ТАҚТА ҮСТІНДЕГІ ТАРТЫС

Уақыты: 23.06.2019
Оқылды: 1107
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шахматтан 5-14 жастағы бүлдіршіндер арасында облыстық ашық турнир өтті. Облыстық спорт басқармасы мен Шахмат федерациясының ұйымдастыруымен өткен додаға 100-ге жуық спортшы қатысты.


Шарада облыстық Шахмат федерациясының президенті Саят Игембердиев, шахмат және үстел ойындары спорт мектебі директорының орынбасары Есбол Шотаев сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Алғашқы айналымнан-ақ тартысты басталған бәсекеде балдырғандар ақыл-ой жарысының хас шебері екендігін көрсетті. Кілең сен тұр, мен атайын деген мықтылар. Арасында еліміздің намысын қорғап жүрген Алматы қаласының «Мир шахмата», «Белая ладья» мектептерінің спортшылары және Елназ Қалиахмет, Айша Закирова сияқты Қазақстан және әлем чемпиондары да бар. Олардың ойыны тіптен ерек. Үлкен тартыспен өткен спортшылардың шеберлігіне турнир көрермендері мен ұйымдастырушылары тәнті болды. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Алуа Нұрманова жеңіп алса, 2-орынды Ерназар Исумбаев иеленді. Ал, Әдемі Қуанышбекқызы мен Темірлан Қанабатыров үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Талдықорған қаласы әкімдігінің кубогы, Мақтау қағазы және медальдармен марапатталды. 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