АТАМАНДЫ АТҚАН КІМ?

Уақыты: 24.06.2019
Оқылды: 1748
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кешқұрым ойламаған жерден телефон шыр етті. Мектеп директоры Айтжамал Шағманқызы екен. «Қали, тез жолығып кетші, тапсырма бар» деп мекенжайын айтты. Бардым, хал сұрасқан соң сыртында «Милиция бастығы Чанышев Қасымхан» деп жазылған қызыл папканы беріп тұрып: «ҰҚК сұратып жатыр, жақында мейрам екен, мұндағы мәліметтерді ретке келтіріп, жүйелеп берсең. Мүмкін болса осы тақырыпта бір оқушы дайындап, ғылыми жұмыс қорғатарсың», – деді күліп. Үйге келіп тосын дүниені бірнеше рет оқып бәлендей жаңалық таба алмасақ та реттеп, артық жерлерін  қысқарттық. 


СЕРГЕЛДЕҢ

Аталған папканың ішінде тұрған, бұған дейін онша көңіл бөлмей селқостау қараған екі көк дәптерді қолыма алдым. Сыртында «Из воспоминании Курмаева Хамита Ильясовича. Очевидца, лично знавшей Ходжамьярова и Чанышева. 6 февраля, 1921», екіншісінде «Дополнение об убийстве Дутова со слов Ходжамьярова рассказанно им 1934-35 г. тов. Курмаеву Х.И. и З. Сабирову и другим в момент когда он т.е. Ходжамьяров работал...» деген сөз еріксіз назар аудартты. Асықпай оқып шықтым, таңданбасқа шарам жоқ, атаман Дутовтың өлтірілуі жайындағы әшейінгі айтып жүретін аңыз әңгімелер мен бұрындары естімеген тың мәліметтер де осы дәптердің ішіне хатқа түсіпті. 

Бұл оқиға жайында Кеңес үкіметі баспасөзінде жариялануы мен «Атаманның ақыры» фильміндегі жағдаяттар бір сарынды, ауыл қарттарының әңгімесіндегі атаманның өлімі мүлдем басқа, салмақтап зерделей білген жанға арадағы айырмашылық жер мен көктей көрінетін. Бірі қолдан бұрмаланған құпия болса, екіншісі ақырын, сақтықпен айтылатын, жасандылықтан ада ақиқаттың өзі еді.   

