау дәстүрге енген. Мұндағы ақ халатты абзал жандар салауатты өмір салтын ұстануды халыққа сөзбен айтып қана қоймай, өздері іс жүзінде көрсетіп келеді. Мекеме басшысынан бастап дәрігерлер мен медбикелердің темекі шекпейтіні де үлгі аларлық. Есесіне басым көпшілігі спортқа үйір. Мекеме ғимаратының бір бөлмесінен арнайы спорттық тренажер залы жабдықталған. Жұмыс арасында спортсүйер қызметкерлер сол маңнан табылады. Ал басшысы бала кезден футбол ойнауға құмар.

Серік САТЫБАЛДИЕВ