ҚАЗАҚ ЦИРКІНІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Уақыты: 24.06.2019
Оқылды: 1718
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын», – деп қайраткерлік көрсеткен Гүлжихан Қалиеваның есімін естіген өнер әлеміндегі есті қазақ елең етпей қоймас. Осы бір аяулы жанның қазақ руханиятының алтын қорына қосқан асыл қазынасын тарих қойнауынан қазып алып, келер ұрпаққа аманаттау біздің басты борышымыз. Сол үшін қолымызға қалам алып, дара тұлғаның есімін бір сәт жадымызда жаңғыртып, ұлты үшін жанын салып, барын берген өнегелі өміріндегі сара жолымен жүріп өткенді жөн көрдік.


 ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ

Жас ұрпақ Гүлжиханды біле ме екен? Дәл осындай жалқы сұраққа жалпылама жауап бере салуға болмайды. «Білмейді» деп кесіп айтуға тағы да келмейді. Өйткені руханият әлеміне үш бірдей өнер ордасын тарту еткен жанды білмеу ұлтымызға сын, ұрпақ алдында ұят дүние. «Біледі» деп сеніммен айтайын десең... Әй, бір кем дүниенің шеті шығып қалады-ау осы тұста. Бұл жағын әңгіме барысында сөз етеміз. Бірақ, солай екен деп үміт пен күдіктің ортасында отыра беруге де болмас. Ендеше шаң басқан архивтерді ақтарып, тарихтың сарғайған беттеріне үңіліп, Төлеген ақынның: 
«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен, Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын» дегеніндей, Гүлжиханның ғұмырнамасын парақтап көрейікші. 

Кеңестік кезеңде дәурені жүрген аяулы жанның сананы ғаламтор торлаған осынау жаһандану дәуірінде есімі көмескіленіп бара жатқанын несіне жасырайық. Өнердің айналасында жүрген өзіміз де сананы тұрмыс билеген уақыттың жетегіне еріп бара жатсақ, күйбең тірліктің илеуіне түсіп, таңның атысы, кештің батысы күнкөріс қамымен басқа салада жүрген жұртқа не деп өкпе айтамыз. Сөз шындықтан бұзылмайды. Бір кездері аты аңызға айналған тұлғаның сүрген өмірі мен өнерге сіңірген ерен еңбегі жайлы қазіргі таңда көп айтыла бермейді. Айтылмағаннан кейін, ашылмаған сандықтың ішінде не жатқанын ел қайдан білсін? 
Сыр сандықты ашып қара, 
Ашып қара, сырласым. 
Сым пернені басып қара, 
Басып қара жырласын! 

Ендеше Сейфолланың Сәкенінен қалған осынау өлеңге жүгініп, сыр сандықты ашып, сым пернені басып, Гүлжихан Қалиқызының сырлы әлеміне сапар шегейік.  

Әлқисса, әңгімені тым әріден болмаса да, кейіпкер болмысы ашылуы үшін тарихтан тамызық алып барып бастайын. Әкесі Қали Ордабайұлы өз заманында қазіргі Іле ауданы орналасқан аймаққа аты шыққан ауқатты байлардың бірі болған. Сауда-саттықпен айналысып, тек қана байлықтың жетегінде кетпеген көзі ашық, көкірегі ояу  Қали қазақтың маңдайына біткен Дінмұхамед Қонаевтай дара перзенттің әкесі Ахмет және би әлемінің падишасы Шара Жиенқұлованың әкесі Баймолда сынды сол дәуірдің зиялы тұлғаларымен аралас-құралас болған ақсүйек жандардың бірі. Ұлт мақтанышына айналған осынау үш перзенттің әкелері өзара сауда жасап, алыс-беріс, барыс-келістері ортақ жандар екен. Әкелерінің осындай достық қарым-қатынаста өткенін ескерсек, Гүлжихан, Шара, Дінмұхамед үшеуі де бір-бірін бала кезінен жақсы білген, тіпті, дос-құрбы болғанына көз жеткіземіз. Маңдайына жазылған ғұмыр қайда апарып, таңдайына бұйырған дәмді қайдан тататынын білу пенденің пешенесіне жазылмаған. Дегенмен, әр адам «соқтықпалы, соқпақты» өмір жолында өз сүрлеуімен жүріп, өз бейнесі мен болмысын қалыптастырады. Біз айтып отырған үш әке өздерінің зиялылығының нәтижесінде ұлт мақтанышына айналған үш алыпты тәрбиелеп жеткізді. Ұлт тарихында үштағандай нық тұрған сол үшеудің бірі Гүлжиханды оқығаны мен тоқығаны көп, зерделі де ақсүйек әке бала кезінен оқуға баулиды. Сол кездегі деректерге сүйенсек, қызының келешегі кемел болуын ойлаған Қали сонау Германиядан арнайы ұстаз алдырып, қызының сауатын ашқызады. Бұл қаріп таныту ғана емес, сонымен бірге білімнің тереңіне бой алдыру мақсатында жасалған алғашқы қадам еді. Маңдайындағы жарқыраған жұлдыздай болған қызының зеректігі мен өжеттігін, алғырлығы мен ұшқырлығын байқаған әке Гүлжиханның болашағына ең алғаш осылайша жол ашып еді. Ер мінезді, ерке болғанымен есті өскен қызын әуелі Ленинградтағы заң институтына оқуға жібереді. 