Жалпы, түп-тегі самаралық әскери казактардан тарайтын Александр Ильич Дутов Сырдария облысының Қазалы кентінде жорық үстінде дүние есігін ашқан. Балалық кезеңін Ферғана, Орынбор, Санкт-Петербург қалаларында өткізген ол 1897 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын, 1899 жылы сондағы атты әскер мектебін аяқтап, хорунжий шенімен өзінің әскери өмір жолын бастайды. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанады. Өміріне түбегейлі бетбұрыс әкелген 1917 жылғы Ақпан төңкерісі еді. Оның жалғасы болған Ұлы Қазан төңкерісінің нәтижесінде Уақытша билік жойылып, үкімет басына Ленин бастаған большевиктер келеді. Большевиктер өкіметін еш мойындамаған А. Дутов алғашқы күндерден бастап-ақ оларға қарсы күрес жолына түседі. 1917 жылдың 25 қазанында №816 жарлыққа қол қойып, қол астындағы әскерилерге большевиктердің Петроградтағы билікті күшпен басып алғандығын мойындамауға бұйырады. Бірақ, жаңадан қаз тұрып келе жатқан Кеңес үкіметіне қарсы 1918 жылы көктемде республика аумағындағы Чехословак корпусының бүлігі кері әсерін тигізді. Антанта елдерінің қолдауымен болған бұл бүліктің соңы Ресейде Азамат соғысының басталғандығын білдірді. Чехословак корпусы бүлікшілері Кеңес үкіметіне қарсы күштермен одақтасып, кеңес билігін құлатып Сібірдің және Қазақстанның біршама қалаларын өз қол астына қаратты. Оңтайлы сәтті шебер пайдалана білген А. Дутов Орал мен Орынбор казактарын большевиктер билігіне қарсы көтерді. Нәтижесінде, Қазақстанның көптеген аумағында Кеңес үкіметі құлатылып және Ресейге қарасты Омбыда адмирал Колчак бастаған уақытша Сібірлік ақ гвардияшылар үкіметі құрылса, 1918 жылы шілдеде А. Дутов Түркістан мен Сібір арасындағы қатынаста стратегиялық маңызы зор Орынбор аймағын басып алып, қызылдарға үлкен қауіп төндірді. Дегенмен, көп ұзамай қарсы шабуылға шыққан Қызыл армия 1919 жылы күзде Колчак армиясын талқандады, осы бір жайсыз оқиғадан кейін А. Дутов екінші рет Орынбор казактарының қолбасшылығына тағайындалып, Көкшетау мен Атбасардан Жетісуға шегінуге мәжбүр болады. Жол азабын тартып әрең жеткен орынборлық казактар, бұл жердегі атаман Б. Анненковтан қолдау таппай қағажу көргеніне шыдамай, 1920 жылы наурызда Сарқанның Қарасырық асуы арқылы Қытайға өтуіне тура келеді. Сөйтіп, Алатау асып Шыңжандағы Дампань әкімшілігіне қарайтын Боротала өзені маңайына қос тігіп бір айдай аялдайды. Содан әрі Сүйдін қаласына және сол маңайдағы Мазар, Шипанзе қыстақтарына табан тіреп орналасады. Етек-жеңін жиған атаман Дутов енді жоспар бойынша Жаркентке шабуыл жасап билікті қайта қолға алу әрекетіне көшеді. Оған дәйек ретінде 1920 жылдың күзінде жазылған хаттардан деректерді келтіре кетсек: «...Жетісу мен Ташкент арасының өн бойында жұмыс жүріп жатыр. Мен Харбинмен, Қырымдағы генерал Врангельмен байланыс жасап тұрамын». Зерттеуші Д. Голинковтың «КСРО-дағы антикеңестік құпия ұйымның күйреуі» кітабындағы 1921 жылдың басында «Ағылшын барлау қызметімен байланыс орнатуы» және Орта Азия басмашылар қозғалысының басшысы Эргашбай Бердиевке жазған хатында: «...Мен сізбен байланыс жасауға үшінші рет әрекет етіп отырмын. Қазір біз Қытай шекарасындағы Жаркентке таяу Сүйдін қаласындамыз. Менің қол астымда 6000 адамға жуық жасақ бар. Жаркентке соққы берер сәтті күтіп жүрмін...» т.б. мәліметтер және Жетісудағы Кеңес үкіметіне қарсы астыртын ұйымдармен де тығыз байланыста болғандығына дәлел. 

Ендігі кезекті біршама құпияны ішіне бүккен дәптерлерге берейік. Хамит Курмаевтың жазуы бойынша «Дутовтың өлімін» З. Сабиров екеуі М. Қожамияровтан естіген. Олар осы бір адаммен жақсы қарым-қатынаста болған. Оны байқаған қасындағы бірге жұмыс жасайтын жолдастары Хамит Курмаев арқылы өтініш білдіріп «Дутовтың өлімі» жайлы өз аузынан естігілері келетінін айтқан. Келісімін берген Қожамияров тек жұмыстан кейінгі уақытта, яғни түнде өз бөлмесінде күтетін болған. Айтқан уақытта Х. Курмаев, З. Сабиров және П. Иванов жиналып, «Атаман Дутов» жайлы хикаяның куәгері Қожамияровтың әңгімесін тыңдауға отырады.

...Жоғарғы Сот мемлекетке аса қауіпті деп танылған атаман Дутовты өлім жазасына кесіп, сырттай үкім шығарады. Үкімнің орындалуын ВЧК өзінің қарамағындағы ТурЧК-ге тапсырады. Ол орган өзінен кейінгі Жаркент уездік ЧК-не бұйырады. Себебі, барлау қызметінің ақпараты бойынша атаман Дутов 1921 жылдың 21 мамырында қарауындағы бар әскери қосынымен Кеңес үкіметіне қарсы шешуші шайқасқа тыңғылықты дайындалып жатқан. Осының алдын алу мақсатында жаркенттік уездік милицияға қайткен күнде де Дутовтың көзін жою керек деген құпия бұйрық берілді. Таңдау чекист Қ. Чанышевқа түсті. Неге десеңіз, әкесі Мұхаметғали Чанышев бай болғандықтан үш әйел алған, былайғы жұрт «Князь» деп атайтындықтан, бай тұқымынан шыққан адамның Дутовпен байланысқа шығуы сол кезең үшін заңды құбылыс еді. Сөйтіп, құпия жоспардың алғашқы қадамы Жаркент ЧК-сы 1920 жылдың күзінде Қасымханға құпия түрде демалыс беріп, жедел түрде Құлжаға аттандыруымен басталды. Құлжаға үлкен әпкесі Хадишаны алған бай жездесі Фатих Алдагаровпен бірге барып ақ гвардияшылардың құрамасына басшы болып жүрген бұрынғы танысы Миловскиймен жолығады. Екі жыл бұрынғы кездесуі кезінде «ағынан жарылған» Қасымханға Миловский 1918 жылы атаман Дутовпен таныстыруға уәде берген еді. Бірақ, уәдесін орындай алмаса да қазақ офицері Абылайхановпен таныстырады, онымен етене араласып сеніміне кірген Қ.Чанышевты ол өз кезегінде атаман Дутовпен жүздестіреді. Сәтті жалғасын тапқан кездесу барысында Қасымхан Жаркенттегі милицияның құпия түрде төңкеріске дайын екендігінен хабардар етеді. Енді атаман екеуінің арасындағы хабар беруші алғашқы байланысшы-тыңшысы Джамаза атты дунган болды. Оның түрлі себептермен хабар берудегі тыңшылық қызметі ойдағыдай нәтиже бермеді. Содан дер уақытында хабар алмасу мен қарым-қатынасты нығайту мақсатында екінші «байланысшы» ретінде чекист Мұқай Жігітековты (Байсымақов) іске қосады. Сапардан сәтті оралған соң атаманның сеніміне ие болу үшін ВЧК-ның шешімімен Қасымханның атынан Мұқай арқылы Дутовқа біраз қару-жарақ жіберіледі және атаманның ең сенімді адамдарының бірін шаруашылық басшысы ретінде жұмысқа тұрғызады. Қ.Чанышевтың Дутовпен етене араласуына Қытайдың уезд бастығы Шань Ганьның да көмегі зор болды. Шань Гань көмегінің қарымтасы ретінде Қытай аумағында ауыр қылмыс жасап өлім жазасына кесіліп, түрмеден қашып кетіп Жаркентте тығылып жүрген «қауіпті қылмыскерді» ұстап беруін өтінеді. Себебі, ол үшін Шань Гань Пекиндегі жоғарғы басшылықтан қатаң ескерту алған болатын. Атаманмен қоса оның да сенімді адамына айналу үшін Қасымхан амалсыз келісімін береді. Сөйтіп, әлгі қылмыскерді тығылып жүрген жерінен тауып, оның күдігін сейілту үшін алғашқыда милицияға қызметке алады. Біршама уақыттан кейін қазіргі Төменгі Пенжім маңайындағы Худояр елді мекеніне контрабандистерді тұтқындайсыңдар деген желеумен қасына төрт адам қосып шұғыл аттандырады. Түн ауа алаңсыз ұйықтап жатқан «қытайлық қылмыскерді» төртеуі жабылып қол-аяғын байлап шегара асырып, қытайлық уезд басшысы Шань Ганьға апарып тапсырады. Мұқай арқылы қару-жарақтың жеткізілуі, Шань Ганьның тілегінің орындалуы және Дутовтың сенімді серігінің жұмысқа алынуы сияқты сіңірген еңбегі Қ. Чанышевті атаманның ең жақын, ең сенімді адамының біріне айналдырады. 

Атаманның көзін жоюды алғаш жоспарлағанда Қасымхан бірінші байланысшы болған жансызы Джамазаны жұмсайды. Одан еш нәтиже болмаған соң екінші байланысшы Мұқайды аттандырғанмен одан да нәтиже болмаған. Екеуінің де тапсырманы орындай алмауының себебі, Дутов күзетінің мықтылығында еді. Бірақ, көбінесе кейінгі кезеңдегі екеуінің арасындағы құпия хат-хабар мен тапсырмаларды үнемі Мұқай жеткізіп отырған. Қайткен күнде де осы бір қауіпті тапсырманы жүзеге асыру міндеті тұрғандықтан Қ.Чанышев амалсыздан гимназияда 2-3 сыныпты бірге оқыған бала кездегі досы М. Қо-  жамияровты араластыруына тура келді. Өйткені Қ. Чанышевтың ет жақын туыстарының бәрін (онға жуық адамды) ЧК кепілдікке алып, Жаркент түрмесінде қамауда ұстаған екен. Іс алға басып Қожамияров та Қасымханның пәрмені бойынша құпия тапсырма орындау барысында байланысшы, тыңшы санатында бірнеше рет Дутовтың қабылдауында болады. Сөйтіп, 1921 жылы 6 ақпанда ВЧК-дан жедел түрде атаманның көзін жою туралы бұйрық келеді. Неге екені белгісіз, хат жазып берген Қ. Чанышев орта жолда қалып, тапсырманы орындауды мойындарына алған Мұқай батыр мен  М. Қожамияров Дутовқа кіріп, Қожамияров Қасымхан жазып берген хатты оқып отырған атаманды атып өлтіреді де, Мұқай күзетшілердің көзін жойып, қуғыншыларды адастырып, Иінтал арқылы Жаркентке аман-сау жетеді. Сол қанды оқиға орын алған мезетте Қасымхан И. Ушурбакиев екеуі Құлжадағы жездесі Фатихтың үйінде болады. Олар ертесі атаманның үйі орналасқан Сүйдін қаласына сенімді тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өзі жіберген чекистердің қолынан ажал құшқанына анық көздері жеткен соң ғана 8 ақпан күні Жаркентке қайтып оралуымен аталмыш қолжазба аяқталады. 

Осымен аяқталды-ау деп ойлағанмен қателесіппін. Қапелімде «Атаман Дутовтың» өліміне қатысты тағы бір тың дерекке тап болдық...

                                                                    

 

АЛМАС КЕЗДІК

Тау жақтағы Құрашының аузындағы Ақкүмбездің кімге тұрғызылғанын, ондағы арабша жазудың не мағына білдіретінін сұрап білуге ауыл ақсақалы Тұрғанбек Жүнісовке барған едім. Себебі, «Осы кісілер біледі-ау» деген Жаркентте тұратын бірнеше көнекөз қарияға жолығып, олардың әртүрлі жорамалын, екіұштылау жауабын естіп көңіл толмады. Дегенмен, соңғы барған мырзакелді Шәріпқан ата ғана: «бір білсе, Лесновкадағы Тұрғанбек молда ғана білер, бұл жазу мен күмбездің тарихын», – деді. Содан салып ұрып туған ауылымдағы бала кезден танитын қарияға жолықтым. Іздеген сұрағымның жауабын тауып, көптеген қызықты тарихи деректерге қанықтым. Сөз арасында Мұқай батыр мен Дутов жайлы да әңгіме қозғалды. Тамағын бір кенеп алған атам: «Әй, бала, ақыр жазып отырсың ғой, енді есіме түсті. Әкем Әбдуәлидің Мұқай батырдың өз аузынан естіген Дутов өлімі туралы хикаясын да айтып берейін, жазып аласың ба?» – деді де әрі қарай сөзін жалғады. «...Әкем көкірегі ояу, көзі ашық, аймаққа атағы шыққан құралайды көзге атқан аңшы, көпке сыйлы болғанымен, мінезі қырсықтау адам еді. Сол үшін де кеудеге бұққан бірталай құпияны өзімен алып кетті. Бірақ, қайтыс болар алдында өкінішін білдірді. Сұраулы жүзбен жанарын маған қадады. Мен таңданған қалпымда сенер-сенбесімді білмей аңырып отырып қалдым» деген тұсында:
– Әбдуәли ата Мұқай батырды жақсы білген бе? деп сұрадым, шыдамай.
– Ойпырмай, балам-ай, екеуі де Суанның Құдайбердісінен, бірі – Тәсібек, екіншісі – Арыстан атасынан тарайтын, Бұрханда туып, жастайынан бірге өскен ағалы-інілі бауыр адамдар ғой, – демесі бар ма. 

Балалық шағы еске түсті ме, әлде әкеге деген сағынышы ма, жанарына жас үйірілген қария біраз отырып қалған үнсіздіктен кейін бойын тез жия қойып, «ол оқиға былай болған екен» деп әңгімесін бастады.

...Ғасырға жуық уақыт өтсе де аңыз болып айтылып жүрген, ақ казактардың атаманы Дутовтың көзін жою туралы құпия тапсырманы орындауға бес адам барыпты. Екеуі сыртта аттарды ұстап тұрған, оның бірі Мұқайдың інісі Көдек (кейбір мәліметтерде Көбек), үшеуі аулаға кірген біреуі есіктегі күзетшінің қасында қалып, Мұқай батыр мен М. Қожамияров кеңсенің ішіне тікелей Дутовтың өзіне кіреді. Себебі, Қ. Чанышев пен атаман арасын байланыстырушы жансызы болғандықтан, сырттай үнемі құпия тасырмамен суыт жүретін бұларды танып алған күзетшілер де жөнсіз тоқтатуға қаймығатын. Қасында адъютанты бар атаман асқан сақтықпен қадала қараған қалпы суық жүзбен қарсы алады. Қасымханның ауыр жарақат алып келе алмайтынын және бар жағдайды қысқаша баяндағаннан кейін, хат беріп жібергенін айтып Мұқай қойнынан шығарған қағазын ұсынады. Оны Дутов оқып болған соң тағы «нең бар?» дегендей ишарат жасағанда, оны түсініп екінші хатты ұсынады. Атаман өте сақ. Үстел үстінде оқтаулы револьвер. Екеуінің әр қимылын қалт жібермей бақылауда ұстаған. Екінші хаттан кейін атаманның сұрланған жүзі жылып, босаңсып қалған сәтін дөп басқан Мұқай батыр үшінші хатты алғандай сыңай танытып көз ілеспес жылдамдықпен қойнындағы оқтаулы наганын суырып алған бойда Дутовты атып салады. Қожамияров адъютантты атады. Етпетінен құлаған атаманның қасына жетіп барған Мұқай дәлел ретінде оның екі погонын жұлып алып, далаға атып шығады. Қару дауысын ести сала сол мезетте-ақ даладағы үшінші адам күзетшіні жайратып салған екен. Сыртта Қожамияров жоқ. Мұқай жанталасып ішке қайта кірсе, Қожамияров есі шыққаны сонша екі қолымен басын ұстап алып түсініксіз бір сөздерді қайталап, сенделіп, айналып жүр екен. Қолтықтап алып сүйрелеген күйі оны атқа мінгізген соң бірі жетекке алып, екіншісі күлікті қамшылай  қаша жөнеледі. Олар екі көше айналғаннан кейін барып даурыққан қуғыншылардың айғайы мен бейберекет атылған мылтық даусын естиді. Содан адасып қалған қуғыншыларды артқа тастап, Қорғастан аман-есен өтіп, шегара асып Иінтал арқылы Жаркентке келеді. ЧК арнайы тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өлімі расталған соң ғана Қ. Чанышевтың кепілдікте Жаркент абақтысында отырған туыстарын босатады. Ал Мұқай өзімен бірге әкелген екі погонды дәлел етіп, әрең дегенде ақталып шығыпты. Осы араға келгенде Тұрғанбек қария Мұқай батырдың: «Әлгі Махмұт адам өлтіріп көрмеген екен, не онысын ертерек айтпапты. Қан көргенде үрейленіп, есі ауып қалды. Әйтеуір әрең дегенде бәріміз де аман оралдық-ау», – деген сөзін алға тартты. Назар аударарлық мәселе, 1938 жылы 12 қаңтардағы Мұқай Байсымақовтың өз қолымен жазған НКВД өкіліне куәгер ретінде берген түсініктемесінде: «Жаркент милициясының бастығы Қ. Чанышевті («сырт көз үшін») тұтқынға алардан бір ай шамасы бұрын ЧК-дан А. Дутовты өлтіру жөнінде тапсырма алған. ...Бұдан әрі операция басталады, сонда М. Қожамияров пен М.  Байсымақов ақ гвардияшылар генералын өлтіреді». 

