ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Уақыты: 23.06.2019
Оқылды: 822
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанда мемлекеттік органдарды жемқор шенеуніктерден түпкілікті тазарту ісі жалғасуда. Бұл тұрғыда нақты нәтиже көзге көрінуде. Соған орай жаһандық бәсекеге қабілеттілік бойынша жылнамалар әзірлеумен айналысатын швейцариялық Халықаралық менеджментті дамыту институтының деректері бойынша биыл Қазақстан «Парақорлық және сыбайлас жемқорлық» көрсеткіші бойынша бүтіндей 10 тармақтағы позициясын жақсартып, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания секілді елдерден озып, 29-орынға ие болды. Одан басқа, саяси тәуекелдерді зерттеумен айналысатын американдық PRS Group ұйымының деректеріне қарағанда еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл көрсеткіші бойынша небәрі бір жарым жыл ішінде өз көрсеткішін екі есеге жақсартқан.
   Соңғы екі жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстары 23 пайызға аз тіркелді. Бұл беталыс 17 пайызға қысқарған тәртіптік құқықбұзушылықтарға да тән.


Жоғары жасырындылық деңгейімен ерекшеленген сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтауда, жолын кесуде және ашуда 2015 жылы құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына басты рөл тиесілі болды. Біз барлығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мемлекет атынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарын, оларды жасаған адамдарға қарамастан, дәйекті түрде анықтап, жолын қатаң түрде кесетіндігін анық түсіндірдік. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ешкімге ешқандай аяушылық болмайды деген тікелей нұсқауы.

Біз сыбайлас жемқорлықты құқық қорғау қызметі шеңберінде тек репрессивті әдістермен жоюға үміт артып отырған жоқпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, күштеу шаралары жеткіліксіз. Себебі, сыбайлас жемқорлық – тек қылмыстық кодекстің нақты нормасымен қылмыстың жеке құрамы ретінде сараланатын қылмыстық-құқықтық феномен ғана емес. Бірінші кезекте, оны көп құрылымды және көп деңгейлі мазмұны бар әлеуметтік құбылыс ретінде қарастыру қажет. Дәл осындай ұстаным тұрғысынан осы құбылысты жоюда бірқатар жетістіктерге жеткен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын қалыптастырдық.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң өзгерістер мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын бүтіндей жаңғырту және азаматтық қоғам институттарының оны іске асырудағы рөлін арттыру нәтижесінде болды. Елбасы бастамасымен әзірленген және қабылданған екі құжат бұл тұрғыда шешуші рөл атқарды. ҚР 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы және мемлекеттік басқару саласындағы түбегейлі өзгерту көзделген, кәсіби, сыбайлас жемқорлыққа қатысты таза мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы сөз болып отыр.
Ұлт Жоспарын орындау біздің еліміздің заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге жауап беретін дамудың жаңа моделіне көшуінің маңызды шарты болғандықтан, осы құжат шеңберінде жасалған істерден бастайын. Өткен үш жарым жыл ішінде мемлекеттік аппарат реформасының мазмұнын түбегейлі өзгертетін институционалдық реформалардың бірінші блогының 15 қадамының 12-сі толықтай іске асырылды. Салалық жаңа заңды қабылдау және меритократия қағидатын енгізу жөніндегі шаралар мемлекеттік қызметтің мансаптық модельге көшуін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. ЭЫДҰ-ның 2017 жылғы есебінде Қазақстанның мемлекеттік қызметінің кәсіби стратегиялық деп танылуы кездейсоқ емес. Жоғары әдеп стандарттарын жүйелі түрде енгізу мемлекеттік аппараттың ұйымдастырушылық мәдениетін одан әрі трансформациялауға ықпал ететіндігі сөзсіз. Стандарттары бізге енгізілетін ЭЫДҰ елдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда әдептілік қағидаттарын мүлтіксіз сақтау басым. Этикалық кодексті бұзу мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің деңгейін төмендетеді. Дегенмен лауазымды адамдар көрсететін, қызметтен тыс мінез-құлыққа нұқсан келтіретін дөрекілік пен төрешілдікті жою үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Алым-салық, дастарқан жаю және тарту жасау қоса жүретін тамыр жайған, төмен құрылымдарды жаппай тексерулер тәжірибесі ерекше алаңдаушылық тудырады. Көп жағдайларда мемлекет қаражатын жұмсамай және қол астындағылардың қалталарына ойран салмай, жағдайды алыстан бақылаумен және талдаумен шектелуге болады. Біз осы мәселелерді ерекше бақылауға алуға тиіспіз. Агенттіктің құрылымында адалдық департаменті құрылуы мүмкін, оның жұмысы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асырудың жаңа тәсілдеріне негізделетін болады. Әңгіме мемлекеттік қызметшілерді жеке өмірінен айыру немесе түрлі отбасылық салтанаттарға қатысуға тыйым салу емес. Біздің әрқайсымыз қарапайымдылық танытып, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануымыз керек. Осыған қатысты екі қарапайым нәрсені ұмытпаған абзал. Бірінші – мемлекеттік қызмет атқаратын адамға кез келген жағдайда жоғары көңіл бөлінеді. Екінші – мемлекеттік қызметші өзінің әдепке сай емес мінез-құлқымен меритократия қағидатын, яғни лайықты жанның билік ету беделін түсіреді.