Арманы асқақ қазақ аруы алысқа қанат қағып, білім іздеп кеткенде кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың салқыны Жетісу жеріне де жеткен еді. Іле өңіріне атағы кеңінен шыққан асқан бай, би-болыс, бақытын байлықтан емес, адамдық пен адалдықтың ауылынан іздеген атымтай жомарт, сол уақыттың өзінде қайырымдылық жасап, айналасына деген қамқорлығымен аты шыққан Қали Ордабаевты Саяси қуғын-сүргіннің құрығына іліп, жер аударады. Дәл осы әулеттің басына үйірілген алабұлт шалғай ауылда, шекаралы аймақ Нарынқол ауданын басқарып отырған Қали әкейдің ұлы Рамазан Ордабаевтың да өмір жолын соқыр тұмандай орап алады. Нәтижесінде Кеңес өкіметіне қарсы адамның ұлы деген желеумен итжеккенге айдалады. Осылайша бір ғана жаланың жетегімен әулетке жағылған қара күйе Ленинградта жүрген Гүлжиханның да аппақ арына жағылып, «халық жауының» қызы деген сылтаумен  оқудан шығарылады. Жалпы адамзат қоғамы жақсы адамсыз емес қой. Қалиқызының да айналасынан жанашыр ұстаздары табылып, зейінді де зерек шәкіртіне Мәскеудегі қазақ елшілігіне барып, көмек сұрауын айтып, отарбаға отырғызып, шығарып салады. Бұл кезде елшілікте Алаштың алдаспан ұлы Тұрар Рысқұловтың отыруы жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп, құлазыған көңілмен құздан құлағалы тұрған Гүлжиханның қолтығына демеу, жанына жұбаныш болады. Қайраткер ағаның ақыл-кеңесі мен қамқорлығының нәтижесінде құжаттарына да өзгерту енгізіп, осыған дейін Ордабаева болып келген Гүлжихан ендігі жерде Қалиева болып шыға келеді. Алатаудың бөктерінен арман қуып алысқа кетіп, тағдырдың алғашқы сынағына түскен қазақ қызының сынып кетпеуі үшін қарындасындай көріп, қанатының астына алған Тұрар Рысқұлов оны Мәскеудегі Луначарский атындағы өнер институтының жанына ашылған екі жылдық студияға оқуға түсіреді. Бұл қазақ еліне өнердің жаңа лебін алып келе жатқан болашақ жарық жұлдыздың алғашқы қадамы еді. «Маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» , – деген орыс ғалымы Потанинге таңдай қақтырған Ұлы Даланың топырағынан жаралып, тұнық ауа мен мөлдір суынан нәр алған, байтақ өлкесіндей кең тынысты, жай ғана сөйлегенінің өзінде даусынан әдемі әуен есіп тұратын Гүлжихан Қалиеваның өмірден өз жолын тапқан ең қымбат та бақытты сәті осы еді. Әкесінің дәурені жүріп тұрған кезінде еркіндікті ерекше сезініп, қазақы тәрбие мен ұлттық өнерді бойына сіңіріп үйренген қаршадай ғана қыз үшін өнер әлемі таңсық та емес еді. Бесік жырымен құлағына құйылған әуез бен тұсауын кескеннен бастап, бойжеткенге дейінгі аралықтағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың өнегесі Гүлжихан өмірімен біте қайнасып кеткен. Содан болар, Мәскеудегі сахна әлемі қазақ даласынан ұшқан қарлығаштың еркін қанат қағатын кеңістігіне айналған. Маңдайына жазылған өмір парағының тағы бір аппақ беті ашылып, оқып жүрген кезінде отау құрып, шаңырақ көтеріп, Карякубов деген өзбек жігітіне тұрмысқа шығады. Қайта айналып соққан тағдыр-дауыл Гүлжиханның бұл бақытының да ғұмырын келте қайырады. «Жаптым жала, жақтым күйенің» кесірінен күйеуі де «халық жауы»  атанып, айдауға кетеді. Енді қайтіп кездеспейтінін сезген жұбайы Гүлжихан Қалиқызына мол ақша беріп, Қазақстанға кетуіне кеңес береді.  

ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫ

Осы далада сарыауыз балапан болып өмірге келіп, қанаты қатайған сәтінде алысқа ұшқан қарлығаш қанат қазақ қызы ұясын сағынып қайта оралған жыл құсындай туған жеріне де жетті-ау. Санаулы жылдардың ішінде небір бұралаң жолды бастан кешірген дала қызын ару Алматы да жатырқамай қарсы алады. Гүлжихан Қалиқызы жайлы деректер іздеу барысында осыдан он жыл бұрын республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрген Динара Ізтілеудің мақаласын оқып шықтым. Терең зерттеп, зерделеп жазған мақаладан Қалиқызының бүкіл өмірін көріп шыққандай болдым. Сол мақалада Гүлжихан апамыздың Алматыға келгені жайлы мынандай жолдар бар: «Осы сәтті оның жан құрбысы қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер әйел Дариға Тіналина былай суреттейді:
«Бір күні театрдағы әртістер «Өзбекстаннан Гүлжихан Қалиева келіпті!» –шу ете қалды. Сол күні театрға көздің жауын алатын әдемі қара көйлек киген, қолында гауһар тастары жалтылдаған жүзіктері бар орта бойлы, өте сұлу да мәдениетті ханым кіріп келе жатыр еді…». Ақылына көркі сай дала аруы осылайша Алматыдағы қазақ театрындағы жаңа ұжымның қатарына қосылады. Небір сынақтардан сынбай келе жатқан Қалиқызына ендігі жерде тағы бір жауапты қызмет тапсырылды. Ол соғыс басталғанда Мәскеуден Қазақ- станға көшіріліп әкелгеннен кейін одақ көлемінде құрылған орталық-бірлескен киностудияда актерлар бөлімін басқаруы еді. Тіпті, өнер әлеміндегі қайсар қыздың қайраткерлік өмірінің алғашқы қадамы да оң нәтиже бере бастады. Осы тұста балалық шағы бірге өткен ұлт перзенті Дінмұхамед Ахметұлымен де кездесіп, өзін мазалап жүрген тың идеяларын айтып, оған қолдау да тапқан. Жалпы сол кезде Мәскеуден білім алған қазақтың талантты ұл-қыздарының өнер саласына ерекше серпіліс әкелгені ақиқат. Солардың бірі Гүлжихан апамыздың жан досы болған Дариға Тіналина өз естелігінде еңбекқор құрбысы жайлы былай дейді: «…Мәскеуден Алматыға оралдым. «Қазақфильмге» аса көңілім толмады… Жаным жабырқап жүрген сәттердің бірінде Гүлжиханды қайта жолықтырдым. Іздегенім табылғандай болды. Содан арамыз ажырамады. Күндердің бірінде Гүлжихан маған: «Менің саған айтар бір жаңалығым бар, Дариға. Мен қазақтың эстрадалық студиясын ашқым келеді. Бұл ойымды Димаш Ахметұлына айтып едім, ол қолдап отыр. Енді ЦК-ның отырысына шақырды. Соған бармақпын», – деді. Мен салған жерден қолдадым…».  

Қолдау болған жерде қолға алған іс оңды болмауы мүмкін емес қой. Осыны сезініп, бойына ерекше күш жинап, ойына алған істі орындау үшін неден болса да аянбайтынын аңғартқан Гүлжихан Қалиқызы Мәскеуге барып, ЦК-ның жиналысына қатысады. Қатысып қана қоймайды, үлкен мінберден қазақ елінің өнерін дамыту жайлы ойын ашық білдіреді. «Қазақ өнерін көтеру керек. Оған жаңа күш қажет. Мен қазақтың кәсіби эстрадалық студиясын ашқым келеді», – деп саңқ ете қалған дала қызының дауысын естіген жиындағылар қол соғып, қолдап та жібереді. Бұның нәтижесінде сол тұстағы Қаржы министрі Кимнің  қаражат мәселесін шешіп беруге уәдесін алып қайтады. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген қазақы тәмсілдің орындалғаны да осы тұс. Гүлжихан апамыздың сөзі – халық сөзіндей әсер еткендіктен сол кездегі орталықта отырып, өздерін бір-бір хан сезінетін министр мырзалар қалай келісіп қалғанын өздері де байқамай қалған шығар. Себебі, ол кездегі саясат қазақ халқының өсіп-өркендеуін емес, өшіп-өнбеуіне жұмыс істегенін несіне жасырамыз. Осылайша үлкен жемісті жеңіспен оралған Гүлжихан Қалиқызы Алматыға келген бойда бірден жобаға кететін ақшаны есептеп, оны Қаржы министрлігіне апарып, қаражатын бөлгізеді. Сөйтіп, 1965 жылы қазақ еліндегі тұңғыш эстрада студиясы ашылады. Бұл Мәскеу, Ленинград, Киевтен кейінгі одақ көлемінде Алматыда ашылған төртінші студия болатын. «Ел іші – өнер кеніші» деген қағиданы ұстанған ол ең әуелі шалғай қалалар мен аудан, ауылдарды аралап, дарынды жастарды жинауға кіріседі. Арнайы хабарлама беріп, Алматының төрінде күтіп отыруына да болар еді. Бірақ, қандай істі қолға алса да асқан жауапкершілікпен атқаруды қанына сіңірген қайраткер ауыл жұртын аралап, тіпті, кішігірім той-жиындарда ән салып, өнер көрсеткен жастарды сол жерде таңдап, оқуға шақырып, олардың өнерге деген ішкі әлемінде бұғып жатқан бұлқынысын оятып, бұлақтың көзін ашқандай әрекет еткен. Сөзіміздің айғағы болсын, осы мақаланы жазу барысында Гүлжихан Қалиқызының ең алғашқы шәкірттерінің бірі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, қазіргі таңда Түркістан қаласында тұрып жатқан Қажыбек Бекбосынов ағамызбен хабарласып, дәл сол уақыттың қайта оралмас әдемі сәтін өз аузынан естідім. «Ауылда жүрген жерімнен Алматыда эстрада студиясы ашылып жатыр екен деген хабарды естіп, жолға шықтым. Осы сапар мені Гүлжихан Қалиқызымен ең алғаш таныстырды. Студияға қабылданған санаулы шәкірттердің бірі болғанымды әлі күнге мақтан етемін. Ол кезде оқу ғимаратына берген мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатты. Біз қазіргі Достық даңғылының бойындағы Оқушылар сарайының лагерінде жаттық. Ал сабақты қай ұстазымыз қай оқу орнында болса, сол жерден барып оқып жүрдік. Ақпан айында бізге берген оқу ғимаратының жөндеу жұмыстары бітіп, жоғары қабаты жатақхана, төменгі қабаты оқуға арналып, жалғастырып кеттік. Гүлжихан Қалиқызы қазақ қыздарынан шыққан нағыз қайраткердің өзі. Анамыздай мейіріміне бөледі, керек жерінде қаталдық та танытып, шыңдап отыратын. Осылайша ұлттық өнеріміздің дамуына зор үлес қосты». Осы тұсқа келгенде Қажыбек ағаға көкейімдегі сауалымды қойдым. «Аға, осындай абыройлы адам қазіргі таңда неге соншалықты елеусіз күйге түсті?» «Жоқтаушысының жоқтығынан ғой. Қазіргі қоғамда кімді-кім іздеп жатыр. Бәрі құлқынның құлына айналған. Билікте өнердің шынайы жанашырлары жоқ. Ашығын айтайын, Ғарифолла Құрманғалиевтің тойына Мәдениет және спорт министрлігінен арнайы жіберген адамы, қолындағы құттықтау қағазын ежіктеп, әрең оқып тұр. Бұларды өнерге жанашыр деп айта аламыз ба?», – деп ішкі қыжылын білдіре бастаған ағамның әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып: «Ұстазыңыздың 100 жылдық мерейтойы қалай өтті?» дедім көптен бері еленбей келе жатқан тұлғаға қандай құрмет көрсетілгенін білгім келіп. «Алматыдағы Әуезов теа-трында жоғары деңгейде өтті. Алғашқы шәкірттерінің бірі болып барып, кештің шымылдығын өзім бастап аштым. Қасымда бізден кейінгі ұшырған түлектерінің бірі Қапаш Құлышева, одан кейін Рамазан Стамғазиев, сосын бір жас студент төртеуміз ашып бердік. Жалпы, осындай тұлғаларды іздеп, олардың еліне сіңірген ерен еңбегін насихаттайтын, журналистер, сендердің міндеттерің. Сонда ғана дара тұлғаларымыз елімен қауышып, олардың жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып тұрады», – деп ұстаз есімінің ұлықталуына үлес қосуымызды ескертіп те қойды.  

Эстрада студиясын ашқанда дәстүрлі әнімізді дәріптеу үшін Ғарифолла Құрманғалиевті арнайы шақыртып, ұлттық мұраның жандануына үлес қосуын тапсырады. Ал ән әлемінің жауһарына айналған Нұрғиса, Шәмші, Ескендір сынды композиторлармен осы топырақта сол кезде енді-енді өрлеп келе жатқан эстрада бағытын жандандыруды қолға алады. Осылайша, балшығын өз қолымен илеп, кірпішін өз қолымен қалағандай дүниеге әкелген бүгінгі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде табан аудармай жиырма жыл директор болды. Эстрада мен ұлттық әнімізді әуелеткен небір таланттарды қанаттандырды. Сонымен бірге жас ұрпақтың өз тілінде әдемі де әуезді сөйлеуі үшін студияның ішінен арнайы көркемсөз оқу класын ашып, оған қазақ қыздарынан алғаш шыққан режиссердің бірі Дариға Тіналинаны шақыртып, дәріс бергізеді. Өзі де көркемсөз оқудың хас шебері еді. Бір кем дүние... Гүлжиханның сиқырлы да сырлы үнімен жазылған небір жауһарлардың көптеп сақталмай қалғаны.

ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗДЫҢ СӘУЛЕСІ

Гүлжихан Қалиқызының маңдайына жазылған ғұмырдың тағы бір жұлдызды сәті қазақ ән әлеміне тың жаңалықтарды әкеліп жатты. Соның бірі аяулы жанның жан дүниесіне маза бермей Дінмұхамед Ахметұлының алдына алып барды. Қара басының қамын емес, қазақ өнерінің болашағын ойлаған қайсар қыз ендігі жерде ансамбль құру ойы бар екенін жеткізеді. Не істесе де еліне арнайтын еңбегін елеген Димаш атамыз бетін қақпай, керісінше, қолдау көрсетіп, қанаттандырып шығарады. Бала кезінен-ақ Гүлжиханның өжеттігін білетіндігінен шығар, қолға алған ісінің оң нәтиже беретініне тағы да сенім артып, ақ жол тіледі. Оған өнерлі өрендерді алыстан іздеп жатпады. Студияны бітірген түлектердің басын қосып, әне-міне, дегенше, Алматының төрінен Алатаудың шыңына ән ұшырған «Гүлдер» ансамблі құрылып, тұсауы кесілді. Бұл өнерге жанын берген қазақ қызының Алматы төрінде туған халқына ұсынған екінші сыйы, жаңа өнер ұжымы еді. 1969 жылы құрылған «Гүлдер» жыл сайын бүр жарып, жаңадан гүл ашып, шығармашылық ұжым құлпырғанның үстіне құлпыра түсті. Арада жеті жыл өткенде 1976 жылы Гаванада өткен әлемдік фестивальде лауреат атануы Гүлжихан еңбегінің тағы бір жеңісті жемісі еді. Содан бері өткен жарты ғасыр уақытта бұл ансамбль қай қиырға барса да абырой биігінен түспеді. Небір дүлдүл де бұлбұл әншілердің бағы жанды осы жерде. Осы «Гүлдерге» еріп, елімізге танымал қаншама ансамбль құрылды. Бірақ, қазіргі таңда «Гүлдер» аталған жерде Гүлжиханның есімі аталмайтыны өкінішті. Бәлкім, биыл елуге толғалы отырған Гүл апамыздың өз қолымен құрған ансамблі Қалиқызының есімін еске алар. Өздерінің жарты ғасырлық мерейтойына арналған шығармашылық кешінің өзегін Гүлжихан Қалиқызының құрметіне арнап, кештің өн бойында аяулы жанның өнер жолындағы жанкештілігі жайлы естеліктер айтылып, жарқын бейне ел жадында тағы бір жаңғырар деген үміттеміз. Үміт үзілмесін...

Әлқисса, жаратылысы осындай жан бұған да қанағаттана қоймады. Ойына тағы бір тың идея келіп, Дінмұхамед Қонаев мырзаның, анығын айтқанда бала күнгі досы, сол сәттегі қолдаушысының есігін тағы да қағуға тура келді. Тағы да ұлтқа керек ұлы істің алға жылжуына қол ұшын созуды сұрады. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына». Дәл солай болды. Бүгінгідей министрлердің атына сыннан басқа айтылмайтын уақыт емес ол кез. Керісінше, министрдің жанашырлығын сезініп, жанын беріп, жанары жанып тұрып жұмыс істейтін шақ. Димаш досынан қолдау тауып шыққан Гүлжихан идеясын сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаров та қос қолын көкке көтере қолдап, Алматының нақ төрінен, ұлттық нақышта, киіз үй келбетті Қазақ циркі бой көтерді. Ұлт жанашырларының қамқорлығының нәтижесінде сол кездегі Союзгосцирктің құрамында мемлекеттік деңгейде Қазақ циркінің ұжымын құру шешімі бір күнде қабылданып, ғимарат құрылысы екі жылда бітті. Әуелде жаңа цирктің құрылыс жұмыстарымен бірге Гүлжихан апамыз әртістерді де дайындай бастады. Цирк ол – әншілердің басын қосып құра салатын ансамбль емес. Мұның да өзіне тән қым-қуыт жолы бар. Осыны ойлаған қазақ қызы Мәскеудің «Владимирский» жылқы зауытына бір-ақ тартады. Мұндай тәуекелге ер адамның өзі бірден бара қоюуы да екіталай екені рас. Бірақ, «Тәуекел түбі – желқайық, мінесің де өтесің. Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің», – деген елдің ұрпағы емеспіз бе? Осыны сезінген Қалиқызының тәуекеліне таңғалмасыңызға лаж жоқ. «Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды» дейтініміз қайда? Бастаған ісінің аяғына жеткенше тоқтатпайтын жанкештілік Гүлжихан Қалиқызын Владимировскіге әкеліп қана қойған жоқ, ол жерден алтын берсең де ала алмайтын он бес арғымақты өзі отырған отарбаның жүк вагонына тиеп, стансыларда тоқтаған сайын өзі барып қадағалап, қарауылдап, Алматыға алып келгені ерлік емей немене?! Жанкештілік болмай қайтсін?!