Бір ескерте кететін жағдай, бес сайыпқыранның бірі Солтанай Маралбаев болған екен. Тақымы мықты шабандоз, жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен,  сондай-ақ, күндіз-түні жортқанда бағытынан жаңылмас зеректігі, жершілдігімен және өжеттігімен аймаққа аты шыққан Солтанай батырдың алпыстан асса да ат үстінен түспеген кезі екен. (Батыр атамыздың бүгінгі ұрпағы Молот Солтанаев аудан, облыс жұртшылығына танымал ақын.) Осы айтылған әңгімені бала күнімде атам Ақжарқын, Әбдуәли, Жұмаділ аталардың үйіне қонаққа барғанда ақсақалдардың: «Әй, не сөйлеп отырсың? Дутовты атқан Мұқай батыр екенін бәріміз де білеміз ғой» деп дебейлеп айтқан сөздерін талай естігенімді, сонау 1990 жылдары Алмалыдағы Қойшыбай бақсының үйінде сол ауыл қарияларының осы оқиға жайында айтқанынан естіген әңгімелеріммен дәлме-дәл сәйкес келуі таңдандырады. Сәл аялдап чекист Н. Миловановтың «Көрінбейтін майдан» жинағындағы мәліметтерге зер салып көрелік: «...Күзет үйінен атып шығуға ұмтылған казактарды есік пен терезеге оқ атқан Қасымхан қайта қуып тығады. Зәрелері зәр түбіне жеткен олар қаруларын тастай сала төсек астына зып береді. Осы кезде іштен бірін-бірі сүйеген Махмұд Қожамияров пен Мұқай Байсымақов көрінеді». Осы дерекпен қатар Н. Миловановқа М. Қожамияровтың айтып бергені: «...алдымен Дутовты сұлаттым. Сонан соң өзіме атылған адъютантты қақ маңдайдан тарс еткіздім. Ол жанып тұрған майшамды тұғырымен құлатқан бойы еденге гүрс етті. Мен атаманның аунақшып жатқанын көріп оны екінші рет аттым да, не болғанымды білмей, үстімді тер жауып, қабырғаға сүйене тұрып қалдым. Сол кезде Мұқай кіріп келіп, далаға сүйемелдеп алып шықты». 

Міне, өздеріңіз байқап отырғандай, бұл деректер жоғарыда жазылған Мұқай батырдың сөзінің дәлелі іспетті. Ал «Көк дәптердегі» естелік бойынша Қ. Чанышев дәл осы сәтте бұл жердегі атыста мүлде болмаған. «Сол қанды оқиға орын алған мезетте Қ. Чанышев, И. Ушурбакиев екеуі Құлжа қаласындағы бай жездесі Фатихтың үйінде болады. Олар ертесі атаманның үйі орналасқан Сүйдін қаласына өздерінің сенімді тыңшыларын жіберіп, Дутовтың өзі жіберген чекистердің қолынан ажал құшқанына анық көздері жеткен соң ғана 8 ақпан күні Жаркентке қайтып оралады» деген жазумен аталмыш қолжазба аяқталған. 1921 ж. 11 ақпанында Ташкенттен Түркістан майданы Әскери Революциялық Кеңесінің мүшесі Г. Сокольниковтың атына жолданған мына бір жеделхатта: «...Операцияға басшылық етуші адам Дутовтың бөлмесіне кіріп келіп оған хат ұсынды да ұрымтал сәтті пайдаланып екі рет атып Дутовты және үшінші оқпен көмекшісін жайратты.» деп жазылған. 

Келесі мәліметке кезек берсек, «АРНАЙЫ АДРЕСКЕ. МЕЙЛІНШЕ ҚҰПИЯ. Түркістан өлкесіндегі ВЧК уәкілетті өкілінің №44 бұйрығынан көшірме. 1921 жылғы 12 сәуір. Ташкент қаласы. 1. Құлжада атаман Дутовтың көзін жоюды тікелей ұйымдастырғаны үшін, Қ. Чанышевты ВЧК атынан «Дутовтың көзін жоюға тікелей басшылық жасағаны үшін» деген жазуы бар алтын сағатпен марапаттаймын». («Егеменді Қазақстан» газеті, Ж. Ауыпбаев, «Ажалға аттанғандар», 3 қыркүйек, 2016ж.)
Ал енді түсініп көріңіз... (Қ. Чанышев) Н. Милованов жазбасында: «есік пен терезеден оқ жаудырады, бірақ ішке кірмейді», Г. Сокольниковке жолданған жеделхатта: «Дутовты өз қолымен атады», №44 бұйрық бойынша «басшылық жасағаны үшін» алтын сағатпен марапатталады, «Көк дәптер» бойынша «жездесі Фатихтың үйінде жатып, операция өткен жерде болмайды»...