Бүгінгі күннің басты міндеті – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сынды құндылықтарды біріктіретін парасаттылық идеологиясын кең ауқымды насихаттау.

Қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелерін өзекті етеді. Дәл осы сала сыбайлас жемқорлыққа аса бейім болғандықтан, қазіргі заманғы технологияларды пайдалану алдыға шығады. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігінің электрондық үкімет порталы және ХҚКО арқылы ұсынылуын біз еліміздің зор жетістігі ретінде бағалаймыз. Бұл саланы дамытудың өзекті бағыты смартфон арқылы неғұрлым сұранысқа ие мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу мүмкіндігі және азаматтарды тиісті түрде оқыту. Агенттік, мысалға, 10 минут ішінде азаматтың проблемасын шешуге мүмкіндік беретін «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасын іске қосып, соның көмегімен 2 мыңға жуық шағым шешілді. Осыған орай халық арасында қосымшаны белсенді түрде таратуға, сол арқылы қызметкерлерді азаматтармен жиі байланысатын барлық мемлекеттік органдарды (полиция бөлімшелері, қылмыстық-атқару жүйесі, әкімдіктер, ауруханалар және т.б.) қамтуға ниеттіміз.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын одан әрі іске асыру шенеуніктердің азаматтармен байланысын барынша азайтатын және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал ететін электрондық үкімет қызметтеріне және басқа да цифрлық сервистерге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл мәселелерді біз тез арада шешуіміз керек, өйткені жуық арада цифрланбаған нәрсенің бәрі өз құндылығынан тез айырыла бастайды. Дегенмен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асырудың стратегиялық маңызына қарамастан, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру тым сылбыр жүруде. Бүгінгі таңда деректер базасының үштен бірі ғана біріктірілген. Осыған байланысты e-gov сервисінің мүмкіндігі айтарлықтай шектеледі. Негізі мемлекеттік органдардың құжаттамалық қамтамасыз ету және бюджетті жоспарлау жөніндегі қызметін электрондық форматқа көшіру де өте баяу жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер әлі күнге дейін жұмыс уақытының басым бөлігін бума қағазды реттеуге жұмсауда. Мұндай жағдайда шешім қабылдаудың ұтқырлығы, жеделдігі және тиімділігі туралы айту қиын.

Мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен клиентке ыңғайлы болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді саясаттың базалық элементі саналады. Соған орай ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылуда. Мысалы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары демалыс бөлмесі бар кабинетінен бас тартып, қарамағындағылармен ортақ кеңістікте жұмыс істейді. Осыған ұқсас мысалдар аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер деңгейінде де табылады. Бұл тәжірибе құқық қорғау және сот органдарында белсенді түрде енгізіліп жатқандығын ерекше атап өткен жөн. Біздің ойымызша, мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықты қысқарту дәл осындай заттардан басталады. Ең бастысы – өзгерістерге ықылас танытып, ерік беру.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында қоғамдық бақылау институтын қалыптастыру және дамыту міндеті басым бағыттардың бірі ретінде аталған. Соған байланысты былтыр «Қоғамдық бақылау картасы» атты жоба іске қосылды. Ол төменгі деңгейде, яғни, аудандық және ауылдық округтер деңгейінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың алғашқы қадамы саналады. Биыл бұл бастама елордада қолға алынып, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жұмыс істей бастады. Азаматтардың өздері қандай басым әлеуметтік мақсаттарға қаражат бағыттауды анықтауға мүмкіндік беретін «Қатысу бюджеті» жобасын іске асырудан да күтілетін нәтиже көп. Мұндай жұмыс Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында басталды. Бұл бастаманы тарату салық төлеушілердің қаражатын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етуге шешуші қадам болуы ықтимал. Тағы бір маңызды бағыт – «Адалдық алаңы» жобасы. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордада жүзеге асырылған жобаға барлық өңірлер қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды қозғалысқа үлес қосуда. Елімізде ашылып жатқан адалдық киоскілері, дүкендері, кассалары және турникеттері шынында жаңа бастама. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа тетіктерін іске қосуға мүмкіндік береді. Ал, Агенттік жанынан құрылып, орталық пен өңірлерде жұмыс істейтін арнайы мониторингтік топтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процестеріне қоғамдық ұйымдар мен азаматтарды тартудың бірегей үлгісіне айналды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер бірлесе жұмыс атқаруы керек. Бүгінгі күні «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП, Азаматтық альянс, «ЖАҢАРУ» қозғалысы және басқа да қоғамдық ұйымдар осы тұрғыдан үлгі көрсетуде. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Мысалы, парақорлықты қабылдамау ахуалын қалыптастыру процесіне діни бірлестіктер нашар тартылған, бірақ қоғамдық санаға сыбайлас жемқорлық сияқты лас және ұят құбылыспен үйлеспейтін сенімнің шынайы құндылығын ашатын уағыздар қандай күшті әсер ететіндігі белгілі. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы істердің жай-күйі туралы қоғамды ақпараттандырудың бүтіндей әрі ұзақ мерзімді бағдарламасын құру бойынша үлкен жұмыс тұр. Бұған тек Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ғана емес, Қазақстанның болашағына немқұрайды қарамайтын журналистер мен блогерлер белсенділікпен қатысады деп сенеміз.

Биыл 20 мамырда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған мәжілісте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты жою әкімдер жұмысының негізгі көрсеткішінің бірі болатындығын мәлімдеді. Бұл үшін оларға жеке жауапкершілік жүктеліп, аумақтарды дамыту бағдарламасына сыбайлас жемқорлық серпінін көрсететін индикаторды қосу ұсынылды. Мемлекеттік орган басшысының қол астындағылардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеті үшін жауапкершілік алуына келер болсақ, қазір Парламентте мұндай норманы енгізуді көздейтін заң жобасы қаралуда. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы: «Егер біз сыбайлас жемқорлықты түбірімен жойғымыз келсе, менің пкірімше, мемлекеттік органдардың басшылары өздерінің қарамағындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары жағдайында отставкаға кетуі керек», – деген берік ұстанымда. Аталған заң жобасында басшының сыбайлас жемқорлықтың себебі мен жағдайын жою жөнінде шаралар қабылдау міндеті қарастырылған. Оған ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асыруға арналған бірқатар түзетулер енгізіледі. Осының бәрі Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қатысты әлсіздік көрсетпейтіндігін білдіреді. Ел басшысының саяси ерік-жігері айқын, ең үздік әлемдік тәжірибелер жинақталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия жүйелі түрде іске асырылуда, азаматтар мемлекеттік органдардың есептілігі мен ашықтығын күшейтуге бағытталған жобаларға жиі қатыса бастады. Расында «шулы» қылмыстық істердің санын көбейту мақсат емес, бірақ жазалаудың бұлтартпастық қағидаты мүлтіксіз сақталады. Ал, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық стандарттарын енгізу бойынша жүйелі және нәтижелі жұмыс жасау әлдеқайда маңызды әрі қиын. Агенттіктің негізгі күш-жігері осы мақсатқа бағытталатын болады.

Алик Шпекбаев, 
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы