ЕЛІ ЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 22.06.2019
Оқылды: 1115
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жастар» спорт сарайында жасөспірімдер арасында еркін күрестен ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ КСР спорт шебері Жұмабек Қуанышбайұлын еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Жарысқа облысымыздың әр өңірінен 12 команда, 200-ге жуық спортшы қатысты.


Шараның шымылдығы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың алғысөзімен бастау алды. 
– Жұмабек ағамыздың еңбек жолы мен жеткен жетістіктері болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге. Отаншыл, мемлекетшіл асыл перзент өмірден өтсе де, соңында айта жүретін шежіреге айналған көп сырлары, ғажайып істері қалды. Жарыстың мақсаты – жастарды спортқа, отаншылдыққа баулу, жазушы әрі спортшы ағамыздың ерліктерін насихаттай отырып, өскелең ұрпақтың ерік-жігерлерін күшейту. Сондықтан да бүгінгі өткізіліп отырған турнирдің маңызы өте зор, – дей келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жұмабек Қуанышбайұлы 1939 жылы 20 қазан күні Ақсу ауданы Қаракөз ауылында дүниеге келген. Қазақ күресінен Қазақ КСР-нің екі мәрте чемпионы. Еркін күрестен Қазақ КСР-нің 4-ші жазғы студенттер спартакиадасының жүлдегері, Тбилиси және Ташкентте өткен халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Еркін күрестен және самбодан халықаралық жарыстардың жүлдегері. Ақын «Ақсу жырлап ағады», «Сұлулық саған ғашықпын», «Қыран қияға самғайды», «Тағдыр арнасы», «Аққу мүсін», «Тұғыр» жыр жинақтарының авторы. Жұмабек Қуанышбайұлы 2014 жылдың 12 ақпанында, 74 жасында дүниеден өтті.

Осыдан кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының олимпиадалық спорт түрлері және спорттық резервтер бөлімінің басшысы Саят Сарқытов, Жұмабек ағамыздың достары, шәкірттері  болашақ ұрпақ, елі үшін емірене еңбек еткен жанды мәңгі ұмытпауы тиіс, – дей отырып, ұлтын шексіз сүйген азаматтың өмірінен тебіреністі естеліктер айтты. 

Екі күн бойы Жетісу жерін дүбірге бөлеген балғын балуандар кіл мықтыны анықтап, бозкілемнің шаңын қақты. Жауырынын жерге тигізгісі келмеген балуандар сайысы тартысқа толы болды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 1-орынды өңіріміздегі ОРМБЖ жекпе-жек мектебі иеленді. 2-орын Сарқан ауданы БЖСМ жеңіп алса, 3-орынды Кербұлақ ауданы БЖСМ қанжығасына байлады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мақтау қағазы, Жұмабек Қуанышбайұлы атындағы медальдармен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