Иә, тарихи оқиғаға да бір ғасыр уақыт болып қалыпты. «Қазақфильм» түсірген «Атаманның ақыры» киносында чекист    Қ. Чадияров, естелік құжаттарда (екі көк дәптерде, М. Қожамияровтың айтуы бойынша) М. Қожамияров, көнекөз қариялардың ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан деректері бойынша (Мұқайдың өз айтуы, Әбдуәли зәңгі, Тұрғанбек және Ақжарқын манпаң, Жұмәділ, Рамазан, т.б. аталарымыздың) Мұқай батыр. Бұл тарихи оқиғаның мән-жайы әлі күнге дейін белгісіз, аңызы қайсы, ақиқаты қайсы ешкім білмес құпия болып қалды-ау... 

Осы орайда азды-көпті қолда бар деректерге кезек берер болсақ: Мұқай Жігітеков (Байсымақов) 1888 жылы Бұрханда қарапайым қазақ отбасында өмірге келген. Бозбала кезінен-ақ малды ауылдарда өтетін жиын-тойлардағы көкпар, күрес, аударыспақ, т.б. түрлі ат және күш сынасу ойындарының асқан шебері болуымен қатар батырлығымен ел көзіне түскен. Оған дәлел, атаманның көзін жоюға іріктелген чекистерге жеке-жеке берілген мінездемеде, Мұқай Байсымақов туралы – жауынгер, жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі сынды сипаттама  берілген. 1917 жылғы Ұлы Қазан төңкерісінен кейінгі Кеңес үкіметі жаңа орнаған 1918 жылдары С. Журавлев (кей деректе Я. Лаков полкі) бастаған қызылдардың отрядына қосылған. Жер жағдайын жақсы білетін, аймаққа аты шыққан батыр шегара асқан қазақ ауылдарын қайтаруда және Қапал, Абакумовка елді мекендерін азат етуге қатысып, большевиктер үкіметіне сіңірген еңбегі үшін 1920 жылы Жаркент уездік милициясына қызметке алынады. Тек қызылдарға ғана қызмет етпей, арғы бетке ауған талай қазақ ауылын «комотрядтың» қырғынан құтқарған. 

Сол аласапыран заманда малсыз қалған кейбір руластарына бала-шағаңның ырызғысы деп сауын сиыр, «сойып жеңдер» деп ұсақ малдан талай рет айдап әкеліп берген жомарттығын, сондай-ақ, «ашаршылық жылдары Мұқай батыр өз ауыл-аймағына жоқшылықтың зарын тартқызбапты, титтей де таршылық көрсетпепті» деген сөзді марқұм анам Күләйханнан да талай естіген едім. «Дутовтың көзін жою операциясынан» кейін 1921 жылдың 16 қыркүйегінде Ташкентке шақырылып, ВЧК төрағасының орынбасары Уншлихтың №303 бұйрығы бойынша есімі жазылған «Алтын сағат және наганмен» марапатталған.

1938 жылдары «халық жауы» деп ұсталатын болған соң амалсыздан шегара асып кеткен, кейін қапыда Қытайлардың тұтқынына түсіп, Таңжарық Жолдыұлымен абақтыда бірге отырған есіл ер, көп ұзамай Құлжа (кей деректе Үрімжі) түрмесінде қытайлардың қолынан көз жұмған. Таңжарық ақын кейін абақтыдан шыққанда «...екі рет сұраққа апарып қайтып әкелді, қатты қинағандары білініп тұр. Бірақ Мұқай батыр бойынан қорқу мен күйзеліс, өкініштің табын байқай алмадық. Нағыз арыстан жүректі оғлан екен, ата жау қытайларға титтей де жұмсақтық танытпай, асқақ, иілмеген қалпы үшінші рет сұраққа кетіп қайтып оралмады» деп көкірегі қарс айырыла айтқан сөзін Тұрғанбек атадан естігенде бір жағынан қазақтың қайсар ұлына сүйсінсек, екінші жағынан өзегімізді өкініш өртеді. «Патшалық Ресейдің елесі болған «ақтардың», Кеңестік «қызыл империя» мен Қытай үкіметтері билігінің ешбірін мойындамаған, туған жерінің төсінде түз перісі көкжалдай еркін жортқан, туған елінің жадында аңыз болып сақталған қазақтың тағы бір арысы, жаужүрек батыры өз өмірін осылай аяқтаған екен-ау», – деп тебірендік...

Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі
Жаркент қаласы