Әсілі, қазақ халқына цирк өнері таңсық емес. Жамбы ату, көкпар тарту, қыз қуу мен аударыспақ дала сахнасындағы цирктің өнерпаздарына бергісіз өнер емес пе? Сонымен бірге циркте аң үйрету үшін кавказдан Жора деген жігітті тауып әкелуі де құм үстінен із іздегенмен пара-пар еді. Эстрада студиясын ашқанда оның бір қанаты қылып қазақтың дәстүрлі ән әлемін насихаттауды қолға алса, цирк әлеміне де ұлттық құндылықтарды сыналай кіргізді. Ол үшін де Димаш атамызға қолқа салып, Маңғыстаудан түйе, қырдың қызыл түлкісі мен Алтайдың ақиығын алдыртуы цирк сахнасынан дала иісінің аңқып тұруын талап ете білуі болса керек. Сонымен бірге қазақ жастарын Мәскеу, Саратов қалаларында арнайы білімін жетілдіріп, цирк өнерінің қыр-сырын біліп келуге жіберуі де ұстаздың ұлағатты жолының бірі. Осы жолда Гүлжихан Қалиқызының тағы бір тәуекелі мен талапшылдығы Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытынан да небір сүмбіле сұлу арғымақтарды алғызуы еді. Ол үшін өкіметтің қоржынынан 40 000 рубль бөлгізуі де ерен ерлік. Өйткені, ол кезде мұндай көлемдегі қаражат көп ақша болатын. Цирктің алғашқы қойылымдарында, жоғарыда айтқанымыздай, дала сахнасындағы көкпар, қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық өнерімізді қосуы қала маңында өсіп, Ленинград пен Мәскеуде орысша білім алған қазақ қызының қанында бәрібір ұлтына деген махаббатының шексіз екенінің нәтижесі еді. 

ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛҒАН ЕСІМ 

Қазақ мәдениеті мен өнеріне бүгінгі Эстрада және цирк колледжін, небір талантты ұл-қыздардың атағын аспандатқан «Гүлдер» ансамблін және қазіргі таңда өнердің бір ордасына айналған қазақ циркін сыйлаған, еліне сондай еңбегі сіңіп, табан етін сөгіп жүріп, маңдай терін төгіп тұрып қызмет еткен қайсар қыздың есімі ескерілмей келе жатқаны өкінішті. Тіпті, 100 жылдығына дейін ұмытыла бастағаны да ақиқат. Әйтеуір, ғасырға толған кезінде өнердің қара шаңырағы саналатын театр сахнасында еске алу кеші өтті. Сол кезге дейін неге басшылардың есіне түспеді екен, әйтеуір тағы сол ғасыр тойдың қарсаңында қазақ циркінен шағын мұражайы ашылған. Біреуді ақтау үшін екіншісін даттаудан аулақпын. Ақыры коллдежге қазақ ән өнернің жауһары болған Жүсіпбек Елебековтің есімін берді екен, неге сол оқу ғимаратының кіреберісіне жарқыратып жарқын бейнесін қойып қоймасқа. Екінің-бірі көре бермейтін жоғары қабаттан кішкентей ғана қуыс бергенше. Иә, Алматының етегіндегі «Өжет» ықшамауданы мен туған топырағы Ащыбұлақ ауылынан бір-бір көше берілген екен. Бірақ, қазақ өнері мен мәдениетіне осыншалық үлес қосқан жанның Кеңсайдағы мәңгілік мекенінде үнсіз жатқанындай, ол кісі туралы тірілердің де үнсіз қалғаны ұят-ау! Дәл бүгінгі әу дегеннің бәрі әнші боп, әншілерінің бәрі атақтан басы айналып, алмағаны ауырып қалатын, Абай атам айтқандай «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайданың» заманында соларды тәубесіне келтіретін, жаратылысы қыз да болса тау тұлғалы жанның өмірі мен өнегесін көзбен көріп, қолмен ұстайтындай дәрежеде дәріптеуіміз керек-ақ! Оған берілген ҚазССР-нің Халық әртісі атағы мен Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендері бүгінгідей бармақ басты, көз қыстымен немесе «тоқпағы қатты киіз қазықты жерге кіргізген» таныс-тамырының қолдауымен емес, осыншама еңбегінің өтеуіне берілгені ақиқат. Қыз баланы төрге оздырып, құрмет көрсету қанында бар қазақ елі Гүлжихан Қалиеваға келгенде неге жиырыла қалды екенбіз?! Мәдениет және спорт министрлігінің тізгінін жаңадан қолына алған Ақтоты Райымқұлова алдағы уақытта көптің тілеуі болып отырған осы бір ойды іске асырып, Алматыдағы қазақ циркіне осы шаңырақты өзі құрған Гүлжихан Қалиқызының есімін беріп жіберсе, туған елі «Мұның не?» дей қоймас еді-ау! Керісінше, Рахметоллақызына рахмет айтқаннан басқа бөгде сөз болмайтыны ақиқат! 
 

Жұматай ӘМІРЕЕВ